Коронавирус жұқтырған дәрігердің шағымынан кейін бас дәрігер мен әкім орынбасары жазаланды
Коронавирус жұқтырған дәрігердің шағымынан кейін бас дәрігер мен әкім орынбасары жазаланды
210
оқылды
Nur Otan комиссиясы коронавирус инфекциясын жұқтырған қызметкер Толқынай Ордабаева жұмыс істейтін Жамбыл облысындағы аудандық ауруханада заңбұзушылық барын анықтады, - деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі. Әлеуметтік желіде жарияланған үндеуден кейін келесі ақпарат анықталды. Инфекционист-дәрігер Толқынай Ордабаева жеке парақшасында Жамбыл облысы Мерке ауданындағы ауруханада басшылық тарапынан заңбұзушылық болғанын жазған.
"Аталған жазба бойынша Партиялық бақылау комиссиясы тексеріс жүргізді, аталған деректер расталды. Мерке аудандық аурухана әкімшілігі медицина қызметкерлерін масканы өздері тігуді талап еткен. Сондай-ақ жұмыста маскалар мен қорғаныш құралдары берілмеген. Осыған байланысты аудандық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Данияр Нүсіпбеков пен денсаулық сақтау саласына жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасары Марат Қасым партиялық жауапкершілікке тартылды", - делінген хабарламада.
Еске салайық, кеше Меркедегі орталық аудандық ауруханада инфекционист болып жұмыс істеп жүрген Толқынай Ордабаева ауруханадағы жағдайды Facebook желісіндегі парақшасында жазған. Ордабаеваның айтуынша, ол вирусты карантинде науқастарды емдеп жүргенде жұқтырған. Дәрігердің айтуынша, оларға маска да берілмеген. Масканы өздеріне тігуге тура келген.
"Науқастармен байланыста болғандарды 14-ші күні тексеру мүмкін болмады, себебі Жамбыл облысында оны тексеретін құрал жоқ. Сондытан оларды коронавирусқа соңғы бақылау сараптамасынан өткізе алмай, ауруханадан шығаруға тура келді", - дейді дәрігер.
Қазіргі уақытта ол вирусқа қарсы "Алувия" препаратын қабылдап жатыр екен. Сондай-ақ, дәрігердің айтуынша, Жамбыл облысының Денсаулық сақтау басқармасы дәрігерлердің коронавирус жұқтырғанын жасырып отыр.
"Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасының маскаға, вирусқа қарсы дәрі-дәрмекке, сараптамаларға бөлген ақшасы қайда? Неге коронавирусқа сараптама жасалмай жатыр? Жұмыс орнында неге эпидемиологиялық тергеу жүргізілмейді?", - дейді дәрігер.
Министр Елжан Біртанов бұл шағымға пікір білдірді. Ол Тауарлар қауіпсіздігі мен сапа бақылау комитетінің басшысы Людмила Бюрабековаға осы мәселені шешуді тапсырды. Біртанов бұл жағдайды жеке бақылауға алғанын айтып өтті.