Капитан Қотырбай Құдагелдинов 1909 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданында туған. Әскерге шақырылған соң, 301-ші атқыштар Сталин дивизиясы 1050 атқыштар полкі 8-ші атқыштар ротасының командирі болды. Қанды майданда ерлігі мен батылдығын көрсете білді. Ротаның командирі ретінде қоршауда тұрған әскерімен қорғаныс шебін сақтап, күші басым қарсыласты жеңіліске ұшыратты.
Әсіресе, оның 1945 жылы 2 ақпанда Ортвиг селосы ауданында Одер өзенінен өту кезіндегі шайқастағы ержүректігімен көзге түсті. Жаудың тоқтаусыз ұшқан оқтарына қарамастан Қотырбай Құдагелдинов ротасымен немістің қарсылығын жойды. Өзеннен өткен әскеріміз маңызды бекіністі қолға түсірді. Дегенмен жау 12 танкінің күшімен жоғалтқан шебін қайтарып алуда бірнеше рет шабуылға да шыққан.
Келесі күні таңертең фашистер қару-жарақ пен 12 танкті пайдаланып, тікелей шабуылға шығып, үйді қиратып, өртеп жіберген. Үйдің төбесі сарбаздардың үстіне құлады. Бірақ олар соған қарамастан жаудың жойқын шабуылына тойтарыс беруін тоқтатпады. Жаудың айқын басымдылығына қарамастан, біздің жауынгерлеріміз тағы да жеңіске жетті. Немістің 200-ге жуық жауынгері мен офицерін шығынға ұшыратты. Міне, осындай ерлігіне орай Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Бірақ «Қызыл Ту» орденімен марапатталды.