Денсаулық сақтау министрлігінің Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы мен БҒМ-ның Ұлттық биотехнология орталығының ұжымы COVID-19 инфекциясын анықтайтын ұлттық төл тест жүйесін ойлап тапқаны туралы жаңалық елді елең еткізді. Сарапшылар Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов болжаған 3,5 мың сырқат енді әшкереленуі мүмкін дейді. Тест-жүйелердің жетіспеушілігі сырқаттарды табуға біраз қолбайлау болуы мүмкін: шетелден мың-мыңдап, лек-лекпен елге оралып жатқан қазақстандықтарды, сондай-ақ коронавирус жұқтырғандармен байланыста болған, карантинге алынған адамдарды әлденеше рет тексеру үшін мұндай құралдардың мол қоры қажет. Ондай қор Қазақстанда бұрын болмады. Салдарынан, індет бүкіл әлемде бой бермей кең таралып жатқанда, тіпті 11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оның пандемияға айналғанын жариялағанда, коронавирустың бастапқы ошағы Қытайдың дәл іргесінде орналасқан Қазақстанда бірде-бір сырқат «тіркелмеді». Ресми дерек болмағанымен, кеселі барлардың елде жүргенін дәрігерлер түйсінсе керек. Алматы облысында және басқа өңірде осыған қатысты күдік білдірген дәрігерлердің «қауесет таратты» деп жазалануы, еліміздің сол кездегі бас санитарлық дәрігері, өз ісінің білгірі Жандарбек Бекшиннің 10 наурыздағы баспасөз мәслихатында шыдамай кетіп, «COVID-19 Қазақстанда 11-16 наурызда пайда болады» деп болжам жариялауы көп жайттан хабар бергендей. Ақыры жаңа коронавирус инфекцияcына (КВИ) шалдыққан алғашқы науқас мемлекетімізде тек 2020 жылғы 13 наурызда тіркелді. Енді, міне олардың саны 700-ге де жуықтап қалды.
Құрал болмай, қорғаныс жоқ
КВИ-ді зертханада айқындауға қажетті тест-жүйелерді бізге Ресей жіберді. Әрине, олардың саны шектеулі болды. Демек, төл реагентті әзірлемей, пандемия ұлттық қауіпсіздікке үлкен қатер төндіруі ықтимал. Онсыз індетке шалдыққан сырқаттарды анықтау мүмкін емес. Қазақстандық ғалымдар алға қойылған міндеттің үдесінен шығып, бір емес, екі түрлі тест-жүйе әзірлеп шықты. Оның көмегімен зертханалар өздеріне жолданған қан құрамында қауіпті вирустың бар-жоғын небәрі бес сағат ішінде растай алады екен. Әйтпесе, бұған дейін ресейлік құрал жарты тәуліктен астам уақыт күтуді талап еткен.Бір қызық дерек бар: ұлттық тестіні жасау үшін қазақстандық ғалымдардың бірден екі тобы бір мезгілде іске кірісіпті. Және оған дайындық осыдан екі айдай бұрын басталған екен: коронавирус ғалымдарға бұрыннан белгілі. Қос ведомствоның – Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрліктерінің биотехнологтары әртүрлі зертханаларда, бірақ бір шатырдың астында, яғни Алматыдағы орталық референс-зертхананың ішінде жұмыс істеді. Олар әзірлеген отандық бірегей жүйелерді осы зертхана мамандары сынақтан өткізді. Ол Қытайдан тараған індеттің жаңа түріне ұшырауы мүмкін деген күдікке іліккен, карантинге жабылған 2 мыңнан астам адамның қанын тексерді. Қорытындысында, жаңа диагностикалық реагенттер жоғары баға алды: қазақстандық тест шетелдік баламаларына қарағанда коронавирусқа әлдеқайда сезімтал болып шықты. Жақын арада, шамамен 2 ай ішінде алғашқы тест-жүйелер еліміздегі өзге зертханаларға таратылуға тиіс.– Тест-жүйе талдаудың әртүрлі кезеңін референс-бақылау жүйелерінен тұрады. Демек, зерттеудің барлық процесін бақылауға және сапаны қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалған «оң нәтижелердің» алынуын болдырмайды. Бұл тест шетелдік баламаларынан еш кем емес, барлық әлемдік стандарттарға сәйкес келеді, – деді журналистерге Ұлттық биотехнология орталығының алматылық филиалы директорының орынбасары Юрий Скиба.
Келесі қадам – вакцина жасау
Орталық Азияда әзірге бізден басқа бірде-бір ел COVID-19 диагнозын растайтын төл құралына қол жеткізген жоқ. Сондықтан қазақ елінің көмегі көршілес елдерге қажет болуы мүмкін.Мамандар осы өңірдегі ІІІ биоқауіпсіздік деңгейіндегі жалғыз зертхананың Алматыда бой көтеруі Қазақстанға бүкіл адамзаттың үрейін ұшырған қауіпті жаңа вирусты зерттеуге мүмкіндік бергеніне назар аудартады. Екі ел арасындағы келісімге сәйкес бұл нысан жобасын 2005 жылы толығымен АҚШ қаржыландырды және өңірде баламасы жоқ жабдықтарды жеткізді. Қатаң қорғалатын нысанда әртүрлі індеттердің штаммдары сақталады. Осы орайда, ресейлік саясаткерсымақтар мен ақпарат құралдары «бұл – Пентагонның лабораториясы» деп даурығып, елімізден одақтас ретінде оны жабуды талап етті. Озық елдердің бәрімен араздасқан одақтасының үндеуіне ермеген, көп бағдарлы саясатына адалдық танытқан мемлекетіміз дұрыс таңдау жасады. Нәтижесінде, Алматыдағы орталық референс-зертхана аясында терең зерттеулер жүргізіліп, отандық екі түрлі тест әзірленіп отыр.– КВИ-ге қатысты жағдай бұл лабораторияның қажет екенін көрсетті. Біз үшін биоқауіпсіздік – бірінші орында. Елде аса қауіпті патогендермен күрес жұмысы өрістеп келеді. Орталық ғимаратында теріс қысым орнатылған, яғни зертханадағының бәрі іште қалады, сыртқа шықпайды. Ауаға зиянды шығарынды шығарылмайды. Ал америкалық мамандардың мұндағы ақпаратқа ешқандай қолжетімділігі жоқ: АҚШ мамандары бізде жұмыс істемейді, – деді КТК арнасына берген сұхбатында Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының орталық референс-зертханасының директоры Ерлан Сансызбаев. Қазақстандық ғалымдар осы тест-жүйелерді жеткізу жөнінде алғашқы келісімшартқа да қол қойып үлгеріпті. Оның егжей-тегжейі белгісіз. Айтқандай, бұл реагенттер зертханалық диагностикаға арналған. Яғни, отандық тест тұрмыста пайдалану үшін дәріханаларға саудаға түспейді. Юрий Скибаның айтуынша, алда отандық ғалымдар COVID-19-ға қарсы вакцина әзірлеуге және оның өндірісін жолға қоюға кіріспек ниетте. Тестке қарағанда, вакцина мен дәрі жасау әлдеқайда күрделі. Ол бірнеше айға, тіпті екі жылға созылмақ. Оған дейін өзге елдер де шипасын тауып қалар. Дегенмен қазақстандық вакцина бәрібір керек. Себебі кейін індет қайта таралса, Қазақстан өзге елдерге тәуелді болып, жеткізілімнің басталуын күтуіне тура келмек. Ал адам өмірін сақтау үшін әр минут қымбат.
Вирус «шапқыншылығын» тойтарған ел
Қазақстандық аудитория КВИ-ді жеңген жалғыз ел ретінде Қытайды ғана біледі. Шын мәнінде, басқа да үлгілі тәжірибе жетерлік. Жаһандық проблемаларға қатысты зерттеу жариялайтын ourworldindata порталы қызықты дерек келтіреді: онда 20 наурызға дейін қандай елдің қанша азаматты коронавирусқа тексеріп үлгергені көрсетілген. Нақтылай кетсек, Оңтүстік Корея 20 наурызға дейін 316,6 мың, Германия – 167 мың, Ресей – 143,5 мың, Австралия – 113,6 мың, АҚШ – 103,9 мың, Ұлыбритания – 64,6 мың, Норвегия – 43,7 мың, Франция – 36,7 мың, Бельгия – 18,3 мың, Вьетнам мен Австрия 15,6 мың азаматын тексерді. Қалған елдерде тест жасалғандар саны 5 мыңға да толмайды. Бұл ретте Оңтүстік Кореяның тәжірибесі назар аудартады: ол коронавирусты он күн ішінде құрықтай алыпты. 29 ақпанда кәрістер елінде КВИ шарықтау шегіне жетті, сөйтіп бір тәулік ішінде 909 науқас тіркелді. Салдарынан, мемлекет әлемдік «қара тізімде» Қытайдан кейінгі екінші орынға орналасты. Ізінше індеттің өршуі күрт құлдырады. 7 сәуірдегі жағдай бойынша Оңтүстік Кореяда 10 мың 331 сырқат тіркелген. Қытайда бұл көрсеткіш 81 мың 740 оқиғаға, ал «көш» басындағы АҚШ-та – 367 мың 650, Испанияда – 136 мың 675, Италияда – 132 мың 547, Германияда – 103 мың 375, Францияда 98 мыңға жетті. Сарапшылар Кореяның феноменалды жетістігіне ұстын болған үш факторды атады, бұлар – жаппай тестілеу; вирусы болуы мүмкін азаматтарды қатаң қадағалау; қоғам алдында жан-жақты ашықтық. Негізі, «Таң самалы елінің» коронавирус инфекциясының басқа түрімен күрес тәжірибесі бар: 2015 жылы бұл ел Таяу Шығыста өршіген MERS індетінің ең ірі ошағына айналды: 16 мың адам карантинге жабылды, 38-і қайтыс болды. Осыдан сабақ алған оңтүстіккореялық мамандар сонда «жылдам тест» түрлерін әзірлеп, мол қорын жасап қойған көрінеді. Тағы бір сабақ – MERS індеті кезінде билік «дүрбелең туғызбайық» деп кесапатқа қатысты ақпаратты жасырған: елде қанша адам вирус жұқтырғаны, олардың қай ауруханаларда жатқаны құпияда ұсталды. Соның кесірінен, басқа науқастар коронавирусқа душар болған. Бертінде инфекциялық аурулардың алдын алу туралы заң қабылданып, ақпаратты жұртшылық үшін ашық ету туралы талап күшіне енді.ҚХР-дің Ухань қаласында коронавирустың жаңа түрі – COVID-19 таралғаны туралы алғашқы жаңалық 2020 жылдың қаңтарында мәлім болды. Оны ести сала Корея билігі «шұғыл ден қоюдың тәулік бойғы жүйесін» іске қосты және шың елінен келгендердің барлығын тексеруге кірісті. Мысалы, қаңтар айы басында Инчхон әуежайында дене қызуы жоғарылаған әйел дереу арнайы ауруханаға жолданды. Ақыры 20 қаңтарда одан жаңа коронавирус анықталды. Сол күні-ақ Инчхон мэриясы азаматтарды үйлерінде болуға, сыртқа тек қажеттілік болса ғана шығуды өтінді. Қалада барлық қызметкер қашықтан жұмыс істеуге көшірілді. 21 ақпанда Оңтүстік Кореяда бұқаралық шараларға тегіс тыйым салынды. Мектептер мен ЖОО-лар, балабақшалар, сауда орындары, парктер, спорт кешендері жабылды. Соның арқасында алғашқы сырқат анықталған қаңтар айынан ақпан айының соңына дейін жұқтырудың бар-жоғы 30 оқиға тіркелген.Алайда індеттің өрістеуіне билікке бағынбаған секта ықпал етіпті: тоталитарлық секта саналатын Шинхонджи шіркеуінің жақтаушылары көп адам жиналмауы керек деген үндеуге құлақ аспай, жаппай сиыну үшін Тэгу қаласына 10 мыңдай адамды жинаған. Оның ішінде 42 мүшесі Уханьнан келген. Кореяның «көркем көрсеткішін» нашарлатқан да осы болды. Содан соң карантинді бұзғаны және өзгелерге вирус жұқтырғаны үшін елде қылмыстық жаза енгізілді. Бүгінде 51 миллион халқы бар азиялық мемлекет пандемияға пәрменді тосқауыл қоюда. Онда күн сайын 20 мың «күдікті» адам тестілеуден өтеді. Дәрігерлер осы мақсатта деревняларға сапарлауда. Коян қаласында алғаш рет азаматтарға көліктен шықпай-ақ жол бойында сынақтан өтуге мүмкіндік берілді, бұл тәжірибені кейін Германия мен Ирландия қабылдады. Кореяның фармацевтикалық өнеркәсібі жылдам бейімделіп, тест жүйелерін орасан зор ауқымда шығарып жатыр. Жұқпалы дертті «жатырында» тұншықтырған елдер қатарына Тайвань мен Сингапур кіреді. Азия елдерінің ілкімді ісі өзгеге өнеге-ұлағат: халықтың тәртіпке бағынуы, биліктің үйлесімді қимылы, денсаулық сақтау жүйесінің эпидемияға қарсы жұмылуға дайындығы бұл күрестен табысты шығуға болатынын паш етеді.