Ажырасуға карантин кінәлі ме?
Ажырасуға карантин кінәлі ме?
477
оқылды
Қытайда карантин кезінде ажырасу көбейген. Коронавирус пандемиясынан кейін үйге қамалған ерлі-зайыптылардың дені екеуара сезімнің суынып кеткенін айтып, шағымдануда. ҚХР-дың Хунань аймағында наурыз айының ортасында айырылысу туралы арыз берушілер көбейіп кеткені сонша «сот орын­даушылардың су ішуге уақыты болмады» деп жазады Globalnews.ca басылымы. Жуырда әлеуметтік желілерде қазақстандық әйелді күйеуінің ұрып-соғып, бетін тіліп тастағаны жайлы ақпарат тарады. Бірден айтайық, бұл мақаламызда ажырасып жатқан жатжұрт азамат­тарының мұңын мұңдағалы отырға­нымыз жоқ. Десе де, әлемдік ақпарат көздері жаппай жазып жатқандық­тан, әуелгі мысалды сол елден келті­ріп отырмыз. Өйткені адамзат бала­сын бір қауыздың ішіне сыйғызғандай бүрістіріп, карантинге жабуға себеп болған COVID-19 вирусы Қытайдан шыққандықтан, халық саны көп мемлекеттегі әр жаңалыққа елең­деуге негіз бар. Globalnews дерегінше, 10 ақпаннан бері Хунаньда 311 не­келесу, 206 ажырасу оқиғасы тір­келген. «Адамның көптігінен ажы­растыру рәсімі 40 минут пен 1 са­ғаттың ішінде орындалып, жұптар­дың тағдыры шешілуде» деп жазады жоғарыда аталған портал. Бұл – бір қаладағы жағдай. Ал Bloomberg-тің жазуынша, Сиань және Дачжоу қалаларында да рекордтық көрсеткіш тіркелуде. Агенттікке пікір берген адвокат Стив Ли бұрын елде айы­рылысуға көзге шөп салу болса, қазір карантинде үйге сыймаудың салдары осыған әкеліп отыр. «Неғұрлым уа­қытын бірге өткізген сайын, соғұр­лым бір-бірін көрместей болуда», – дейді адвокат. Иә, Қытайға күлер жайымыз жоқ. Отбасындағы жанжал, шаңы­рақтың шайқалуы біздің елде де жиі көрініс тауып жататыны жасырын емес. Сәуірдің 1-і күні «Азаматтарға арналған үкімет» МК басқарушы ди­ректоры Мұрат Жұманбай Facebook әлеуметтік желісіне «Бүгін бір келін­шек 1414-ке «күйеуім менімен ажы­распақшы. Енді не істеймін?» деп ха­барласыпты…» деген жазба қал­дырды. Әуелгіде, күлкі күніне орай әзіл шығар деп ойлағанбыз. Пост астына жазылған коммен­та­рийлер де соны меңзеген. Дегенмен Мұрат Жұманбай пікірлерге жауап ретінде шынында да сондай қоңы­раудың тіркелгенін растап жазды. Одан бө­лек, әлеуметтік желілерде қазақ­стандық әйелдердің жедел жәрдемге хабарласып, күйеуінен зәбір көргенін, арашалауын өтінгені жайлы да жаз­балар оқыдық. Бұл енді күлетін жағдай емес, дәрменсіздіктен туған әрекет. Коронавирус панде­миясынан сақтанып, карантин шек­теулерінен соң көптеген мекемелер, кеңес беруші орталықтар жұмысын тоқтатқаны белгілі. Төтенше жағдай тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп жатқан қоғамның әлсіз топтарына қиындық тудыруда. Өкінішке қарай, елімізде төтенше жағдай жарияланып, карантинге жабылмай тұрып та ажырасу фактісі көп кездесетін. Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 4 аптада 120 жыныстық зорлық оқиғасы, 5 232 соққыға жығу, 48 суицид оқиғасы тіркеледі екен. Яғни, 1 айдың ішінде болып жататын әдеттегі жағдайдың түрі. Отбасында зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің құқығын қор­ғайтын «НеМолчиKZ» қорының же­текшісі Дина Смаилованың (әлеу­меттік желідегі есім-сойы – Дина Таңсәрі) айтуынша, елімізде күн сайын 218 әйел полицияға арыз­данады, олардың арасында ауыр жарақат алатындар көп. – Жоғарыда келтірген деректер карантиннен бұрын тіркелгендер. Ал қазіргі жабық уақытта ондай зәбір көрген жандардың құқық қорғау мекемелеріне шағымдануына мүм­кіндік жоқ. Олар қорқады. Оннан бірі ғана хабарласады. Сол себепті карантинде қамалып, үнсіз жағдайда қиындық көріп жатқан қыз-келін­шектерге көмек көрсетуіміз керек, – дейді Дина Смаилова. Елімізде қалыптасып отырған ахуалға байланысты «НеМолчиKZ» қоғамдық қоры әйелдердің қауіпсіз­дігі үшін де төтенше жағдай қабылдау керек екенін айтуда. «Біз Мемлекет басшысынан тұрмыстық зорлық бо­йынша тіркеуде тұрғандарды айрық­ша бақылауға алатын жеке Жарлық шығаруын сұраймыз. Екіншіден, мұндай жағдайға душар болған от­басын арнайы қызметкерлер 2 аптада бір рет аралап, жағдайымен танысуы керек. Соққыға жығылған әр әйел өзінің мемлекет пен қоғамның қор­ғауында екенін сезінуі тиіс. Қала және ауыл тұрғындарын тұрмыстық зорлық болса полицияға қалай ха­барласуын үйретіп, байланысты же­ңілдету. Қазір карантин жағда­йында бізге күніне 10-15 қоңырау түседі. Ауыр соққы алған қыз-келіншектердің көбі жарақатына байланысты ауруханаға баруға ко­ронавирус жұқтырып аламын ба деп қорқады. Полицияға хабарласқанмен пайда жоқ, олар мұндай жағдайға тұрмыстық жанжал деп қарап, ескерту берумен шектеледі. Ал поли­ция кеткен соң әйелдер тағы да зорлыққа тап болады. Сондықтан зорлық-зомбылықтың жазасын күшейтіп, қоғам болып араша түсуі­міз керек», – дейді «НеМолчиKZ» қорының же­текшісі.  

КОРОНАВИРУС КЕСІРІ ӘЛЕМДІ ӘБІГЕРГЕ САЛДЫ

Жер шарында жаппай індет тарап жатқан кезде қауіпсіздік үшін жаса­латын жалғыз қадам – карантин. Әйт­­се де, оның талабына шыдап, тәр­­тібіне көну оңай емес. Үйге қама­лу вирустан сақтану жолы болғаны­мен, төрт қабырға жанына сая, тір­лігіне тірек бола алмай жатқан адам­дардың жағдайы барлық мем­лекетте сезіліп жатыр. Әйтсе де, коро­навирус пандемиясы кезінде әр ел өз аза­маттарына түрлі жағынан моральдық қолдау көрсетіп бағуда. Мәселен, Малайзияның Әйелдер ісі бойынша министрлігі коронавирус ке­сірінен болатын келеңсіздіктің алдын алу бойынша өзгеше ұсыныс жасады. Яғни, билік әйел азамат­шаларды үйде әдемі киініп, боянып жүруге шақыр­ды. Интернетте #WomenPreventCOVID19 хэштегі арқылы тараған жаз­бада әйелдерге үй ішінде жайлы атмо­с­фера жасап, күйеуле­­рі­нің «бұр­қылдауына» жол бермей, әзіл­ді кө­бірек қолданып, дауыс ин­тонациясын құбылтып сөйлеуді ұсынған. Алайда министрліктің мұндай ұсынысын құптамай отырғандар бар. Тұрғындардың пікірінше, бұл кеңес «гендерлік стереотиптерді насихат­тайды». Желі қолданушылардың кейбірі биліктен мұндай хэштегті таратпауды талап етті. Ал Францияда карантин уақы­тын­да 200 000 әйел тұрмыстық жан­жалдың құрбанына айналғаны анықталған. Осыған байланысты ел билігі зорлыққа тап болғандарды құтқарудың шарасын қабылдады. 19 наурыздан бастап Францияда Әйел­дердің ынтымақтастығы федерация­сының 3919 нөміріне тегін әрі ано­нимді түрде хабарласуға мүмкіндік берді. Францияның Гендерлік теңдік мәселелері бойынша министрлігі өткен аптада қызметін жетілдіріп, жұмысын жандандырды. Осының арқасында соңғы күндері шағым­данушы әйелдер саны азайған. CNN агенттігі хабарлағандай, отбасында зорлық көрген жандарға көмек беру үшін Франция, Италия, Испания үкіметі жаңа мүмкіндік қарастырып жатыр. Қазір барлық елде карантин, тек азық-түлік дүкен­дері мен дәріханалар ашық. Сондық­тан жоғарыдағы мемлекеттер «маска 19» атты код сөзін ойлап тапты. Ка­рантинде үйде зорлық көріп отырған әйелдің аңдушысы қасында. Сол себепті құзырлы мекемелерге теле­фон шала алмауы мүмкін. Ол дәрі­ханаға барып, «маска 19» деген сөзді айтуы тиіс. Сол код бойынша оған қажетті көмек көрсетіледі.     ТҮЙІН: Абай атамыз «Қызықтан өзге қалсаң бос, қатының, балаң, досың бар» деп жазғанын білеміз. Осы нағыз қазіргі карантинге қатысты айтылған сөз секілді. Өзге қызықтан ажырап, өз-өзіңмен шектеліп қалған сәт. Әсі­ресе, тұтас тірлігі тоқтаған ірі қа­ланың тұрғындарына қиын-ақ. Десек те, карантин – түрменің казармасы емес. «Өз үйің – өлең төсегіңде» жа­тып, өткенге есеп беретін, болашақты бол­жайтын кез. Тіл үйренуге таптыр­мас уақыт – осы. Психологтер үйде отырған адам таңертеңнен кешке дейін айналысатын ісінің кестесін жасап, сол бойынша әрекет етсе ол да ермектің бір түрі екенін айтады. Десе де, барлық отбасында жағдай бірдей емес. Сон­дықтан «карантин талабын сақтай отыра жақындарыңызға, таныстары­ңызға жылы сөз арнап ха­барласып, жәрдем берген жөн», дейді мамандар. Ең бастысы, коронавирус індеті мәңгілік тұрмайтынын түсінген дұрыс. Басынан небір нәубетті өткізген қазақ халқы мұндайда «Көппен көрген ұлы той» дейді. Демек, көппен көрген қиын­дықтың соңында, көппен бірге қарсы алатын жақсылықтың да барын ұмытпағайсыз.  

 width=    Бауыржан БАЗАР