Бірлесе білген ел бәрін жеңеді
Бірлесе білген ел бәрін жеңеді
©Elbasy.kz
449
оқылды
Тәуелсіздік  жылдары ел өмі­рі­нің ең қиын да күрделі ке­зең­дерінде мен кез кел­ген мәселені қа­дірменді отан­дастарыммен бір­ге бүкпесіз, ашық талқыға са­лып, туған халқыммен үнемі ой бө­лісіп ке­лемін. Бүгінгідей бүкіл әле­м алаң күй кешіп, ұлт сау­лығы сы­нға түскен қазіргі сәт­те де бар­шаны сабырға, бай­салдылыққа ша­қырып, та­ғы да жұртыма ақ ті­леулі сө­зімді арнағалы отыр­мын. Тұтқиылдан келген жаман ін­дет – коронавирус дерті барша адам­затқа қауіп-қатер төндіруде. Қа­зірдің өзінде дүниежүзі бойын­ша 1,4 миллионнан астам жан осы сырқатқа шалдығып, ондаған мың адамның өмірі қиылды. Сон­дықтан әлем мемлекеттері қа­терлі дертке бірлесе дауа іздеп, бү­гінгі заманның бар күш-қуа­тын, ақыл-ойы мен ғылым-білі­мі­нің жетістігін ортақ мақсат жо­­лына бірлесе жұмылдырып, ын­тымақтаса әрекет етуде. Қазақстан қауіпті дерттің ал­дын алуға әлем елдерінің ең ал­ғашқыларының бірі болып кі­ріс­ті. Тиісті сақтандыру шаралары жа­­­салды. Мемлекеттік органдар ар­наулы дайындықтан өткізілді. Өзге елдерде вирус қалай пайда бо­лып, пандемия қалай өрбіп, өр­шігені бақыланды. Соның нә­тижесінде індеттің етек алып ке­туіне мүм­кіндігінше жол бе­ріл­мей, ахуал күн сайын тұрақты на­зарда ұсталып отыр. Жағдайды оңал­ту үшін көп жұмыс істелді, әлі де талай шаруа атқарылатын бо­лады.  Игі мақ­сат­тағы іс-ша­ралардың бәріне жер-жерлерде  бү­кіл халық болып қол­дау көр­сеткеніміз жөн. Тәуелсіздіктің ең алғашқы күн­дерінен бастап мен ұлы Абай ата­мыздың «Кімге достығың бол­са, достық достық шақырады» де­ген дана қағидасын басшы­лық­қа  алып, әлемнің барлық мем­ле­ке­­тімен арадағы келісім мен дос­­тыққа, өзара сенім мен ық­пал­­дастыққа негізделген саясат ұстан­­дым. Егемендіктің бастапқы жыл­дарында іргелес елдердің бә­рімен тату қарым-қатынас ор­на­тып, шекара мәселесін түбе­гейлі шеш­кеннен кейін түрлі деңгей­дегі ынтымақтастық ұйымда­рын құруға бастамашы болғанымның басты себебі де сол еді. Еуразия экономикалық ода­ғын, Шанхай ынтымақтастық ұйы­мын, Азиядағы өзара ықпал­дас­тық және сенім шаралары жө­ніндегі кеңесті құрып, Еуро­па­дағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымының тарихи сам­митін, Астана экономикалық форумы мен бүкіләлемдік ЕХРО көрмесін өткізу шараларының бәрі – Қазақстан мен дүниежүзі мемлекеттері арасындағы өзара дос­тық пен сенімге негізделген бай­ланысты, экономикалық ын­тымақтастықты нығайту үшін жа­салды. Өмірдің өзі, дәл бүгінгі қа­лыптасқан жағдай біз ұстанған бірігу мен бірлесуге негізделген сая­саттың бірден-бір дұрыс жол еке­ніне көзімізді жеткізіп отыр. Жаһан жұртшылығын әбі­герге салған пандемия жаңа бүкіл әлем­де экономикалық дағдарыс туғыз­ды. Алып кәсіпорындардың жұ­мысы тоқтады, көлік атаулы­ның қозғалысы шектелді. Мұнай­дың бағасы құлдырады. Ел мен ел арасындағы шекаралар жабылып, алыс-беріс тиылды. Мұның бәрі бұрын-соңды болмаған аса ау­қым­ды рецессияға әкеліп соқ­ты­рып, жұмыссыздықты көбейтіп отыр. Біздің Отанымыз Қазақстан – қазба байлықтарға, оның ішінде мұнайға бай ел. Мен «Бізде мұнай мен газ бар екен деп, үнемі соған тәуел­ді болған дұрыс емес» деп та­лай мәрте айтқанмын. Сон­дық­тан егемендік жылдары біз ел экономикасын әртараптандыру­мен болдық. Осы мақсатты жүзе­ге асыру үшін «Қазақстан – 2050» стратегиясын жасап, «Үдемелі ин­дустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында 1 000-нан астам жаңа кәсіпорын аш­тық. Соның арқасында әлем­дік бәсекеге қабілетті өнімдер шы­­ғарылып, елімізге жаңа тех­но­логиялар келді. Бұл еліміздің үшін­ші технологиялық жаң­ғыруы­на жол ашты. Ел аумағында бұрын-соңды болмаған теміржол, автокөлік жолдары салынды. Жүйелі жүргізілген реформа­лар нәтижесінде ауыл шаруашы­лы­­ғы да айтарлықтай дамып, Қа­зақстан өзін ет, сүт және тағы бас­қа да азық-түлік өнімдерімен емін-еркін қамтамасыз етіп қана қой­май, әлемдегі астық экспорт­таушы алғашқы алты мемлекеттің қатарына қосылды. Болашақ үшін, алда күтіп тұр­ған осындай алмағайып замандар сы­нағын еркін еңсеру үшін көп қар­жы-қаражат салып, зор жауап­­­­кершілікпен атқарылған бұл реформалардың дұрыс бол­ға­нын өмірдің өзі дәлелдеді. Біздің Ата заңымыздың 1-ба­бында: «Қазақстан Республика­сының ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі» деп нақты жа­зылған. Сондықтан елімізде ден­саулық сақтау саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінді. «Сала­матты Қазақстан» бағдарламасын қабылдап, барлық өңірде бұрын болмаған жүздеген заманауи ау­руханалар мен емханалар салдық. Елордада әлемдік деңгейдегі ең озық техникалармен жарақталған аса ірі ғылыми-медициналық орталықтар ашып, оның маман­дарын әлемнің ең дамыған елдерінде тәжірибеден өткіздік және «Болашақ» бағдарламасы аясында оқыттық. Осылай алдын ала қамданудың нәтижесінде ұлт денсаулығына қатер төндірген бүгінгідей қиыншылық заманда жұқпалы дерттің дәл диагнос­тикасын жасау, оның алдын алу, науқасты емдеу сияқты тиісті шараларды біздің дәрігерлеріміз жоғары кәсіби деңгейде атқаруда. Әрине, қалыптасып отырған жағдай оңай емес. Бұл – бүкіл әлем мемлекеттеріне түскен зор ауыртпашылық. Біз оны осындай сын сағатта септігін тигізетін хал­қымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқа­сында міндетті түрде жеңіп шы­­ғамыз. Ол үшін бізге қажетті нәр­­се – қаржы-қаражат, мате­риалдық ресурс, техника, азық-түлік – бәрі бар. Алаңдайтын, абыр­житын еш негіз жоқ. Әдетте, жұрт көңілі алаң осын­­дай кезді ел ішіне үрей таратып, байбалам салушылар өз мүддесіне пайдалануға тырысады. Мен халықты әртүрлі сондай азғырын­ды, арзан әңгімелерге еруден сақ болуға шақырамын. Шынымен, көптің қамын көздейтін адам ай­ғайшыл күшімен емес, игілікті ісімен қызмет еткені дұрыс. Ғай­бат пен байбалам орнына ғылым-біліммен шұғылданған абзал. Бүгінгі күрес даңқты қол­бас­шы Бауыржан Момышұлының: «Тәртіпсіз – ел болмайды, тәртіпке бас иген ел құл болмайды» деген қанатты сөзін еске салады және соны бекем ұстануды талап етеді. Өздеріңіз білесіздер, бұл пан­демияны көршіміз Қытай елі ұйымшылдығы мен темірдей берік тәртібінің арқасында ауыз­дықтай алды. Қазіргі Қазақстанды Кеңес Одағы ыдыраған өткен ғасырдың 90-жылдарындағы Қазақстанмен салыстыруға болмайды. Бізде осындай қиындық туғанда еш­кімге алақан жаймау үшін, ұрпақ қамы, ел болашағы үшін жинақ­талған Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 миллиард АҚШ доллары бар. Ретімен, үнемді пайдаланар болсақ, ол бүгін басымызға түскен тағдыр мен тарих сынынан еңсемізді тік ұстап өтуімізге мол мүмкіндік береді. Ел Президенті Қасым-Жо­март Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған таяудағы үндеуінде бар­лық әлеуметтік топтарға, кә­сіпкерлерге, ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін алуан түрлі көмек туралы жан-жақты мағ­лұмат берді. Егер Қазақстанның ұлттық экономикадағы қол жет­кізген табыстары мен жоғарыда аталған қор құрылмаса, мұның бірі де болмас еді. Кезінде соның бәрін таратып берейік дегендер де болған, бірақ өмір біз қабыл­даған шешімнің дұрыс болғанын көрсетті. Енді Үкімет пен жергілікті атқару органдары соны үнемді түрде, рет-ретімен орындауға кірісуі керек. Әр министр, әрбір облыс, қала және аудан басшы­лары жүйемен, тәртіппен, үйле­сіммен, нақты жоспармен, нық сеніммен әрекет етіп, уақытша қиындықтан шығуға барлық күш-қуатты жұмылдыруы қажет. Nur Otan партиясының мүшелері де осы бір сауапты істің алдыңғы қатарынан табылуы тиіс. Еліміздің ең үлкен байлығы – адам мен оның өмірі болғандық­тан, әрбір адам өзінің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жана­шырлықпен, ерекше жауапкер­шілікпен қарауы керек. Өйткені ұлт денсаулығы – мемлекет қауіп­сіздігінің құрамдас бөлігі. Дәл осы тұста бәрімізге хал­қымыздың әрдайым үлкенге – құрмет көрсетіп, кішіге – қамқор болатын абзал қасиеттері септігін тигізеді деп сенемін. Адамның өзіне деген сенімі – үлкен күш. Бұл бойымызға – қа­жыр, денемізге – қуат, жүрегімізге сенім ұялатады. Біз қазір көмекке аса мұқтаж қарияларды, арда­герлерімізді, көпбалалы аналар­ды, әл-ауқаты төмендерді, жұ­мысқа жарамсыз жандарды ерек­ше қамқорлыққа алуымыз керек. Халқымыздың бойындағы ұр­пақтан-ұрпаққа үзілмей жеткен ең ізгі қасиеттер бізді осыған үндейді. Дәл қазір бүкіл адамзат жо­лай­рықта тұр. Әлемдік геосая­сат­ты, экономиканы, экологияны, қоғам өмірінің сан алуан саласын қамтып, тізбектеле келген, бұ­рын-сонды болмаған пробле­малар әлем мемлекеттерінің қарым-қатынасын да өзгерте бастады. Үнді халқының ұлы гуманист қайраткері Махатма Ганди: «Әлемді өзгерту үшін әуелі өзіміз өзгеруіміз керек» деген екен. Кеше ғана бір-бірін аяқтан ша­лып, жағадан алып, «санкциялық соғыстарға» жол ашқан мемле­кеттер енді өзара көмек қолын созысуда. Бұл – жаһандық дең­гейдегі үлкен өзгерістің бастауы. Әлем тарихында ондаған жыл­дарға, тіпті жүз жылдан да астам уақытқа созылған талай соғыстар, шиеленісті жағдайлар мен кикілжіңдер орын алған. Мил­лиондаған адамдарды баудай түсірген індеттер де аз болмаған. Адамзат соның бәрін жеңген. Жан алқымнан алып тұрған бұл шырғалаңнан да шығамыз. Әлем­нің ең алпауыт мемлекеттері осы қиындықтан сабақ алуы керек. Кезінде Әйтеке би бабамыз: «Ел мұраты – көрешек, ер мұра­ты – келешек. Осыларды ойлаған – қоймас түбі сүйінбей» деген екен. Қандай керемет айтылған сөз! Дәл қазір бізге бүкіл адамзат өркениетін сүріндіретін емес, барша әлем халқын сүйіндіретін жаңашыл саясат керек. Кез келген қиындық адамды тығырықтан шығуға, өзгеше ойлауға, қалыптасқан жұмыс тәсілдерін жетілдіруге бастайды. Ал бұл ғылым мен технологияны дамытуға, сергек өмір салтын қалыптастыруға алып келеді. Бүгінде еңбекті ұйымдастырудың креативті әдістері, тіпті жаңа кәсіп түрлері шыға бастады. Қазір адамдар біртіндеп қағазбас­тылықтан арылып, қашықтан жұмыс істеу режиміне көшті. Осының бәрі бір кезде алдын ала жоспарланып, кеңінен ойлас­ты­рылған шаралардың арқасында ғана мүмкін болып отыр. Рухы мықты, өзіне сенімді адамды қиындықтар шынық­тырады. Сондықтан біз бойкүйез­діктен, сарыуайымнан, енжа­р­лықтан арылып, тығырықтан шығудың жолын іздеген бүкіл әлем халқымен бірге ширыға, шыңдала түсуіміз керек. «Бірлік жоқ жерде – тірлік жоқ» деген екен әйгілі данышпан Төле би. Береке-бірліктің ал­майтын қамалы, бағындырмайтын биігі болмайды. Біз үшін ата-ба­баларымыз ғасырлар бойы аңсап күткен, 30 жылға жуық уақыт бұ­рын қолымыз жеткен азатт­ық­ты мәңгі баянды етуден асқан мұрат жоқ. Қазақстан – халқымыз тату-тәтті және келісімде өмір сүріп жатқан ортақ шаңырағымыз. Алуандығымыз – бәсекелі және жаһандық әлемдегі біздің баға жетпес байлығымыз бен артық­шылығымыз. Тәуелсіздік жыл­дары қол жеткізген барлық табысымыздың қайнары – ең алдымен халқымыздың береке-бірлігі. Алла Тағала бізді осы бірлігімізден де, тірлігімізден де айырмасын. Мен сөзімді алдымен аға ұрпақ пен зиялы қауым өкілдеріне ар­наймын: халықты ынтымаққа ша­қырып, жақсылыққа, ізгі амал­дар жасауға, саламатты өмір салтын ұстануға үндеңіздер. «Ырыс алды – ынтымақ» екенін ұмытпаңыздар. Жастарды еңбек­ке, білім алуға, қатарының алды болуға тәрбиелеңіздер. Ұрпақ алдындағы жауапкершілік бізді осыған міндеттейді. Жаңа өскін – жас ұрпаққа айтарым: тәуелсіздік жылдары дүниеге келген сендер келер жы­лы орда бұзар отызға толасыңдар. Еліміздегі ең қуатты күш – өзде­ріңсіңдер. Аға ұрпақ сендер үшін қолдан келгеннің бәрін жасады, енді сендердің де күш-қайрат жұм­сайтын кездерің келді. Жа­мандықтан, жат әдеттен сақта­нып, игі істер жасауға ұмтылың­дар. Үлкенге – ізетті, кішіге – қам­қор, бір-біріңе дос болыңдар. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген Абай атала­рыңның өсиетін ешқашан естен шығармаңдар. Кәсіпкерлерге де арнайы ай­тарым бар: сіздер тәуелсіздіктің арқасында өз істеріңізді қалып­тас­тырып, аяқтарыңызға нық тұр­дыңыздар, мол дәулетке ке­нел­діңіздер. Енді «Мен еліме не бе­ремін?» дейтін кездеріңіз де келді. Осы орайда, менің өтінішім бойынша өз отандастарына қол ұшын беріп, қаржылай, заттай көмектесіп жатқан кәсіпкер азаматтар баршылық. Осы бір жарасымды үрдіс, игі іс одан әрі жалғасын табады деп сенемін. Ұрпақ пен дәстүр сабақтас­тығы болған жерде ғана игілік пен ізгілік қатар өркен жаяды. Осы қасиетті қағида әрбір қазақ­стандықтың жадынан, жүрегінен орын алуы керек. Маған небір қиын-қыстау күндерде ешқашан намысын бермеген, қашанда бірлігі бекем, пейілі кең, құшағы ашық, бауырмал халыққа басшылық ету бақыты бұйырды. Сондықтан қазіргідей алабұртпа көңіл жағдайында дана да дарқан халқыма – баршаңызға зор ризашылыққа толы осы сөз­дерімді жолдадым. Біз тәуелсіздік жылдары сан алуан қиындық пен дағдарысты бастан өткердік. Соның бәрінде мен анық жағдайды, түйткілді проблемаларды ашық түрде алда­рыңызға жайып салып отырдым. Сіздер маған үнемі сенім арт­тыңыздар, мен туған халқымның сол сенімінен ұдайы күш-қуат алдым. Сол үшін Сіздерге тағы мың да бір алғысымды білдіремін. Ұлт денсаулығы мен мемлекет қауіпсіздігі – бір-бірімен етене, егіз ұғымдар. Мемлекет бұл қиын­дықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды және тиісті ша­раның барлығын ат­қарады. Бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды. Біз – біртұтас ел, бірлігі берік жұртпыз. Мен әрқашан халқым­мен бірге болғанмын, бұл жолы да сіздермен біргемін. Біз біргеміз! Қиындыққа қа­йыспай, белімізді бекем буып, бе­реке-бірлігімізден айырыл­майық. Сонда ғана біз қастерлі тә­уелсіздігімізді сақтап, Қазақ­станды «Мәңгілік ел» болуға ла­йықты ете аламыз.