Ақмола облысында дауылдан ұшып кеткен шатырдың астында қалған адам қайтыс болды
Ақмола облысында дауылдан ұшып кеткен шатырдың астында қалған адам қайтыс болды
Фото: Интернеттен алынды
283
оқылды
Кешеден бері Ақмола облысында дүлей дауыл соғып, ағаштар құлап, тұрғын үй, ғимараттардың шатыры ұшты. Дауылдың екпінінен Көкшетау қаласында бір адам қаза тапты. Қайғылы оқиғаны Төтенше жағдайлар комитеті растады. Мамандардың айтуынша, Ұрымқай ауылында желдің екпіні секундына 28 метрге дейін жеткен. Сөйтіп, көлік тұрағының ұшқан шатыры 40 жастағы күзетшіні басып қалған. Қазақстан Республикасы ІІМ ТЖК дағдарыс жағдайларында басқару орталығының орынбасары Рустамбек Әмрин: «Сағат кешкі сегіздерде Бурабай ауданы Ұрымқай ауылында 1980 жылы дүниеге келген күзетшінің қайтыс болғандығы туралы мәлімет келіп түсті», – деді. Көкшетауда дауыл 2 тұрғын үй мен 2 әкімшілік ғимараттың шатырын ұшырып әкетті. Он аялдама мен жарнама бағаналары қираған. Бірқатар ауданда электр желілері үзілді. Мамандар қаладағы ахуалды реттеуге күш салуда. Қайта қалпына келтіру жұмыстарына 200 адам мен 11 арнайы техника жұмылдырылған. Дауылдан келген шығын анықталып, есептеледі.