Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының ХVІІІ съезінде азаматтарға әлеуметтік қолдауды күшейту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында бірқатар тапсырма берген болатын.
Кеше Ақмола облысында іссапарда жүрген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев көпбалалы аналарға үйде отырып табыс табуға көмектесу қажеттігін айтты. Елімізде әлеуметтік сала қызметкерлерінің, оның ішінде білім беру мен денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін адамдардың жалақысы көтерілетіндігі жағымды хабар болды. 2019 жылдың 1 маусымынан бастап білім беру саласындағы қызметкерлердің табысын 30 пайызға дейін көбейту көзделген. Мектепке дейінгі ұйымдардың және интернат мекемелерінің тәрбиешілері, олардың көмекшілері, әдіскерлер, балабақшалар мен колледждердің әлеуметтік педагогтері, психологтар, қосымша білім беру ұйымдарының қызметкерлері, техникалық персоналдың жалақылары сол мөлшерде көтерілетін болады. Денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің де жалақысы 30 пайызға көтеріледі. Бұл – үлкен әлеуметтік қолдау. «Көпбалалы аналар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналар үшін үйде әлеуметтік жұмыс орындарын ашу ұйымдастырылады. Бұл орайда жергілікті әкімдіктермен жұмыс жүргізудеміз. Үйде отырып-ақ қаржы табуға болады. Ол үшін әлеуметтік жұмыс орындарын ашумен бірге, сұранысқа ие кәсіптерге қысқа мерзімде оқытып үйрететін курстар ұйымдастырылуы керек», – дейді министр. Жақсы ниет. Дұрыс ұсыныс секілді. Әлеуметтік жұмыс орны деген не? Қазақстанда сұранысқа ие болып тұрған қандай кәсіп бар? Аспаз, шаштараз, тігінші…Тағы не бар? Көпбалалы аналар баласын баға ма, «сұранысқа ие кәсіп» таба ма? Баласы мүгедек аналар не істейді сонда? Олардың үйде отырып-ақ белгілі бір кәсіпті меңгеруі қаншалықты мүмкін? Шамалары келе ме? Мұршалары жете ме? Осы әлеуметтік жәрдемақы төлеуге келгенде түрлі сылтау табылатыны несі екен? Біресе қорадағы малдың саны, біресе ауладағы тауықтың жұмыртқасы дегенді санап, атаулы көмектің жүнін жұлып, жұрқасын қалдырған едік. Енді жергілікті әкімдіктер көпбалалы аналарды алдаусыратып, табысын қолдан көбейтуге ұмтылып жүрмей ме деген алаң көңіл бар жұртта. Жалпы, мүгедек балалары бар аналарды табыс табуға көмектесеміз деп алдарқатудың қажеті жоқ. Оларды «оқытамыз-бүйтеміз» деген мақсатта жұмсалатын қаржыны атаулы көмекке қосып берсе бір жөн. Мемлекет қамқорлығы нақты әрі нысаналы болуы тиіс. Осы жағын жоғары шенділердің ескергені абзал.