Ертеңнен бастап Жамбыл облысы карантинге жабылады. Бұған дейін Тараз қаласы мен Қордай ауданының қақпасына қара құлып ілінсе, енді облыс шеңберінде көліктер мен адамдар қатынауына шектеу қойылады. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингте облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков мәлім етті.
– Бүгін біз үшін жауапты сәт туып отыр. Коронавирус індетінен әлемде 1,5 миллион адам ауырса, оның 20 мыңы көз жұмды. Өкінішке қарай, бұл дерт Жамбыл облысын да айналып өткен жоқ. Қазір өңірде инфекция жұқтырғандардың саны 45-ке жетіп отыр. Осы орайда біз 9 сәуір сағат 00:00-ден аймақты карантинге жабу туралы шешім қабылдадық. Облыстық бас санитарының Қаулысы бойынша өңірге автокөліктердің кіріп-шығуы мен адамдардың жүріп-тұруына қатаң шектеу қойылады. Медициналық және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары, авариялық-құтқару және коммуналдық қызметкерлер, құқық қорғау органдары, фармацевтикалық компаниялардың, қызметтік және жеке автокөліктерде отбасы мүшелері және бөтен тұлғаларсыз медициналық мекемелердің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін зертханалардың қызметкерлері мен мамандары, көктемгі егіс және басқа да ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу үшін қажетті тұлғалар мен автокөлік құралдары, жерлеу рәсімі кезінде мәйітті таситын 3 бірлік көліктен аспайтын және салт-жоралғыларды атқару қызметкерлері мен марқұмның жақындарын қосқанда 10 адамнан көп емес тұлғалар, тиісті анықтама құжаттары болған жағдайда, тұрғылықты жеріне оралу үшін келетін-кететін адамдардан басқа автокөліктер мен азаматтардың қозғалысына тиым салынады.
Қоғамдық көліктердің қозғалысы да келісілген кестеге сәйкес таңғы сағат 07:00-ден 10:00, 12:00-ден 15:00, 17:00-ден 20:00-ге дейін шектетіледі. Оларға жеке қорғаныш заттарымен қамтамасыз етілген жағдайда ғана рұқсат беріледі. Такси қызметі арнайы тіркелген ұйымдармен, тиісті материалдық техникалық санитарлық гигиеналық жағдаймен қамтамасыз етілген автокөлік құралдарында ғана көрсетіледі.
Алайда жанармай құю станциялары, қаржы институттары, банктер, банктік айырбастау пункттерінің штаттық режимде жұмыс істеуіне рұқсат етіледі, –деген Бекболат Серікбекұлы бұл уақытша және мәжбүрлі шара екенін баса айтып өтті.
Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары карантиндік жағдайға байланысты тұрғындардан көптеген сауалдар келіп түсіп жатқанын тілге тиек етіп, оның бірқатарына тоқталды.
– Қазір қаладан ауданға, ауданнан қалаға қатынап жұмыс істейтін қызметкерлердің жұмысқа келу мәселесіне қатысты көп сұрақтар келіп түсуде. Біз жұмыс берушілермен сөйлесіп, егер олар өз қызметкерлерін бір автобусқа отырғызып, таңертең алып кетіп, кешке әкеліп тастайтын болса және барлық санитарлық талаптарды сақтаған жағдайда жұмыс жасауларына рұқсат беретіндіктерімізді айттық. Алайда егер сол жұмысшылардың арасынан инфекция жұқтырған адам табылатын болса, онда оған мекеме басшысы жауап береді. Негізі бұл жүйені біз екі күн бақылаудан өткізіп көреміз. Егер тиімділігін дәлелдей алмаса, аудандағылар ауданнан, қаладағылар қаладан шықпай жұмыс жасау режиміне көшеді. Бұл қоғамдық көліктерге де қатысты. Жаңадан бекітілген кестеге байланысты қоғамдық көліктердің жұмысы жүйесін таппаса, онда оның да қызметін тоқтатамыз, –деді Б.Серікбекұлы.
Өз кезегінде сөз алған облыстың бас санитарлық дәрігері Ғазиз Надуев та карантин талаптарына тоқтала келе, бұл тұрғындардың қауіпсіздігі мен саулығы үшін қабылданып отырған шаралар екенін ескертті.
Ал брифингті қорытындылаған Бекболат Орынбеков аймақта тіркелген 45 коронавирус індетінің 11-і шекара асып келгенін, 6 дерек Дели-Тараз ұшағынан тіркелгенін, Қордай ауданы дерт жұқтырғандардың саны бойынша көш бастап тұрғанына алаңдаушылық білдіріп, ортақ мүдделі істе жұдырықша жұмылып, үйден шықпай, билік өкілдеріне бұқараның қол ұшын беруін сұранды. Сондай-ақ Бекболат Серікбекұлы коронавирустан кейінгі күнді де ойлауымыз қажеттігін тілге тиек етіп, биылға жоспарланған мемлекеттік бағдарламалар аясындағы жұмыстарға 90 миллиард теңгеден астам қаржы қаралып отырғанын құлағдар етті. Және бұл сома әлемдік пандемиядан кейінгі өңір экономикасы мен тұрғындардың тұрмыстық жағдайын түзету үшін жұмсаланатынын жеткізді.