Президент Қасым-Жомарт Тоқаев карантинді сақтай отырып, кейбір кәсіпорындарды біртіндеп іске қосуға рұқсат берді.
Мемлекеттік комиссияның бүгінгі отырысында мемлекет басшысы төтенше жағдайды сәуірдің аяғына дейін ұзартты. Алайда карантиндік шараларды сақтай отырып, алдымен ірі қалаларда шағын және орта бизнес нысандарын біртіндеп іске қосу қажеттігін жеткізді.
"Иә, өмірді жандандыру керек. Бірақ біздің алдымызда екі міндет тұр. Біз халықтың денсаулығы үшін карантинді сақтай отырып, белгілі бір кәсіпорындарды жұмыс режиміне шығаруымыз керек. Осыған байланысты әкімдіктер қатаң санитарлық-эпидемиологиялық тәртіпті сақтай алатын кәсіпорындардың тізімін әзірлеуі тиіс", - деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, тізімге кіретін кәсіпорындағы жұмысшылардың арақашықтығына да баса назар аударылады. Осының бәрін жергілікті жердегі дағдарысқа қарсы штабтар тексереді. Бұдан бөлек, штабтар кәсіпорындардың жұмыс режимі мен жұмысшыларды жеткізу тәртібін де анықтайды. Осының негізінде мемлекеттік комиссияның рұқсаты беріледі.
"Осындай жағдайда орталыққа бағынатын қала мен аймақ басшыларының жауапкершілігі арта түседі. Себебі біз кәдімгідей тәуекелге барып отырмыз. Бірақ басқа амал жоқ. Карантинді қатаң сақтау, соның ішінде оқушылар мен студенттерді қашықтан оқыту, балабақшалар – бәрі сол күйінде қала береді", - деп толықтырды Тоқаев.
Мемлекет басшысы қоғамдық орындарды дезинфекциялау жұмыстары жалғасатынын айтты.