Елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 700-ге жақындады. Оның ішінде 120 медицина қызметкері бар. Олардың 67-і коронавирус індетін жұқтырғандармен жұмыс істеген. Біреуі ауыр халде жатыр. 9 дәрігердің жағдайы орташа ауыр. Қалғаны жеңіл және симптомсыз жатыр. Өткен жұма күні ғана елімізде 28 медицина қызметкері коронавирус жұқтырғаны туралы хабарланған болатын. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов: «Медицина қызметкерлерінің сырқаттануына қатысты да көптеген сұрақ қойылады. Біз бұл фактіні жасырмаймыз. Карантин нысанында жұмыс істеп, вирус жұқтырған медицина қызметкерлерінің арасында 28 адам бар» деген еді. Арада екі күн өткен соң жұқпалы дертті жұқтырған дәрігерлер саны бірнеше есеге өсіп отыр. Әрине, кез келген адам сақтандырылмаған. Оның ішінде дәрігерлер де бар. Медицина қызметкерлері науқастармен тікелей қарым-қатынас жасайтындықтан олардың да өміріне үлкен қауіп бар. Олар бәрі қарақан басының қамын ойлап жүрген жоқ. Адам жанын қауіпті дерттен арашалап алу үшін жанталасуда.
Дерт жұқтырған 120 дәрігер
Бұған дейін Алматы, Нұр-Сұлтан қаласы дәрігерлерінің коронавирус жұқтырғаны туралы мәлімет шықты дедік. Олар кімдер? Қай жерде? Жағдайлары қалай болып жатыр? Осындай сұрақтардың жауабын білгісі келетіндер бар. Министрлік мұндай деректерді жасырып жатқан жоқ. Елордалық онкологиялық орталық пен «Мейірім» клиникасының дәрігерлері де жұқпалы дертті жұқтырған. Министр Біртанов «Мейірім» клиникасы дәрігерлерінің қауіпті инфекцияны көмек сұрап келген науқастан жұқтырғанын айтқан. Аталмыш мекеме қазір карантинге жабылған. «Басты мақсат – сол жердегі науқастарды емдеп, барынша қауіпсіздендіру. Бүгінде клиниканы кезең бойынша жабу үрдісі жүріп жатыр. Кейіннен толықтай дезинфекция шаралары жүргізілетін болады» деген министрдің сөзінде жауапкершілік салмағы жатыр. Дәрігерлер арасында алғашқы індетті жұқтыру оқиғасы 30 наурызда тіркелген. Ол – Атырау қаласының №3 емхана қызметкері. Дәрігер вирусты емделушіден қан алу кезінде жұқтырған. Сол күннен бастап барлық медициналық қызметкер қашықтан жұмыс істеу режиміне көшті. Осыдан кейін COVID-19 індетін жұқтырған дәрігермен байланыста болған екі әріптесі анықталды. Олар карантинге оқшауланған. Ал төртінші дәрігер де науқастан жұқтырған. Ол Атырау облыстық ауруханасында жұмыс істеген. Осыдан кейін мекеме екікүндік карантинге жабылды. Дәрігермен байланыста болған азаматтар да оқшауланған. Әзірге дертке шалдыққан 4 бірдей медицина қызметкерінің жағдайы жаман емес көрінеді.Әлемде дәрігерлер қалай күресіп жатыр?
Францияда коронавирус жұқтырған дәрігердің өз-өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат тарады. Онда «Реймс» футбол клубының дәрігері Бернар Гонсалес коронавирусқа жасатқан сынамасының нәтижесі оң болып шыққаннан кейін өзіне қол жұмсаған көрінеді. Бұл туралы ол өлер алдындағы хатында жазған екен. Реймс қаласының мэрі бұл хатты жариялаудан бас тартқан. Дәрігердің жасы 60-та болған. Ол әйелімен бірге өз үйінде оқшауланыпты. Коронавирус дәрігердің әйеліне де жұққаны анықталып отыр. Бұған дейін Италияда да 34 жастағы медбикенің өз-өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат шыққан еді. Одан 10 наурызда коронавирус инфекциясы белгілері пайда болып, карантинге жатқызылған екен. Науқастану нәтижесі расталғаннан кейін басқаларға вирус жұқтырудан қорқып, өзіне қол жұмсаса керек. Одан бөлек, бұл елде жұқпалы індеттен 100-ден астам медицина қызметкері көз жұмды. Көз жұмғандар арасында – 80 дәрігер, 20 медбике бар. Испанияда жұқпалы дерттен қайтыс болғандар арасында он шақты дәрігер бар. Оның арасында кезекші дәрігер, бір медбике, бір медбрат бар. Олардың дені жедел жәрдем қызметінде жұмыс істеген. Бұған дейін Испанияда 12 300 медицина қызметкерінің коронавирус жұқтырғаны анықталған болатын. Олардың 85 пайызында ауру жеңіл өткен әрі көпшілігі өз үйінде оқшауланып, карантин жағдайында болған.Дәрігердің індет жұқтырғаны күмәнді ме?
Әлеуметтік желіде бұған күмән тудырып жатқандар да бар. «Президентіміз вирус жұқтырған дәрігерлерге 2 млн теңге береміз» деген Жарлыққа дейін бірде-бір дәрігер ауырмаған. Әйтеуір «дәрігер жұқтырды» дегенді естімедім өз басым. Енді бүгін 120 дәрігер мен медицина қызметкері індет жұқтырды деген хабар тарап жатыр. Өмірдің мәні не?» деп жазады Самат Нұртаза есімді белсенді Facebook парақшасында. Ол ақша үшін ажырасқандардың да болғанын, енді 2 млн үшін дерт жұқтыруға баратындар да болатынын айтып өтіпті. Бұл әлеуметтік желіде жазылып жатқан әңгіменің бір парасы ғана. Мұндай пікір көптеп кездеседі. Бірақ дәрігер «2 миллион ақша» үшін осындай қадамға баруы мүмкін бе? Онда дәрігердің анты қайда қалды? Олар адам жанына араша боламын деп, жанталасып жүрген жоқ па? Мұндай қауіп-қатерге басын тіге қоймас. Өйткені ақшадан да биік құндылық бар. Дәрігер мұндай құндылықтан аттап кетпесі белгілі. Ал коронавирус дерті – адамзатқа берілген сынақ. Сол сынақтың дәл ортасында ақ халаттылар жүр. Бүгінгі жауапкершілік жүгі медицина қызметкерлеріне артылған. Егер олар бұл қауіпті дертті пайдаланып, ақша табамын десе, сертінен тайғаны болып саналмай ма? Денсаулық күзетінде тұрған дәрігерлер аты үрейлі дертпен күн сайын бетпе-бет келіп жатыр. Өз басын қатерге тігіп, қауіпті індеттің бетін қайтаруға барлық күш-жігерін жұмсап жатқан ақ халатты абзал жандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Жұқпалы індеттің аты айтып тұрғандай, қанша сақтық шарасы жасалса да дәрігерлер қауымына жұғып жатқаны өкінішті. Амал қанша? Төтеннен төнген бәлекеттен тезірек науқастар да, дәрігерлер мен қалың қауым аман шықса екен деген тілек бәрімізде.