АСТЫҚТАН ТАПШЫЛЫҚ ТУЫНДАЙ МА?
Қазақстан – әлемдік астық өндіруші мемлекеттердің ішінде сегізінші орында тұрған ел. Ресей мен Украина және Қазақстан астық өндірісі көлемі жөнінен Еуразия құрлығында жетекші саналатындықтан, нарықтағы бағаға да әсер ете алады. Былтыр Мәскеу тарапынан мұнайлы елдердің ОПЕК ұйымы секілді астық жөнінде де ОПЕК құрайық деп ұсыныс тастауы да осы себептен. Былтыр егіннің түсімі аз болды дегеннің өзінде сыртқа 1,6 млн тонна арпа (299 млн доллар), 1,5 млн тонна ұн (362 млн доллар) саттық. Орталық Азияда Қазақстанның бидайы мен ұнына сұраныс жоғары. Биыл да сұраныс аз болмасы анық. Өйткені, халық саны көп мемлекеттер коронавирус індетінен шыққаннан кейін азық-түлікке сұранысты арттыруы әбден мүмкін. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың Үкімет отырысында келтірген есебіне жүгінсек, биылғы егіс алқабы – 22,5 млн гектар, бұл былтырғы көрсеткіштен 238 мың гектарға артық. Нарықта рентабельді майлы дақылдар алқабы 3 млн гектарды құрап отыр. Оған қоса, көкөніс-бақша дақылдары 19,3 мың гектарға, мал азығы 309 мың гектарға ұлғайтылған. Бұл – алдағы күннің қамы. Ал дәл қазіргі жағдайымыз қандай? Індет күшейіп, карантин созылып кететін күн туса азықтан тапшылық көрмейміз бе? Статистика комитетінің наурыз айының басындағы дерегіне сүйенсек, елімізде жиыны 9,7 млн тонна астық бар, оның 6,5 млн тоннасы азықтық, яғни ішіп-жемге деп сақтап отырған бидай. Егер әкімдіктер берген нақты есепке сүйенсек, Қазақстанда нан және нан өнімдеріне, макарон өнімдеріне тапшылық болады деуге қауіп жоқ. Қазіргі күні астық қоры ең көп сақталған аймақ Солтүстік Қазақстан облысы – 1,5 млн тонна, одан кейінгі орында Ақмола облысы (1,2 млн тонна) мен Қостанай облысы (1,1 млн тонна) тұр. Қалған өңірлерде сақталған қордың жиынтық көлемі – 1,2 млн тонна. Сәтін салса, алдымыздағы күзде диқандар биылғы жылдың өнімін алады. Оған дейінгі ішкі тұтынуға, яғни, күзге дейінгі бидайға қажеттілік 800 мың тонна десек, азық артығымен тұр. Осылайша, көктемгі егіске қажетті отын аз да болса арзандатылып берілетіні белгілі болды. Ендігі міндет мемлекет бөліп отырған көмектің қырдағы елге кешікпей жетуін қамтамасыз ету. Ауа райының қас-қабағын баққан фермер үшін әр күн қымбат. Үлкен қалалардың карантинге жабылып, аумақтарға блок-бекеттер қойылғаны жеңілдікпен берілген дизель отындарының шаруаларға дер кезінде жетуін шектемей ме деген де қауіп бар. Сондықтан жергілікті әкімдік жұмысқа бөгет мұндай тосқауылдарды тезірек реттеуі тиіс. Жигули ДАЙРАБАЕВ, Қазақстан фермерлері қауымдастығының – Президент өзінің үндеуінде банк басшыларына, қаржыгерлерге кезінде дағдарыс уақыттарында мемлекеттің оларға қолдау көрсеткенін айтып, енді оның қайтарымы туғанын жеткізді. Қазір ауылға, агроөнеркәсіпке көмек беретін сәт. Әлемдік қаржы дағдарысынан біздің елімізді ауыл шаруашылығы алып шығады. Қазақстанда 212 мыңға жуық фермерлік, шаруа қожалықтары жұмыс істеп тұр. Бұл үлкен мүмкіндік. Алайда олардың көбінің техникасы тозған, жабдықтары ескірді. Ауыл шаруашылығы өнімі көлемін көбейту үшін осы проблемаларды шешу қажет. Ең алдымен шаруаға қолжетімді несиені төменгі пайызбен ұзақ мерзімге және арзан бағамен ұсынып, керекті техника, құрал-саймандармен жабдықтауды қамтамасыз етуді жеделдеткен жөн. Дәл қазір фермерлермен, жергілікті әкімдіктермен хабарласып, мемлекет бөлген көмектің уақытында жетуін қадағалап отырмыз. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдері тарапынан да бірлескен шаралар қабылданып жатыр. Осындай ауқымды жұмыстар арқасында қиындықты еңсереміз деген сеніміміз мол. Мақсұт БАҚТЫБАЕВ, Қазақстан Ет одағының басшысы: – Qoldau жүйесінің ақпаратына сәйкес, елімізде көктемгі егістік жұмыстармен айналысатын субъектілер саны – 50 000. Аталған жұмысқа қажетті қаражаттың 80% олардың меншікті қаражаты, екінші деңгейдегі банктердің үлесі азаю үстінде. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы бюджеттік қаржыландырумен субъектілердің 13% ғана қамтылған (ол болса 22,5 млн га егістік алқаптардың тек 3 млн га), несие алу үшін банк кепілдігі керек. Бұл ретте АШМ деректері бойынша 23 млрд теңгеге тек 258 өтініш мақұлданды, қаржыландыру қарқыны өте төмен, кейбір облыстар егіс жұмыстарын бастап кетсе, басқалары дайындықтарын тамамдап қалды. Осы орайда, жылдың соңына дейін төленуге жоспарлап отырған барлық субсидияларды (шамамен 150 млрд теңге) мамыр айына дейін берген жөн, мүмкін егістік міндеттемелерге байланысты бірыңғай гектарлы субсидия ретінде беру керек шығар. Ал мал шаруашылығына субсидиялардың 70% алдын ала айтылған мөлшерде өнімді шығару кепілімен төлеуге болады. Бұл қаражаттар жемді алдын ала алуға мүмкіндік береді. Төтенше жағдай кезінде кейбір ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға тыйым салынды. Бұл өндірушілерге кері әсерін тигізіп отыр, өйткені экспорттан келетін валюталық түсім аса қажет. Біздің ұсынысымыз – азық-түлік экспортына квота механизмін енгізу. Ішкі нарық барлығымен қамтылады, ал артығы экспортқа кетеді. Бұл механизмді Үкімет тез арада енгізу қажет деп білеміз. Нұрлан НАЗАРХАНОВ, ШҚО Үлкен-Бөкен ауылдық округінің әкімі, бастауыш партия ұйымының төрағасы: – Қазір әлемді үлкен экономикалық дағдарыс жайлап тұр. Одан шығар жол қандай? Мен бүкіл қазақтың қаладағы кәсіпкерлеріне, әсіресе шоу-бизнестегі өнер жұлдыздарына, ауылға инвестиция салыңдар дегім келеді. Ауыл – қазақтың қара шаңырағы. Қазақта қасиетті ұғым – «шаңырағың шайқалмасын» деген тамаша сөз бар. Әрбір әулеттің үлкендері қайда жүрсе де, осы қара шаңыраққа көмек қолын созып отырған. Биыл жерде ылғал көп, өнім мол шығарына сенімдімін. Ауылға, жерге салған 1 теңге, күзде 5 теңге болып қайтады. «Алтын, күміс – тас екен, арпа, бидай – ас екен» деген халықпыз. Күзде бидайдың құны алтыннан да қымбат болатыны сөзсіз, сондықтан құрметті кәсіпкерлер, менің осы ойымды құптап, нақты іспен қолдасаңыздар нұр үстіне нұр болар еді!Бауыржан БАЗАР