Биыл жалға берілетін тұрғын үймен 12 600 отбасын қамтамасыз ету жоспарланған, соның ішінде 6 000 көпбалалы отбасы, 1 000 жас маман, 5 600 халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары санатына жататын кезекте тұрған адамдар.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтты.
– Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында 15 млн шаршы метр немесе 150 мың баспана салу жоспарланған. Мемлекеттік инвестициялар есебінен әлеуметтік жалға берілетін және кредиттік 38 300 пәтер (2,2 млн шаршы метр) сатып алынады және салынады. Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй салуға және сатып алуға 90 млрд теңге көзделген.
Ал кредиттік тұрғын үй құрылысына 2017 жылдан бастап 207 млрд теңге бағытталды. Осы қаражат әкімдіктерде револьверлік негізде айналымда, соның ішінде жыл сайын шамамен 101 млрд теңгеге тұрғын үйді іске қосуды қамтамасыз етеді, – деді вице-министр.