Қырық жылқыны айдап кетті
Қырық жылқыны айдап кетті
251
оқылды
Алматы облысының Жамбыл ауданында 80 жылқы ұрлаған барымташы құрықталды. Бір апта бұрын Жамбыл ауданының полициясына 38 жастағы жергілікті тұрғын арызданып, өзіне тиесілі шаруа қожалығынан 80 жылқының жоғалғанын және 40 миллион теңгеге жуық материалдық шығын келгенін айтып арызданған. Қылмысты ашуға бағытталған жедел-іздестіру шаралары кезінде күдікке ілінген екі азамат ұс­тал­ған. Оның бірі – 29 жастағы Өз­бекстан азаматы. Ол зардап ше­гушінің шаруа қожалығында малшы болып жұмыс істеген. Екінші күдікті Жамбыл ауданы Көкдала ауылының 39 жастағы тұрғыны, жақын маңдағы өзге шаруа қожалығының иесі болып шықты. Күдіктілер бұлтартпас ай­ғақ­тардың арқасында осы қыл­мысқа қатысы барын мойын­даған. Тәр­тіп сақшылары қолды болған мал­ды іздестіру бары­сында 36 жыл­қыны тауып, заңды иесіне қай­тарды. Қалған жыл­қылар со­йыл­ған. Тергеу бары­сында күдік­тілер шаруа қожа­лы­ғынан жыл­қыларды ұзақ уақыт бойы ұрлап келгені және мал ие­сінің поли­цияға арызданба­ғанын оңтайлы пайдаланғаны белгілі болған. Облыстық Полиция депар­та­ментінің мәліметінше, барым­ташылар әуел баста 2-3 жылқыдан ұрлаған. Соңғы ретте қалған қырық жылқыны үйірімен айдап кеткен. Қолды болған малды жа­қын елді мекендегі мал базарында меншікті малы ретінде саудалаған. Олар жалпы саны 80 жылқы сатса, оның 35-і құлынды бие екен. Екі күдікті Жамбыл ауданы полициясының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Аталған дерек бойынша қолда­ныстағы қылмыстық заңнаманың 188-1-бабы 4-бөлігінің 2-тар­мағына сәйкес сотқа дейінгі тер­геу амалдары жүргізіліп жатыр.  

Шұғыла БАҚЫТ