Елімізде бастау алған #BizBirgemiz акциясының қолдауын Атыраудағы бір мыңнан аса отбасы көріп отыр. Қазақтың қайырымдылық қасиетін паш етіп отырған акция Nur Otan партиясының «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық» жобалары аясында мұқтаж жандарға арналған.
Бұған дейін де Nur Otan партиясының қолдауына ие болып, тұрмысының түзелуіне, денсаулығына қарауға мүмкіндік туған жандар қазіргідей қиын жағдайда алғашқы болып жеткен партия көмегіне алғыс айтуда.
Зейнеткер Ұлдай Мезизова да күні кеше акция аясында азық-түліктің мол қорын алып, ризашылық білдіріп отыр.
– Ақшамыз жетпейді. Баламның дәрісі қымбат. Өзімнің қан қысымым бар. Оның үстіне екі қолымды сындырып алып, ауруханадан шықтым. Мүгедек ұлыммен 10 жылдан астам уақыттан бері екі бөлмені жалдап келемін. Зейнетақы мен жәрдемақы дәрі-дәрмек пен пәтерақысынан аспайды. Nur Otan партиясы біздерге қиын жағдайда көмектесіп жатыр. Алғысым шексіз,– деген Ұлдай апа елімізге, халыққа амандық тіледі.
Қуантай БИСӘЛИЕВ, Nur Otan партиясы Атырау облыстық филиалының ұйымдастыру және бақылау бөлімінің меңгерушісі:– Атырау облысы бойынша 1 500-ден астам отбасыға 30 миллион теңгеге жалғызбасты қарттарға, тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар мен басқа да мұқтаж жандарға әлеуметтік пакет байланыссыз үлестіріліп, көмек көрсетілді. Оларды партия белсенділері мен Jas Otan Жастар қанатының еріктілері үлестіруде.Nur Otan партиясы Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен 80 жастан асқан 145 қартқа ыстық тағам таратылды. Атырау қаласының 7 санаты бойынша, атап айтқанда, тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар, мұқтаж мүгедектер, мүгедек баланы асыраушы отбасылар, жас мөлшері бойынша ең төменгі зейнетақыны алатын және халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарының тізіміне енгізілген зейнеткерлер, ата-анасы жоқ және асыраушысынан айырылған балалар, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оларға теңестірілген мүгедектер мен тыл қызметкерлерінен құрылған тізім саны 4 495 адам болды. Енді осы азаматтарға көмек көрсету жұмыстары атқарылуда. Ел басына күн туғанда көшбасшы партия азаматтарына осылайша қолдау көрсетіп отыр. Бұл – елдің рухын жанып, өмірге деген құштарлығын арттырады.Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,Атырау облысы