«Айқын» респбликалық қоғамдық-саяси газетінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел жеңеді» атты мақаласы жарық көрді. Осыған байланысты Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гаухар Алдамбергенованың пікірін білген едік.
– Жер-жаһанды шарпыған пандемияға байланысты бүкіл әлем жұртшылығы алаң күй кешіп, халық саулығы сынға түскен кезде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың отандастарымызды сабырға, бірлікке шақырған мақаласын терең толғаныспен қабылдадым.
Егемендіктің елең-алаң кезінен бері еліміз бірлікті берік қағида ретінде басты бағдар етіп, дүние жүзінің барлық мемлекетімен өзара келісім мен достыққа негізделген дана әрі көреген саясат ұстанып келеді. «Ырыс қайда барасың? Ынтымағы жарасқан елге барамын» деген ұлағатты сөзді басты мақсат етіп алған халқымыз бірліктің, өзара татулықтың арқасында көптеген жетістіктерге жетті.
Тәуелсіздік шежіресін парақтасақ, Кеңестер империясының орнына жаңа тұрпатты, қуатты мемлекет құру оңайға түспегенін бағамдаймыз. Тұралап қалған экономиканы қайта қалпына келтіру, оны уақыт ағымына орай даму жолына түсіру – тақыр жерден тау тұрғызғанмен бірдей екендігін көзіқарақты қауым айқын аңғарары анық. Десе де «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы ол қиындықтарды да еңсеріп өтті. Көптеген әлемдік дағдарыс кездерінде сәтімен қабылданған оң шешім, ұтымды әрекеттің арқасында еліміз еңсесін тік ұстап өткен болатын. Осы жылдары Қазақ елінің дамуының жаңа бағыттары айқындалып, қарышты дамудың тың тетіктері іске қосылды. Бұның барлығы да ұлттар мен ұлыстардың татулығы арқасында жүйелі жүзеге асты.
Бүгінде адамзатқа қауіп-қатер төндіріп тұрған жаман індет – коронавирус дертімен күресуде де халқымыз сабырлылық танытып, мүмкіндігінше түрлі игілікті істер атқаруда. Асқынған ауруға дауа табуда қазіргі заманның білім-ғылым жетістіктері сарапқа салынып, дүние жүзінің ғалымдары ортақ мақсат жолында бірлесе жұмыс істеуде.
Халқымыз мұндай күйзелістер кезінде сабыр сақтап, ынтымақ-бірлігін бекіте түскен. Қиындықтарды бірлесе жеңіп отырған. Бұл туралы Елбасы өз мақаласында кеңінен тоқталған.
Нұрсұлтан Әбішұлы осынау сындарлы сәтте жастарға үлкен сенім білдіретінін атап өтіп, ұлағатты сөз арнады.
«Жаңа өскін – жас ұрпаққа айтарым: тәуелсіздік жылдары дүниеге келген сендер келер жылы орда бұзар отызға толасыңдар. Еліміздегі ең қуатты күш – өздеріңсіңдер. Аға ұрпақ сендер үшін қолдан келгеннің бәрін жасады, енді сендердің де күш-қайрат жұмсайтын кездерің келді. Жамандықтан, жат әдеттен сақтанып, игі істер жасауға ұмтылыңдар. Үлкенге – ізетті, кішіге – қамқор, бір-біріңе дос болыңдар. «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» деген Абай аталарыңның өсиетін ешқашан естен шығармаңдар», – деді Елбасы.
Расында да, ұрпақтар сабақтастығы болған жерде ғана игілікті істер еңсеріліп, ізгілікке негізделген қоғам орнайды. Бабадан балаға мұра болып келе жатқан бұл құндылық – көлденең пайда болған қауіп-қатерлердің салдарын жоюға да сеп болмақ. Тұңғыш Президент осы қағида әрбір отандасымыздың жүрегінің төрінен орын алуы қажеттігін баса айтты.
Халық денсаулығы мен мемлекет қауіпсіздігі – бір-бірімен етене, егіз ұғымдар екендігі белгілі. Індетке орай елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде бірқатар іргелі істер қолға алынды.
Біріншіден, Қыздар университеті еліміздегі жоғары оқу орындарының арасында алғашқылардың бірі болып қашықтан оқыту технологиясына толықтай көшті. Бүгінде оқу орнында аталған технология бойынша 810 пән оқытылуда. Ол бакалавриаттың 2879, магистратураның 380 және докторантураның 58 білім алушыларын қамтиды. Сонымен қатар университетте ғаламтор желісіне қосылған арнайы компьютерлік сыныптар даярланды. Үйінде тапсырмаларды жүктеуге мүмкіндігі жоқ оқытушылар аталған орындарда жұмыс істей алады. Сондай-ақ барлық жатақханалардағы компьютерлік сыныптар да интернетке қосылған.
Екіншіден, қашықтан оқыту технологиясы арқылы мектеп оқушыларына білім беруді оңтайлы ұйымдастыру үшін Қыздар университетінің оқытушылары мектеп мұғалімдеріне әдістемелік көмек көрсету бойынша шеберлік сыныптары мен вебинарлар сериясын бастады. Бұған себеп те жоқ емес. Еліміздегі педагог кадрларын даярлайтын іргелі оқу орнының қашықтан оқыту технологиясы бойынша көпжылдық тәжірибесі бар. Университеттің профессор-оқытушылары 8 жылдан бері аталған әдісті сәтті пайдаланып келеді.
Педагогикалық жоғары оқу орындарының ең басты миссиясы – мектеп мұғалімдеріне әдістемелік тұрғыдан көмек көрсету. Қазіргі күнде мұғалім мамандарын дайындайтын ұжымның алдында аталған міндетті жүзеге асырудың орайы туып отыр.
Университеттің профессор-оқытушылары аталған шара шеңберінде қашықтан оқыту технологиясының ерекшелігі туралы өз тәжірибелерімен бөлісіп, әдістемелік көмек көрсету бойынша шеберлік сыныптар сериясын тұрақты ұйымдастыруда.
Атап айтқанда, алғаш болып Информатика және қолданбалы математика кафедрасының аға оқытушылары «Білім берудегі онлайн платформалар», «Zoom платформасымен таныстыру» тақырыптарында вебинар өткізді. Оған Алматы қаласының Алмалы, Алатау, Әуезов, Бостандық, Медеу, Жетісу, Түрксіб және Наурызбай аудандарындағы жалпы білім беретін мектеп, гимназия мен лицейлердің 100 мұғалімі қатысты. Алдағы уақытта бұл шара жалғасын таба беретін болады. Оған еліміздің өзге де өңірлеріндегі мұғалімдер қатыспақ.
Қолға алынған шара барысында бітіруші курс студенттері педагогикалық практика шеңберінде мектеп оқушыларына онлайн форматта тапсырмаларды орындауға, тәрбие жұмысы бойынша интерактивті іс-шараларды ұйымдастыруға, сандық технологияларды қолдана отырып сабақтарға дайындалуға көмек көрсетуде.
Вебинарлар мен шеберлік сыныптары Қыздар университетінің YouTube желісіндегі ресми парақшасында жарияланады.
Үшіншіден, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде оқытушылар мен студенттерге қашықтан оқыту бойынша әдістемелік және техникалық қолдау көрсететін Call-орталығы ашылды. Қызметтің басты артықшылығы – оқу орны туралы жан-жақты ақпарат беру, қашықтан оқыту технологиясы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы толыққанды мәліметпен қамтамасыз ету және осы тараптағы өзге де сауалдарға кеңінен жауап беру.
Төртіншіден, Қыздар университетінің жас ғалым-педагогтары онлайн дәрістер сериясын білім алушыларға ұсына бастады. OPEN U жобасы аясында қолға алынған шараның мақсаты – еліміздің жетекші педагогикалық жоғары оқу орнының оқытушыларының қатысуымен дайындалған онлайн-курстарды қолжетімді ету және түрлі салалар бойынша жастардың білім деңгейі мен интеллектуалдық әлеуетін арттыру.
Сөз соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл үндеу-мақаласы қиын күндерде әрбір отандасымыздың көңіліне сенім ұялатқандығын ерекше атап өткім келеді. Ол сенім болашаққа деген үкілі үміттің одан әрмен оянуына ықпалын тигізді деп ойлаймын.
Қазіргі күнде аты жаман індетпен күрес елімізде табанды түрде жүргізіліп жатқанын бағамдап отырмыз.
Ұлтымызда «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген аталы сөз бар. Бүгінгідей қиын-қыстау кезеңде туған халқымыздың ынтымақ пен ауызбіршілік танытқаны дұрыс деп бағамдаймыз.
Елбасының «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы көлденең келген кеселге қайыспауды, белімізді бекем буып, береке-бірлігімізден айырылмауды басты мақсат тұтады.