Дариға Назарбаева: Осындай өткінші қиындықты жеңуге баршамыз атсалысайық
Дариға Назарбаева: Осындай өткінші қиындықты жеңуге баршамыз атсалысайық
Фото: Интернеттен алынды
294
оқылды
Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева халқымыз коронавирус туындатқан қиындықтың бәрін жеңетініне сенім білдірді. «Кеше Елбасының терең әрі шынайы мақаласы жарияланды. Қарапайым әрі бәріне түсінікті, сонымен бірге халыққа сенім мен қуат сыйлаған мақала жарыққа шықты. Елбасы коронавирус пандемиясы туындатқан әлемдегі жағдайды терең талдап, азаматтарымыздың денсаулығын сақтау, халықты және елдің экономикасын қолдау жөніндегі қабылдап жатқан шараларға жоғары баға берді», – деді Дариға Назарбаева онлайн режимде өткен Сенат отырысында. Сенат төрағасының айтуынша, еліміздің Тұңғыш Президенті атап өткендей, шын мәнінде, жағдайды тұрақтандыру үшін елде көп жұмыс жүргізілген.
«Бұл бағытта жүйелі жұмыс жалғасуда. Ең бастысы, қиын сынақ кезінде бір де бір азамат қолдаусыз қалмайтынын түсіну керек. Бұл үшін мемлекетімізде қажетті ресурстардың бәрі бар. Өкінішке қарай, кейде ұлы істер немесе дұрыс жұмыстар дағдарыс кезінде айқындала түседі. Бүгін де біз Елбасының Ұлттық қорды құрудағы, экономиканы әртараптандырып, ауылшаруашылығы мен инфрақұрылымды дамытудағы көреген саясатының жемісін көріп отырмыз. Осы істер мемлекеттің, экономикалық және әлеуметтік жүйенің негізгі тұрақтылығын қамтамасыз ететін «қауіпсіздік жастықшасын» қалыптастырды», – деді ол.
Дариға Назарбаева сонымен қатар халқымыз коронавирус туындатқан қиындықтың бәрін жеңеріне сенім білдірді. «Елбасы ел басшылығының дағдарысқа қарсы шараларын толығымен қолдап, бәрімізді Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты және Үкіметті қолдауға шақырды. Кешегі Елбасының Жолдауы дағдарысқа қарсы іс-қимылымызға жаңа серпін беретінін айтсам, сенаторлардың бәрі бұл пікірімді қолдар деген үміттемін. Осы қиын кезеңде қазақстандықтар үшін қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау өте маңызды. «Бірлік түбі – береке» дейді дана халқымыз. Ендеше, осындай өткінші сынақ кезеңінде бір мақсат, ортақ мүддемен игі істерде бірге болайық», – деді ол.