Әрине, төтеншеліктер су тасқынының алдын алу үшін барын салып жатқанын айтады. Бірақ әскери міндеттілерді су тасқынының алдын алуға жұмсау мүмкіндігін жоққа шығармайды. «Егер мұндай қажеттілік туындайтын болса, әрине біз оларды да жұмылдыратын боламыз. Әзірше оның қажеттілігі болмай тұр. Өзіміздің де қолымыздан келіп жатыр. Жергілікті атқарушы органдар, азаматтық қорғаныс органдарының бөлімшелері, Ұлттық ұлан бар, – деді Владимир Беккер.Комитет төрағасы әскери міндеттілерді су тасқынымен күреске жұмылдырудың қажеті жоқ екенін айтады. Бірақ оқиғаның қалай өрбитінін болжау қиын екенін де естен шығармаған дұрыс. Оның үстіне Төтенше жағдай қызметі әлі күнге қажетті техникалармен толық қамтамасыз етілмегенін де ескеру керек. Осыдан екі жыл бұрын олардың тиісті техникасының үлесі қажетті құрал-жабдықтың 34 пайызын ғана құрайтын. Одан бері әрі кетсе 50 пайызға жеткен шығар. Әйтпесе ол деңгейге де шыға қойған жоқ. Сондықтан бұл қызметтің қосымша адам күшіне бәрібір мұқтаждығы бар.
Айтпақшы су тасқыны демекші, тиісті құрылымдар қалыптасуы мүмкін жағдайдың алдын алу бағытында не істеп жатқандарын да айтқан. Төтенше жағдайлар комитетінің деректеріне қарағанда қазіргі таңда біз сөз басында айтып өткен үш облыста көктемгі қарғын судың қаупі сақталып отыр екен. Олар – Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары. Дегенмен жағдай тұрақты екенін айтады төтеншеліктер. «Су тасқыны Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында болуы ықтимал. Оның алдын алу мақсатында төтенше жағдайлар комитетінің аумақтық бөлімшелері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, су өткізу құбырларын тәулік бойы бақылауда ұстап отыр. Олар мұзды тазарту, еріген суды бұру және сору, бөгеттерді нығайту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр», – делінген комитеттің ресми хабарламасында. Мекеме мамандары сең жүріп, арналарды бітеп қалуы мүмкін аймақтарда жарылыс ұйымдастырды. Бұл туралы «Еліміздегі барлық өзенде 138 жарылыс жасалды, 14,73 тонна жарылғыш зат пайдаланылды. 11 807 шақырым арық пен арналарды тазалау жұмыстары жүргізілді» дейді мамандар.Сонымен қатар комитет мәліметі бойынша өңірлерде 168 435 шақырым қорғау бөгеттері салынған. Су тасқыны қаупі жоғары 426 шақырымға созылған өзен арнасының жағалары бекітіліп, түбі тереңдетілді. 186,7 шақырым су бұру арналарын орнату, еріген суларды сору бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр екен. Қысқасы, су тасқынының алдын алуға барымызды салып жатырмыз. Ал бұл іске әскери міндеттілер тартылар болса, ол да қажеттілік. Әскери міндеттілердің еңбегі елеусіз қалмайтыны тағы бар. Ақысы төленеді.
Ардақ СҰЛТАН