Жапония императоры Ахикито Токиодағы император сарайында өткен салтанатты жиында тақтан кететінін мәлімдеді. Ол – Жапония тарихында көзі тірісінде биліктен бас тартқан алғашқы монарх. ВВС-дің хабарлауынша, 85 жастағы Ахикитоның жоғары лауазымнан кетуіне денсаулығының нашарлауы себеп болған.
Жапония императоры ретінде сөйлеген соңғы сөзінде Ахикито отыз жылға созылған билігі кезінде үздіксіз қолдау көрсеткені үшін халыққа алғыс білдірді. Ахикито кешегі түннің ортасына дейін император қызметіндегі соңғы сағаттарын өткізді. Бүгіннен бастап, билік Ахикитоның мұрагері Нарухитоға өтті. Жапон қоғамында жаңа император тұсында басталған жаңа кезең «Рейва» (тәртіп пен үйлесімділік) деп аталады.Салтанатты жиын император сарайында өтіп, оған премьер-министр Синдзо Абэ, император мұрагерлері Нарухито мен Масаконы қосқанда 300 адам қатысты. Император отбасының символы саналатын мемлекеттік мөр, қасиетті қылыш пен бағалы тас ортаға әкелінді. Билікті тапсырудың қысқа рәсімі кезінде Синдзо Абэ императорға «Императордың жүрген жолын жүрегімізде сақтап, Жапония үшін жарқын болашақ құруға барымызды саламыз», – деді. Өз сөзінде император Жапонияға бейбітшілік пен өрлеу тілеп, ел ертеңіне үмітпен қарайтынын білдірді. «Жаңадан басталатын рейва кезеңінің жемісті әрі тұрақты болғанын қалаймын. Жапониядағы және әлемдегі барлық адамның бақытты болуын шын жүрегіммен тілеймін», – деді ол. Осыдан кейін жиналған жұртшылыққа бас иіп, ілтипат білдірген император әйелі Мичикомен бірге залдан шығып кетті.
Император екі бірдей отаны басынан өткерді. 2012 жылы жүрегіне ота жасатқан Ахикито, 2013 жылы қатерлі ісік диагнозымен тағы да дәрігерлер көмегіне жүгінген. Мінберден аз көрінетін император 2016 жылы сөйлеген сөзінде денсаулығына байланысты тақтан кеткісі келетінін айтқан. Қоғамдық пікірді зерттеу үшін жүргізілген сауалнамалар жапон халқының императорға шын жанашырлық танытып, жағдайын түсінетінін көрсеткен. Осыдан кейін Парламент император отставкасына рұқсат беретін заң жобасын қабылдады.
Нарухито – Жапонияның 126 императоры. Ол 1989 жылы әкесі Ахикитоның билікке келуінен басталған Хэйсэй дәуірін аяқтап, жаңа Рейва кезеңін бастайды. 59 жастағы Нарухито – Оксфорд университетінің түлегі. Оның 2001 жылы туған Айко есімді жалғыз қызы бар. Жапония заңдары әйел адамның император болуына рұқсат бермейді. Сондықтан Нарухито тақтан кеткен жағдайда, оның орнына Айконың туысқан ағасы Фумихито ханзада отырады.
Жапониядағы монархия – әлемдегі ең көне мұрагерлік басқару жүйелерінің бірі. Ғалымдар оның басталуын біздің заманымызға дейінгі 600 жылдар деп болжайды. Бұрын Жапония императорлары Құдайға теңестірілген. Бірақ Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Жапония капитуляцияға ұшырап, сол кездегі император Хирохито (Ахикитоның әкесі) өзін жеңілген халықпен бірге санап, императорды Құдай көру үрдісіне нүкте қойды.
Бұрын Жапония императорлары қарапайым халықпен өте аз кездесетін болған. Сондықтан болса керек, император Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жапония жеңілісін радиодан хабарлаған кезде, халық қатты таңғалған деседі. Кеше биліктен кеткен Ахикито Жапониядағы император туралы түсінікке біршама өзгерістер әкелді. Таққа отырғанына екі жыл толған кезде ол әйелімен бірге Нагасакиде жанартау атқылауынан зардап шеккен адамдар алдында тізерлеп отырып кешірім сұраған. Ахикито Жапонияның бейресми елшісі болып, дипломаттық қызметте әлем елдерін өте көп аралады. Оның тақтан бас тарту туралы мәлімдемесі алғашында 200 жылда бірінші рет болған оқиға деп қабылданғанымен, кейінірек NHK телеарнасы VIII-XIX ғасыр аралығында дәл осындай жолмен биліктен кеткен императорлар көп болғанын хабарлады.
Ахикитоға «Джоко» (Ұлы император) атағы берілді. Шетелдік ақпарат құралдарына пікір білдірген жапондықтар бірауыздан оны қимайтынын, адамдарға жанашыр басшы образы ел есінде мәңгі сақталатынын айтқан.