«Аманат» ұйымы құрылды
«Аманат» ұйымы құрылды
373
оқылды

9 маусымға белгіленген кезектен тыс президент сайлауының ашық әрі әділ өтуін қадағалайтын «Аманат» азаматтық алаңы құрылды. Қоғам белсенді­лері, сарапшылар мен журналистерден құрылған топ сайлау науқанында кандидаттар теңдігі бұзыл­мауын қадағалап, сайлау күні дауыс берушілер құқы­ғы сақталғанын бақылайды. «Аманат» азаматтық алаңы­ның өкілдері баспасөз конференциясында өз жұмыстарының бағыты мен негізгі мақсаттарын түсіндірді.

Сайлауға бақылау жүргізе­тін ұйым құру туралы идея автор­ларының бірі Мұрат Әбенов «аманат» сөзінің қазақ үшін ма­ңызына тоқталып, алдағы сай­лау­да халық мүддесін қорғауға күш салатындарын айтты. 
– Соңғы кезде қоғамда сайлау науқанына қатысты белсенділік артып келеді. «Сайлау қалай өтеді?», «Дауыс беру процесі заң талаптарына сай бола ма?» деген сұрақтар халықты көп мазалап жүр. Сайлауға тіркелген сегіз кандидаттың тәжірибесі, қолда бар ресурстары, оларды ұсынған ұйымдардың мүмкіндіктері әр­түрлі. Сондықтан сайлауалды нау­қан кезінде барлық кандидатқа тең мүмкіндік  берілуі керек. Осы процесте заңбұзушылықтар бол­мауын қадағалаймыз. Сайлаудың ашық әрі әділ өтуі туралы ұсы­ныс пен пікір көп болды. 22 сәуір күні Нұр-Сұлтан қала­сында қоғам бел­сенділерімен бас қосып, осындай ұсыныстарды жинадық. Солар­дың негізінде «Аманат» азамат­тық алаңын құру туралы шешім қабылданды.
«Өңірлік депутаттар одағы» қоғамдық қорының жетекшісі Андрей Кудеевтің айтуынша, сайлау учаскелерінің дайындығын тексеру де аса маңызды. – Кандидаттар халықпен жұмысқа, үгіт-насихатқа тең дә­режеде қол жеткізуі керек. Қазір 9 970 сайлау учаскелері құрылды. Бұл учас­ке­лерде мүмкіндігі шек­теулі жан­дардың дауыс беруіне жағдай жасалған ба? Өткен жылғы дерек­ке сәйкес, елде 550 000 ішкі миг­рант болған. Олар дауыс беру­ші­лер тізімінде бар ма? Осы мәсе­ленің бәрін зерттеп, деректерді әлеуметтік желі арқылы халыққа таныстырып отырамыз. Элек­то­ралды кезең –  халықтың кан­ди­даттарға өзекті сауалдарын қо­йып, сайлауға түсушілердің олар­ды тыңдайтын кезі. Біздің алаңға жиналған белсенділердің әлеу­меттік желіде оқырманы көп. Сон­дықтан олар көтерген мәсе­леге қоғам назарын аудару оңай, – дейді ол. 
Qmed инновациялық меди­цина ұлттық палатасының жетек­шісі Әкім Тұрсынов Қазақстан бұрын-соңды сайлауды жаз мез­гілінде өткізбегеніне назар ауда­рып, сайлау учаскелерінің талапқа сай жұмыс істеуін қада­ғалау қа­жетіне назар аударды.  «Аманат» азаматтық алаңы өкілдерінің бірі Лима Диас аза­мат­тардың саяси сауатын ашуға баса мән берілетінін, бұл бағыт­тағы ақпараттық жұ­мысқа БАҚ та­ра­пынан қолдау күтетінін айтты.
«Аманат» азаматтық алаңы өз жұмысын бес бағытта жүргізеді. Ұйым өкілдері сайлау процесін бақылау дауыс беру күні сайлау учаскесінде болудан ғана емес, оған дейінгі кезеңді де мұқият қадағалаудан тұратынын айтады. Сондықтан «Аманат» өз жұмысын сайлауалды бағдарламасын та­ныстыру кезінде халықпен жұмыс істеуде, БАҚ ресурсын пайдалануда  кандидаттарға бірдей мүмкіндік берілуіне мониторинг жүргізуден бастайды. Ұйымның бір тобы да­уыс берушілердің құқықтарымен танысуына мүмкіндік жасап, объек­тивті көзқарас пен сапалы сараптама ұсынады. Қазақстанның барлық өңіріндегі сайлау учаске­лерінде «Аманаттың» бақылау же­лі­сі құрылып, дауыс беру проце­сінің әділ өтуін назарда ұстайды.

Кәусар АХМЕТ