– Бірінші транш бойынша Үкімет резервінен 73,5 миллион теңге бөлінген болатын. Бұл қаражатқа медицина қызметкерлеріне жеке қорғаныс құралдары мен науқастарды емдеу үшін дәрі-дәрмек сатып алынды. Одан кейін 94,5 миллион теңге әкімдік тарапынан бөлініп, жеке қорғаныс құралдары, дезинфекциялау құралдары сатып алынды. Үшінші рет 1 миллиард 300 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражат жеке қорғаныс құралдары мен залалсыздандыру құралдарын, антисептик, дәрі-дәрмек сатып алуға жұмсалды, – деді ол.Сәуірдің 7 күнгі есебі бойынша, Алматыда коронавирус жұқтырудың 119 жағдайы тіркелген. Мегаполисте емделіп жазылғандардың саны – 21. Оның айтуынша, қазір 80 науқастың жай-күйі қанағаттанарлық болса, 2 ересек адамның жағдайы өте ауыр. Олар жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. 13 ересек адамның жай-күйі орташа ауыр, оның ішінде облыс тұрғыны бар. Онлайн-брифингке қатысқан Алматы қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова да қазіргі ахуалды барынша баяндауға тырысты. Қазір көпшілікті коронавирусты анықтайтын экспресс – тесттен ең алдымен кімдердің өтетіні қызықтырып отыр.
– Ең алдымен алдыңғы шепте жұмыс істеп жүрген медицина, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, дезинфекция жасап жүргендер және волонтерлер өтеді. Сонымен қатар арнайы сайтта анкета толтырып, өтінім бергендер өте алады. Яғни тесттен өтуі керек деп танылған адамдар ғана тексеріледі. Алдын ала өтінім берген азаматтың телефонына қай күні, қай жерде тесттен өтетіні туралы хабарлама келеді» – деді ол. Сонымен қатар Айзат Молдағасымова қалаға экспресс – тест құралдары жеткізіліп, арнайы 8 орын белгіленгенін атап өтті. – «Олимп» сынақ алатын 5 орынды дайындады және қайырымдылық қоры тарапынан 3 орын белгіленді. Бұлардың бәрі санитарлық-эпидемиялық талаптарға сай, – дейді департамент басшысы.Брифингте Алматыда коронавирустан қайтыс болған азаматтарды жерлеудің жаңа ережелері бекітілгені де айтылды. Марқұмдар мамандардың қатысуымен арнайы бөлінген аумаққа жерленеді. Бұл ереже еліміздің бас санитарының нұсқауымен жасалған. Ал имамдар сақтық шараларын назардан тыс қалдырмауды ескертеді. Елімізде инфекциялық дертті жұқтырғандардың қайтыс болған дерегі тіркеліп, қазіргі ем-дом алып жатқандардың қатарында жағдайы ауыр болып тұрғандардың бар екенін ескеріп, аты жаман дерттен қайтыс болғандарды жерлеудің жаңа ережесі жайлы да айта кетуді жөн санадық. Қауіпті індеттен қайтыс болғандардың денесі туыстарына берілмейді. Қауіпсіздік мақсатында мәйітханада марқұмның денесі ашылмайды. Ал ақтық сапарға шығарып салуға туыстарына бар-жоғы 1 сағат қана уақыт беріледі. Оның өзінде тек әйнек сыртынан қарауға ғана. Тағы бір шарт – жерлеуге тек ет жақындары шақырылады. Ал олардың саны 7 адамнан аспауы керек. Жерлеу рәсімінде эпидемиолог мамандар жүреді.
– Штабтың шешімі бойынша жерлеу рәсімінің алгоритмін қайта пысықтадық. Онда мәйітті қалай және қайда көму керектігі, ең бірінші қайда хабар беру жайлы егжей-тегжейлі жазылған. Алғаш болып кімдердің іске кірісу керегі айтылған. Ал қалғанын еліміздің бас санитарының қаулысымен жасадық. Ол жуық арада көпшілікке таныстырылды, – деді қалалық Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова. Қауіпті індеттен көз жұмғандардың денесі арнайы қоспамен өңделеді. Кейін полиэтиленді пакет пен ауа өткізбейтін тығыз матаға оралады. Сондай-ақ марқұмның бетін ашуға да тыйым салынған.Тиісті мамандар Алматыда науқастарды қабылдайтын орынның жеткілікті екенін айтады. Оның үстіне Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкентте тез салынатын инфекциялық ауруханалардың құрылысы басталып та кетті. Оның үстіне бұл ауруханаларда арнайы ауа баптағыш пен желдеткіш жұмыс істейді. Бұл аты жаман ауруға шалдыққандарды оқшаулап қана қоймай, оларды емдеп жүрген дәрігерлердің де қауіпсіздігіне пайдасын тигізбек. Сонымен қатар Бас әскери клиникалық госпитальдің анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесі даярлыққа келтірілді. Ол аталмыш пневмонияның ең күрделі жағдайын, соның ішінде вирус жұқтырғандарды емдеуге мүмкіндік беретін заманауи өкпені жасанды желдету құралдарымен жабдықталған. Бөлімшенің жеке құрамы қажетті қорғаныс құралдарымен және 2-3 дәрежелі қорғаныш киімдерімен қамтамасыз етілген. Күн сайын COVID-19 вирусын жұқтырған науқастардың келіп түсуі жағдайында әрекет алгоритмі бойынша медицина мамандарына сабақтар мен арнайы тренингтер өткізіледі. Бұдан бөлек, әскери госпитальдер мен лазареттерде дайындалған жұқпалы аурулар бөлімшелеріне қосымша Алматыдан 30 шақырым жерде заманауи мобильді далалық госпиталь ашылды.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ