Диқанға арзан дизель отыны керек

Диқанға арзан дизель отыны керек

«Ең алдымен, шағын және орта шаруа қожалықтарына қолдау көрсеткен жөн». Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халыққа үндеуінде ауыл шаруашылығы саласында уақыт оздырмай атқарылуы тиіс шараларды атап көрсетіп, Үкіметке бірқатар тапсырма берді. Иә, әлемдік коронавирус пандемия­сынан кейін елімізде төтенше жағдай жарияланып, барлық қозғалыс бір тәр­тіпке келтірілді. Үлкен қалалар каран­тинге жабылып, тұрғындардың қауіпсіз­дігі басты орынға қойылған. Десе де, коронавирус деп қарап жату – ауылдық жерге жүре қоймайды. Дала төсін емген диқан қауымы мен төрт түліктің үмесіне қараған ағайын қар кетісімен іске кірісіп кетті. Себебі агроөнеркәсіп – тәуекелі жоғары сала. Қорадағы мал мен қамба­дағы тұқым коронавирустың кеткенін күтіп тұрмасы анық. Президент көктемгі егіс науқанына «Қарапайым заттар экономикасы» бағ­дарламасы аясында қосымша 100 млрд теңге бөлуді тапсырды. Сонымен қатар Үкіметке дизель отынының нарықтық бағасын он бес пайызға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндеті жүктелді. Бұл орайда биылғы егіс науқанына 390 мың тонна дизель отыны жеңілдікпен сатылатыны белгілі болды. Төтенше жағдай кезеңінде мемлекет тарапынан қарастырылған мұндай жеңілдік шаруаға үлкен көмек болғалы тұр. Себебі жыл сайын фермердің қалтасына түсетін шығындардың 30%-ы дәл осы дизель отынының бағасына байланысты. Дизель отынының құны бензин баға­сымен алғаш 2016 жылы теңескен бола­тын. Сол жылы қыркүйек айында оның құны АИ-92 маркалы бензинімен бірдей шығып, біртіндеп оза берді. Мәселен, 2018 жылы шілде айында дизель оты­нының литріне орташа баға 181,6 теңге болса, 2019 жылдың шілдесінде 192,5 теңгеге жетті. Қазақстан – мұнайлы мемлекет. Бас­қа елдер секілді жанар-жағармайды сырт­тан сатып алмаймыз, өзімізде өн­дірі­леді. Еліміздегі мұнай өңдейтін үш ірі зауыттың барлығы да дизель отынын өндіреді. Ресми дерекке сүйенсек, 2019 жылы қаңтар-шілде аралығында Павло­дардағы мұнай өңдеу зауыты (МӨЗ) 1,1 млн тонна дизель отынын өндірсе, Аты­рау МӨЗ – 874,1 мың тонна, Шымкент МӨЗ 845,4 мың тонна өнім өндірген. Яғни, жеті айда 2 800 мың тоннадан аса дизель отынын өзіміз өндірсек те, ішкі нарықта құны арзандамаған. Мұның себебін Энергетика министрлігі көршілес Ресей мен Қырғыз Республикасында және Өзбекстанда дизель отыны қымбат болғандықтан, бізден тасып әкетіп, өзімізде тапшылық қалыптасатынымен түсіндіреді. Рас, әлемдік нарық өлшемімен ал­ғанда бөлшек саудадағы дизель отыны­ның біздегі бағасы анағұрлым арзан деп саналады. GlobalPetrolPrices.com порта­лының биылғы 30 наурыздағы дерегіне сүйенсек, бөлшек саудадағы дизель отының бағасы Қазақстанда 1 литрі 0,44 доллар деп белгіленіп, 162 мемлекеттің ішінде 16-орында тұр. Салыстыра кетсек, ол тізімде Өзбекстанда дизель отынының литрі – 0,57 доллар, Қырғыз Республи­ка­сында – 0,55 доллар, Ресейде – 0,59 дол­лар, Қытайда 0,72 доллар деп көрсе­тілген. Бізге жақын елдердің ішінде арзан бағамен алдымызда тұрған елдер – Әзер­байжан (0,35 доллар) мен Түркіменстан (0,39 доллар). Алайда көктемгі егіс, күзгі жиын науқаны кезінде солярканың құны қол жеткізбей кетеді. Үкімет аталған ке­зеңде экспортқа түрлі шектеулер енгізіп, шаралар қабылдадық дегенімен жыл сайынғы көрініс осы. Демек, мұнай өнімі көрші елдерге контрабандалық жолмен сатылып кетеді деген сөз. Түнеу­күні Пре­зи­дент Қ.Тоқаевтың жеңілдікпен боса­тыл­ған дизель отынының фермерге сол бағамен жетуін бақылауды Бас про­ку­ра­тураға тапсыруы да бекер болмаса керек.  

АСТЫҚТАН ТАПШЫЛЫҚ ТУЫНДАЙ МА?

Қазақстан – әлемдік астық өндіруші мемлекеттердің ішінде сегізінші орында тұрған ел. Ресей мен Украина және Қа­зақ­стан астық өндірісі көлемі жөнінен Еуразия құрлығында жетекші санала­тын­дықтан, нарықтағы бағаға да әсер ете алады. Былтыр Мәскеу тарапынан мұ­найлы елдердің ОПЕК ұйымы секілді астық жөнінде де ОПЕК құрайық деп ұсыныс тастауы да осы себептен. Былтыр егіннің түсімі аз болды деген­нің өзінде сыртқа 1,6 млн тонна арпа (299 млн доллар), 1,5 млн тонна ұн (362 млн доллар) саттық. Орталық Азияда Қазақстанның бидайы мен ұнына сұраныс жоғары. Биыл да сұраныс аз болмасы анық. Өйткені, халық саны көп мемлекеттер коронавирус індетінен шыққаннан кейін азық-түлікке сұра­нысты арттыруы әбден мүмкін. Ауыл шаруашылығы министрі Са­пархан Омаровтың Үкімет отырысында келтірген есебіне жүгінсек, биылғы егіс алқабы – 22,5 млн гектар, бұл былтырғы көрсеткіштен 238 мың гектарға артық. Нарықта рентабельді майлы дақылдар алқабы 3 млн гектарды құрап отыр. Оған қоса, көкөніс-бақша дақылдары 19,3 мың гектарға, мал азығы 309 мың гек­тарға ұлғайтылған. Бұл – алдағы күннің қамы. Ал дәл қазіргі жағдайымыз қандай? Індет күшейіп, карантин созылып кете­тін күн туса азықтан тапшылық көр­мейміз бе? Статистика комитетінің наурыз айы­ның басындағы дерегіне сүйенсек, елімізде жиыны 9,7 млн тонна астық бар, оның 6,5 млн тоннасы азықтық, яғни ішіп-жемге деп сақтап отырған бидай. Егер әкімдіктер берген нақты есепке сүйенсек, Қазақстанда нан және нан өнімдеріне, макарон өнімдеріне тапшы­лық болады деуге қауіп жоқ. Қазіргі күні астық қоры ең көп сақталған аймақ Сол­түстік Қазақстан облысы – 1,5 млн тонна, одан кейінгі орында Ақмола об­лы­сы (1,2 млн тонна) мен Қостанай об­лысы (1,1 млн тонна) тұр. Қалған өңір­лер­­де сақталған қордың жиынтық көле­мі – 1,2 млн тонна. Сәтін салса, алды­мыздағы күзде диқандар биылғы жылдың өнімін алады. Оған дейінгі ішкі тұтынуға, яғни, күзге дейінгі бидайға қажеттілік 800 мың тонна десек, азық артығымен тұр. Осылайша, көктемгі егіске қажетті отын аз да болса арзандатылып берілетіні белгілі болды. Ендігі міндет мемлекет бөліп отырған көмектің қырдағы елге кешікпей жетуін қамтамасыз ету. Ауа райының қас-қабағын баққан фермер үшін әр күн қымбат. Үлкен қалалардың карантинге жабылып, аумақтарға блок-бекеттер қойылғаны жеңілдікпен беріл­ген дизель отындарының шаруаларға дер кезінде жетуін шектемей ме деген де қауіп бар. Сондықтан жергілікті әкімдік жұмысқа бөгет мұндай тосқауылдарды тезірек реттеуі тиіс.     Жигули ДАЙРАБАЕВ, Қазақстан фермерлері қауымдастығының – Президент өзінің үндеуінде банк бас­шыларына, қаржыгерлерге кезінде дағдарыс уақыттарында мемлекеттің оларға қолдау көрсеткенін айтып, енді оның қайтарымы туғанын жеткізді. Қазір ауылға, агроөнеркәсіпке көмек беретін сәт. Әлемдік қаржы дағдарысынан біздің елімізді ауыл шаруашылығы алып шығады. Қазақстанда 212 мыңға жуық фермерлік, шаруа қожалықтары жұмыс істеп тұр. Бұл үлкен мүмкіндік. Алайда олардың көбінің техникасы тозған, жабдықтары ескірді. Ауыл шаруашылығы өнімі көлемін көбейту үшін осы проблемаларды шешу қажет. Ең алдымен шаруаға қолжетімді несиені төменгі пайызбен ұзақ мерзімге және арзан бағамен ұсынып, керекті техника, құрал-саймандармен жабдықтауды қамтамасыз етуді жеделдеткен жөн. Дәл қазір фермерлермен, жергілікті әкімдіктермен хабарласып, мемлекет бөлген көмектің уақытында жетуін қадағалап отырмыз. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдері тарапынан да бірлескен шаралар қабылданып жатыр. Осындай ауқымды жұмыстар арқасында қиындықты еңсереміз деген сеніміміз мол.   Мақсұт БАҚТЫБАЕВ, Қазақстан Ет одағының басшысы: – Qoldau жүйесінің ақпаратына сәйкес, елімізде көктемгі егістік жұмыстармен айна­лысатын субъектілер саны – 50 000. Аталған жұмысқа қажетті қаражаттың 80% олардың меншікті қаражаты, екінші деңгейдегі банктердің үлесі азаю үстінде. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы бюджеттік қаржыландырумен субъектілердің 13% ғана қамтылған (ол болса 22,5 млн га егістік алқаптардың тек 3 млн га), несие алу үшін банк кепілдігі керек. Бұл ретте АШМ деректері бойынша 23 млрд теңгеге тек 258 өтініш мақұлданды, қаржыландыру қарқыны өте төмен, кейбір облыстар егіс жұмыстарын бастап кетсе, басқалары дайындықтарын тамамдап қалды. Осы орайда, жылдың соңына дейін төленуге жоспарлап отыр­ған барлық субсидияларды (шамамен 150 млрд теңге) мамыр айына дейін берген жөн, мүмкін егістік міндеттемелерге байланысты бірыңғай гектарлы субсидия ретінде беру керек шығар. Ал мал шаруашылығына субсидиялардың 70% алдын ала айтылған мөлшерде өнімді шығару кепілімен төлеуге болады. Бұл қаражаттар жемді алдын ала алуға мүмкіндік береді. Төтенше жағдай кезінде кейбір ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға тыйым салынды. Бұл өндірушілерге кері әсерін тигізіп отыр, өйткені экспорттан келетін валюталық түсім аса қажет. Біздің ұсынысымыз – азық-түлік экспортына квота механизмін енгізу. Ішкі нарық барлығымен қамтылады, ал артығы экспортқа кетеді. Бұл механизмді Үкімет тез арада енгізу қажет деп білеміз.   Нұрлан НАЗАРХАНОВ, ШҚО Үлкен-Бөкен ауылдық округінің әкімі, бастауыш партия ұйымының төрағасы: – Қазір әлемді үлкен экономикалық дағда­рыс жайлап тұр. Одан шығар жол қандай? Мен бүкіл қазақтың қаладағы кәсіпкерлеріне, әсіресе шоу-бизнестегі өнер жұлдыздарына, ауылға инвес­тиция салыңдар дегім келеді. Ауыл – қазақтың қара шаңырағы. Қазақта қасиетті ұғым – «шаңырағың шайқалмасын» деген тамаша сөз бар. Әрбір әулеттің үлкендері қайда жүрсе де, осы қара шаңыраққа көмек қолын созып отырған. Биыл жерде ылғал көп, өнім мол шығарына сенімдімін. Ауылға, жерге салған 1 теңге, күзде 5 теңге болып қайтады. «Алтын, күміс – тас екен, арпа, бидай – ас екен» деген халық­пыз. Күзде бидайдың құны алтыннан да қымбат болатыны сөзсіз, сондықтан құрметті кәсіпкерлер, менің осы ойымды құптап, нақты іспен қолдасаңыздар нұр үстіне нұр болар еді!  

     Бауыржан БАЗАР