Коронавирус індетіне байланысты Тараз қаласының қақпасы да тарс жабылды. 7 сәуір күні сағат 00.00-ден күшіне енген карантин жүйесі бірқатар сақтық шарасын қатаңдатқан. Атап айтсақ, енді көне шаһар шеңберінен еркін қатынап тұруға және қаладан шығып-кіруге тыйым салынады. Бұл жайында Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев мәлім етті.
– Жамбыл облысындағы соңғы жағдайға байланысты Тараз қаласын карантинге жабу туралы шешім қабылданды. Ол үшін жедел штаб құрылып, арнайы байланыс телефоны іске қосылды.
Карантин кезінде медициналық, азық-түлік тасымалдайтын, құқық саласы мен төтенше жағдай машиналары және көктемгі дала жұмыстарына жұмылдырылған көліктерден басқасына қалаға кіріп-шығуға тыйым салынады.
Қоғамдық көліктер таңғы сағат 07.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін қатынайды. Жұмыс орнына баратын адамдардың қолдарында арнайы анықтама қағазы болуы қажет.
Отбасы мүшелерін қоспағанда қала көлемінде 3 адамдан артық жиналуға тыйым салынады. Кәмелеттік жасқа толмаған балалардың есік алдындағы ойын алаңына шығуына рұқсат жоқ.
Қаладағы мейрамханалар мен кафелер таңғы сағат 10.00-ден кешкі сағат 22.00-ге дейін тамақты тапсырыспен жеткізу қызметін ұсына алады.
Саябақ пен скверге де халыққа шығуға болмайды.
Алайда банк бөлімшелері, ломбард, Қазпошта, қонақүй және көлік дөңгелегін ауыстыратын бокстар жұмысын жалғастыра береді.
Осы шектеулер мен тыйымдарды бақылау үшін қалада 7 блок-бекет ұйымдастырылды. Карантин режимін сақтамағандар қатаң жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз.
Қала тұрғындары мен қонақтарын карантин кезінде сабырлылық сақтап, барынша үйден шықпауға шақырамын, – деді шаһар басшысы Айтқазы Дәулетқұлұлы.
Осылайша, карантин жүйесі күшейтіліп, жергілікті билік қатаң тыйым салу шарасына көшті. Бұған өткен аптада өңірде коронавирус індетін жұқтырғандар саны 28-ге бір-ақ өскені себеп болған. Естеріңізге сала кетсек, Жамбыл облысы бір түнде коронавирус індетін жұқтырғандар саны бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қызылорда облысын қоспағанда барлық өңірді артқа қалдырып, жексенбі күні 17 дерек бірдей тіркелген болатын.
Ресми ақпарат бойынша, төрт науқас «Дели – Тараз» бағытымен ұшып келген ұшақ жолаушыларынан анықталған еді. Сонымен қатар Қордай ауданында үш оқиға тіркелді. 1975 және 1982 жылы туған тұрғындар бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласынан келіп, індет табылған науқаспен байланыста болғандар. Ал 1999 жылы туған бір азамат 23 наурыз күні «Қостанай –Алматы» пойызы арқылы Қостанай қаласынан келген.
Жалпы, Қордай ауданынан алғашқы инфекция тіркелгеннен кейін шекарада бақылау күшейтіліп, күдік туғызған азаматтар стационарлық карантинге алына бастаған-ды. Міне, осы оқшаулауда жатқан 10 азаматтан індет табылып отыр. Оның алтауы – ел азаматы болса, төртеуі – Қырғыз мемлекетінің тұрғындары. Аталған 17 дерек бойынша қазір науқастар емдеу мекемелеріне жатқызылып, ем-дом қабылдауда. Жағдайлары қалыпты деп бағалануда.
Негізі өткен жұма күні түнгі сағат 22.30-да «Әулие ата» халықаралық әуежайына Үндістаннан келген ұшаққа қатысты қазір көп әңгіме айтылуда. Ұшақ бортында болған 106 адамның 91-і – қазақстандық болса, 15-і – қырғыз азаматтары. Жолаушылар сол түні арнайы жабдықталған медицина көліктері мен мамандардың көмегімен оқшауланып, ал 15 қырғызстандық шекарадан шығарылса да, халық 4 науқастың сол борттан табылғанына үрейленіп қалды. Біреулер «Бізге үйде отырыңдар деп алып, өздері ауруларды сырттан кіргізіп жатыр. Сонда карантин жағдайындамыз дегендері қайда?» деп ішкі назын білдірсе, енді екіншілер «Үндістан мемлекетінде жақындарың қалып кетсе қайтер едіңдер? Сондықтан бұған түсіністікпен қарау керек» деп сабырға шақырды. Үшінші бір топ «Үкімет шетелге шықпаңдар деп ескертті. Сыртта жүргендерге елге оралуға уақыт та берді. Енді осы кезге дейін Үндістанда не істеп жүр олар? Сана жоқ екен адамдарда» деп шетелде жүрген отандастарымыздың бейқамдығын сынады.
Бұдан бөлек, «15 қырғыз азаматы неге Таразға ұшып келеді? Оларды біз күтіп алып, неге елден шығарып салуымыз керек? Өздерінің елдерінде ұшақ пен әуежай құрып қалып па?» деп ашу-ызаға булыққандар болды.
Әрине, айыр қалпақты ағайынмен «ауылымыз аралас, қойымыз қоралас» жатқандықтан, әрі ертеден алыс-берісіміз жақсы болғандықтан билік дайын ұшақпен азаматтарын жеткізіп берейін деген шығар. Десе де, сол борттан түскен 4 азаматтан COVID-19 инфекциясы табылып отыр. «Енді қалған 87-і сау болса екен» деп қазір тараздықтар өз қауіпсіздігін ойлауда.
Соңғы аптада өңірде індет жұқтырғандар санының артуы Қордай ауданының қақпасына да қара құлып таңды. Енді ондағы ағайын да еркін қатынап жүре алмайды. Өзге өңірден бөлек, аудан арасында да байланыс үзілді. Жақын маңдағы елді мекендегі халық бір-біріне кіріп-шыға алмайды. Такси мен қоғамдық көлік қызметі толық тоқтатылған. Ауыл тұрғындарының еркін жүріп-тұруына шектеу қойылып ғана қоймай, көршісіне қонаққа баруға рұқсат жоқ. Ең бастысы, Қордай шекара бекеті күшейтілген режимге көшіп, шекараны шынжырлап отыр.
Әрине, мұндай сақтық шаралары тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқаны түсінікті. Оған қоса, COVID-19 инфекциясының Жамбылда алғашқы дерегі тіркелгеннен бастап, жергілікті билік індеттің сырттан келгенін айтып дабыл қағуда. Басшылар «ештен кеш жақсы» деп, сөзден іске көшкені қуантады. Бұдан нақты нәтиже шығады деген үміт басым.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы