Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында жазылған үндеуі Қазақстан қоғамының топтасуына септігін тигізеді. Мәжілістің жалпы отырысында Палата Спикері Н.Нығматулин коронавирус пандемиясына және әлемдік экономикалық дағдарысқа байланысты жазылған бұл үндеу барша қазақстандықтың бойына сенім ұялатады деген пікір білдірді.
Мәжіліс Төрағасы мақаланың негізгі бағдарларының маңызына депутаттық корпустың назарын аударды.
– Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бұл үндеуі әрбір азаматқа арналғаны сөзсіз. Елбасы тек ағымдағы ахуалды нақты, жан-жақты бағалап қана қоймай, сонымен қатар ел дамуының келешегін де айқындады. Бұл ретте біздің ендігі ортақ міндетіміз – бейбітшілік пен келісімді нығайту үшін барынша күш салу, отандық экономиканы тұрақтандыруға және Қазақстанның дағдарыстан кейінгі кезеңде батыл алға жылжуына қол жеткізу, – деді Нұрлан Зайроллаұлы.
Оның байламынша, Тұңғыш Президенттің мақаласы – Елбасының жетістікке жеткен шақта да, ең қиын уақытта да әрдайым өз халқымен бірге екенін кезекті рет паш етті.
Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап еліміздің дамуының негізгі кезеңдеріне тоқталған Н.Нығматулин Елбасының күш-жігерінің арқасында осы жылдары мемлекетімізде қажетті қор жасалғанына екпін түсірді. Бұл – еліміздің бәсекелестік артықшылығы. Нәтижесінде, Ұлттық қор, жетілген экономика, түзілген инфрақұрылым мен жүргізілген әлеуметтік реформалар күйзеліспен лайықты күреске ұстын болып отыр.
Мәжіліс басшысы қазіргі кезде жауапкершілік танытудың, ел игілігі үшін бүкіл әлеуетті жүзеге асырудың, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетудің маңызды екенін атап өтті.
– Елбасы халқымыздың кез келген қиындыққа төтеп берер қайсарлығына, батыл ерік-жігеріне, даналығына сенім білдірді. Ендеше қазақстандықтар қазіргі күрделі жағдайды да еңсереріне еш күмән жоқ. Тұңғыш Президентіміз баса айтқандай, бірде-бір азамат қолдаусыз, қамқорлықсыз қалмауы керек, деп түйді Нұрлан Нығматулин.
Жиында депутаттар әртүрлі 7 жаңа заң жобасын құптады. Мәселен, «Кейбір заңнамалық актілерге тұрғын үй бағдарламалары операторларының санын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы жобасы І оқылымда мақұлданды. Құжат Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың осы парламенттік сессияның ашылуында қойған міндеттерді шешуді көздейді. Оған сәйкес, «Қазақстан ипотекалық компаниясы», «Бәйтерек девелопмент», «Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры» секілді баспана бағдарламаларының операторлары «бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторына» бірігеді.
Яғни, алпауыт компания құрылады. Нәтижесінде, бірін-бірі қайталайтын функциялар жойылады, жалпы әкімшілік шығыстар 42%-ға азайтылады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің түсіндіруінше, кепілдендіру тетіктері күшейтілмек, себебі жаңа ипотекалық бірлестіктің жалпы активінің көлемі 750 миллиард теңгеге жетпек.
– Басымдықтар дұрыс белгіленіп отыр: жаңадан құрылатын бірыңғай оператордың мақсатты аудиториясы – мұғалімдер, дәрігерлер, бюджеттік ұйымдар қызметкерлері, табысы орташа немесе одан төмен мемлекеттік қызметшілер секілді әлеуметтік осал топ болмақ. Жалпы алғанда, бірыңғай оператор азаматтар үшін баспананы қолжетімді етуге бағытталған кешенді тұрғын үй саясатын қалыптастыруға ықпал етеді, деп баға берді Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин.
Палата «Қазақстанда бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңын ІІ оқылымда мақұлдап, Сенатқа жолдады. Талқылау барысында депутаттар шеру-митинг ұйымдастырушыларға және журналистерге қатысты шектеулерді сәл жұмсартқан. Мәселен, ұйымдастырушы және журналистер бейбіт жиналыстың фото және бейнежазбасын меморгандарға ұсынуға міндеттелмейтін болды. Әйтпесе, құзырлы органдар БАҚ өкілінен материалын тәркілеп, бір айдан соң, яғни наразылық акциясы өзектілігін жойғанда ғана қайтаруы мүмкін.
Бейбіт жиналыстарды өткізу туралы хабарламаны беру мерзімі – 5, ал демонстрация, шеру ұйымдастыруға келісім алуға өтініш беру мерзімі 10 күнге қысқартылды. Яғни, жергілікті атқарушы органдар аталған құжаттарды тиісінше 3 және 7 жұмыс күні ішінде қарауға тиіс. Жергілікті билік осы уақытта жауап беріп үлгермесе, бейбіт жиналысты өткізуге келісім берілді деп есептеледі.