Жұмабек Сарабеков: Қиындықты бірліктің арқасында еңсереміз
Жұмабек Сарабеков: Қиындықты бірліктің арқасында еңсереміз
© сурет интернеттен алынды
516
оқылды
Тұңғыш Президент қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласына орай өз пікірін айтты. -Мақала Елбасының «Тәуелсіздік  жылдары ел өмі­рі­нің ең қиын да күрделі ке­зең­дерінде мен кез кел­ген мәселені қа­дірменді отан­дастарыммен бір­ге бүкпесіз, ашық талқыға са­лып, туған халқыммен үнемі ой бө­лісіп ке­лемін. Бүгінгідей бүкіл әле­м алаң күй кешіп, ұлт сау­лығы сы­нға түскен қазіргі сәт­те де бар­шаны сабырға, бай­салдылыққа ша­қырып, та­ғы да жұртыма ақ ті­леулі сө­зімді арнағалы отыр­мын» деген сөздерімен басталған. Осы жолдардан-ақ Ұлт көшбасшысының халыққа не айтпақ болғанын айғаруға болады. Коронавирус індеті жайлаған мынадай қиын қыстау кезеңде Тұңғыш Президент халықты дүрбелеңге салынбай, сабырлы болып, бар қиындықты сабыр мен төзім арқылы жеңуге шақырған. Біріншіден, мақаланың мақсаты қоғамдық пікірді бітұтастандыру. Пандемия салдарынан туындаған дағдарыс жағдайында ішкі саяси тұрақтылық өте маңызды. Жобалар мен жоспарларды жүзеге асыру үшін азаматтар тарапынан қолдау керек. Сондықтан, Елбасы бұл үндеуінде қазақстандықтар бір адамдай жұмылса, бірліктің арқасында қиындықтарды еңсеретінін айтқан. Екіншіден, соңғы кезде Тұңғыш Президенттің денсаулығы туралы қауесет әңгімелер көбейіп кеткені белгілі. Нұрсұлтан Назарбаевтың  Үкімет басшысы Асқар Маминмен кездесуі және осы жарияланған мақаласы сол сөздерді жоққа шығарады десек те болады. Үшіншіден, Елбасы мақаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты аузына алып, оның таяуда халыққа жасаған мәлімдемесіне тоқталған. Ел азаматтарын осындай қиын жағдайда қолдау тетіктерін ұсынған Президенттің бастамасына қолдау білдіріп, халықты оның айтқан ақыл-кеңесіне құлақ асуға шақырады. Тұңғыш Президент Мемлекет басшысының барлық қадамын қолдайды. Бұл жерде президенттердің өзара әрекеттестігі көрінеді. Бұдан Елбасының жол көрсетіп, жөн сілтейтін баяғы ақылгөй, дана ұлт көшбасшысы екенін байқауға болады, - деді сарапшы.