Дүйсенбі күні 3 миллионнан астам мектеп оқушысы қашықтан оқыды. «Еларна» мен «Балапан» арнасы мектеп тілінде сөйледі. Мұғалімдер желі арқылы сабақ түсіндіріп, оқушы ата-анасымен бірге жаңаны үйренбекке ұмтылды. Десе де, қашықтан оқытудың салмағы кімге түседі? Бағалау жүйесі өзгере ме? «Қараумен ноутбукқа таң атқан, не болып кеттің, IV тоқсан?». Иә, қазір мектеп оқушысы шырқап жүрген ән мәтіні осындай. Өйткені олар 1 сәуір күні онлайн оқуды сынақтан өткізді. Әлеуметтік желіде тау-тастың арасында ноутбук құшақтап отырған оқушы күйін көргенде, еріксіз ойға қаласың. Расымен, пандемия еліміздегі біраз саланың былығын бетпе-бет көрсеткенде, жүзді төмен салғанымыз бар.
Цифрлы технологияның қауқары
Білім және ғылым министрі сынамадан соң оқу жүйесінің стримингтік сабаққа дайын емес екенін мәлімдеді. 1 сәуір күні онлайн режимде 1 млн 250 мың оқушы дәріс алғанын, елімізде техникалық тұрғыда олқылық көп екенін алға тартты. Бір сөзбен айтқанда, оқушы мен ұстаз бір мезетте сабаққа қатысуға интернеттің қауқары жетпеді. Министр интернетпен толық қамтылмағандықтан, стримингті қолданбайтынын айтты. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі бас мұғалімнен мұндай жауап күтпеді білем. Ол да датын айту үшін баспасөз мәслихатын өткізді. Онлайн стримингтік жүйелер көп адамның бір мезетте кіруіне лайықталмағанын атап өтті. Мұның бәрі сынама сабақ кезінде белгілі болғанын, бейнебайланыс жүйелері ондай жүктемені көтере алмайтынын айтты. Асқар Жұмағалиевтің сөзінше, барлық елде мәселе бір. Сол себепті күні бұрынғы техникалық мүмкіндіктерді екі есеге арттыру қажет екен. Министрдің нұсқап тұрғаны – Zoom платформасы. Иә, платформа 3 млн-ға жуық оқушының жүйеге кіргенін көтере алмады. «А жоспары іске аспаса, Б жоспарына көшеміз» дегендей, Білім министрінің бес қаруы сай екені белгілі. Оқушылар онлайн оқымаса да, қашықтан білім алатынын мәлімдеді.Теледидарда сабақ қалай өтеді?
Хош, қашықтан оқытудың форматын министр бірнеше мәрте түсіндірді. Ата-аналар жаңа тоқсанның жырын игерсін деп әлеуметтік желіде онлайн-жиналыс өткізгені тағы бар. Оқушылар теледидар, радио, пошта мен интернет төрттігі арқылы білім алады. Жалпы, мұғалімнен тиісті тапсырмасын алып, видеосабақ қарап, білмегенін үйренеді. Bilimland,Daryn Online, Kundelik, Opiq.kz оқушыға сабақты барынша меңгеруге көмектессе, ұстаздар WhatsApp пен Telegram арқылы кері байланыс жасайды. Оған қосымша «Еларна» мен «Балапан» арнасынан 10 минуттық, барлығы 3 360 бейнесабақ түсіру жоспарланған. Қазір 500-ден астам бейнесабақ таспаланып, телеарна мен интернетке жүктелген. Жоғарыда теледидардан 10 минут бейнесабақ берілетінін жаздық. Телеарна 8 сағат бойы 1-11 сынып оқушыларына қызмет көрсетеді. Мәселен, «Балапан» арнасынан 8-сынып оқушыларына қазақ тілінен «Қазақтың бас театры» атты дәріс оқыды. Тыңдау бойынша Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры туралы мәтін оқып, «Еңлік-Кебек» пьесасынан үзінді берілді. Кейіннен «Жай сөйлемнің» түрлері туралы анықтама беріп, сәйкестендіру тесті экранға шықты. Арнайы уақыт беріп, артынша мұғалім дұрыс жауабын жариялады. Қысқа ғана түсіндіру жұмысы балаға алғышарт ретінде ұсынылған. Оқушы білімін бекіту үшін ары қарай платформаға өткені жөн.Үй тапсырмасы қалай бағаланады?
Қашықтан оқытудың салмағы мұғалімге түседі. Бұл айтпаса да белгілі. IV тоқсан басталмай жатып, желіде ұстазға алғыс пен қарғыс қатар жауды. Интернет жүктемесі, үй тапсырмасы, баға қою мен түгендеудің арасында жүрген олар шарасыз қалды. Алма Шынетқызының айтуынша, балалары қашықтан оқытуды қуана қабылдаған. Желідегі сабақтың басталуына 10 минут қалғанда Алмас пен Нұрай сақадай сай дайын отырады екен. Мұғалім оқушыларды түгендеген соң, жаңа сабақты түсіндіру басталады. Үй тапсырмасын орындап суретке түсіреді немесе видео арқылы жібереді. Ата-ананың сөзінше, интернет жиі қатып қалады. Десе де, олар Bilimland, Daryn Online, Kundelik-ке уақытында тіркелген. «Интернетпен оқығасын ба, балаларымның ынтасы жоғары» дейді Алма Шынетқызы.Пошта тасыған сұрақ-жауап
Елімізде дәстүрлі форматта білім алып жатқан 1 080 мектеп бар. Яғни, 60 мыңға жуық оқушы қашықтан оқытуға бас қатырмайды. Өйткені аталған мектептер шалғай елді мекенде орналасқан. Интернет сапасы нашар. Әрі мектептегі оқушы саны 80 баладан аспайды. Сондықтан олар екі ауысымда оқып, санитарлық талапты қатаң сақтауға тырысады. Ал сіз елімізде 1 200-ге жуық елді мекенде мектеп жоғын білесіз бе? 5-7 оқушысы бар ауыл бар. Әрине, осынша оқушы үшін мектеп салмайтыны белгілі. Тиісті білім алуы үшін оларды көрші ауылға таситын-ды. Қазіргі карантин жағдайында пошта қызметі мұғалім мен оқушы арасында дәнекер болмақ. Қалай, көзіңізге қалың қар астында қалған елді мекен елестеді ме? Жоқ, олай емес. Аулада – көктем. Тек адам саны аз, ұсақ ауылдарды қосу, жағдайын оңтайландыру бағдарламасының іске аспағанының белгісі. Не дегенмен, Қазпошта қызметі тапсырма мен жауапты уақытында жеткізсе болғаны. Осындайда еліміздегі инклюзив білім беру жайы еске түседі. Ол туралы министрлік нақты түсініктеме берген жоқ. Бейбіт күнде бұл мәселенің тасбақа күйде талқыланатынын ескерсек, төтенше жағдай кезінде тасада қалуы тосын жайт емес-ті. Айналаңызға қарасаңыз, сауалдан көз ашпайсыз. «Цифрландыруға бөлінген қаражат қайда? Цифрлы Қазақстан серверлік қуатты күшейтуге арналған бағдарламаның жайы не болды?» дейтін сауал көп. Білім министрі Аймағамбетовтің стримингтік білім беруге байланысты мәлімдемесін манипуляцияға балайтындар бар. Ал бар бағдарламаға сын айтар болсақ, электронды оқытуға бейімдейтін e-learning-тің тағдырына жауап берер біреу бар ма, Білім және ғылым министрлігі? «Ұстаздарымның қадірін білдім, компьютер деген тасжүрек екен». Оқушы қашықтан оқытудың алғашқы күні-ақ мұғалімнің қадірін түсінген сыңайлы. Әр қиындық қолда бардың бағасын арттыратыны белгілі. Дегенмен мәртебелі мамандық иелерінің қадірін төтенше жағдай кезінде ғана түйсінгеніміз өкінішті.