Осындай сын сағатта бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды. Дариға Назарбаева Сенат отырысында депутаттар алдында сөз сөйледі. Жоғарғы палата төрағасы Елбасының коронавирус пандемиясы салдарынан бүкіл әлемде орын алған ахуалға сындарлы талдау жасаған мақаласы жарияланғанына назар аудартты.
Мақалада азаматтардың денсаулығын сақтау, осындай күрделі жағдайда халықты және ел экономикасын қолдау жөніндегі мемлекет тарапынан қолға алынған шараларға да жоғары баға берілген.
«Тұңғыш Президент атап өткендей, жағдайды тұрақтандыру жолында көп жұмыс жасалды, бұл бағытта жүйелі жұмыстар жалғасын табуда. Ең бастысы – осындай сын сағатта бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайтынын түсінуіміз керек. Ол үшін біздің мемлекетімізде қажетті ресурстың бәрі бар», – деді Д.Назарбаева.
Ол ұлағатты және оң істердің осындай қиын-қыстау, дағдарыс кезеңінде айшықтала түсетінін нықтады.
«Бүгінде Елбасының Ұлттық қорды құру, экономикамызды әртараптандыру, ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылымды дамыту жөніндегі сарабдал саясаты өз жемісін беріп отыр. Елбасының аса көрегендікпен қабылдаған шешімдері дағдарысты еңсеруге мүмкіндік беріп, еліміздің қауіпсіздік қорғанышын, мемлекеттік, экономикалық және әлеуметтік жүйеміздің негізгі тұрақтылығын құрды. Біздің мемлекетіміз, халқымыз бұл дағдарысты да абыроймен еңсеріп, одан әрі шыңдала түсеріне кәміл сенемін», – деді Сенат басшысы.
Ол Тұңғыш Президенттің ел басшылығы қабылдап жатқан дағдарысқа қарсы шараларға толық қолдау білдіргенін және барша халықты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты және Үкіметті қолдауға шақырғанын еске салды: «Елбасының кешегі үндеуі Ұлт лидерінің көрегендігін, өз елінің нағыз көшбасшысы екенін айқын көрсетті және біздің дағдарысты еңсеру жолындағы іс-қимылымызға тың серпін береді деп барлық сенаторлар атынан айта аламын», – деді Д.Назарбаева.
Оның айтуынша, ең бастысы – маңызды шаралардың жергілікті жерлерде тиімді әрі нақты орындалуын қамтамасыз ету. «Өкінішке қарай, көбіне тапсырмалардың жергілікті жерлерде орындалуы мәселе туындатып жататынын бәріміз білеміз, көріп жүрміз. Әсіресе, артық бюрократиялық формализмге, әкімшілік құлшынысқа немесе жөнсіздікке жол беріліп жатады. Мұның бәріне тиісті баға берілетініне сенімдімін», – деді ол.
Дариға Нұрсұлтанқызы цифрландыруға жеке тоқталып, тексеріс нәтижесінде мемлекеттік ақпараттық ресурстардың және электронды қызметтердің жұмыс істеуінде бірқатар проблема бары белгілі болғанын еске салды. Сондай-ақ «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы дағдарыс кезінде беті ашылған түйткілдерді ескере отырып, дереу қайта қарауды талап ететінін мәлімдеді.
«Депутаттар еліміздің басқару жүйесі мен экономиканы цифрландыруда жедел жұмыстар жүргізуге бюрократияның мүдделі емес екені жайлы, статистиканы бір ретке келтіру туралы бірнеше мәрте айтқан болатын» дей келе, Дариға Назарбаева сенаторлардың және өз атынан қиын сәттерде ынтымақтасып, бірлік көрсетіп отырған Қазақстан халқына, түсіністік пен сабырлық танытқан еліміздің әрбір азаматына зор алғысын білдірді.
Сондай-ақ Д.Назарбаева жақын туыстарынан айырылған отбасыларға көңіл айтып, сырқаттанып жатқан азаматтарға тез арада айығып кетуіне тілектестігін білдірді.
Сенат төрағасы өңірлерде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген, жұмыс орындарын және еңбеккерлердің жалақыларын сақтау шараларын ұйымдастыруға, көпбалалы отбасылар мен мүгедектерді және өзге де аз қамтылған отбасыларды тегін азық-түлікпен және санитариялық-гигиеналық құралдармен қамтамасыз етуге қомақты үлес қосып келе жатқан мәслихаттар депутаттарына жеке ризашылығын білдірді.
Дариға Назарбаева сөзін қорытындылай келіп, халқымыз өзіне тән даналығы мен төзімділігінің арқасында бұл сынақтан да аман-есен өтетініне сенім білдірді: «Елбасы айтқандай, бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деп түйіндеді ол.