Әйелдер де әскерге шақырыла ма?
Әйелдер де әскерге шақырыла ма?
431
оқылды
Арнаулы әскери жиынға әйелдер қатыса ала ма? Бұл сұраққа Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы басшысының орынбасары Серік Боранбаев жауап берді.
– Бұл жағдайда алға қойылған міндеттерге байланысты әкімдік­тердің өзі шешім қабылдайды. Меніңше, мұнда ешқандай шек­теу жоқ. Әкімдіктерге айрықша құзырет пен шешім қабылдау құқығы берілген. Егер сәйкес мамандықтар бойынша қыздар қажет болса, шақырту жібере алады, – деді ол Орталық комму­ни­кациялар қызметінде өткен брифингте.
Боранбаевтың айтуынша, республика бойынша 473 әскери міндетті азамат арнаулы жиынға шақырылған. Оның ішінде 71 офицер мен 402 сержант және запастағы сарбаздар бар. Басым көпшілігі – еріктілер. Қорғаныс министрлігі мен Қарулы Күштер Бас штабының басшылығы әс­кери міндеттілерді шақыру барысында санитарлық-гигие­налық талаптар мен темірдей тәртіптің сақталуына жүйелі ба­қылау ұйымдастырған. Ал жер­гілікті әкімдіктер шақырылған азаматтарды киім-кешекпен, та­мақпен, қорғаныс құралдарымен, жатын орынмен қамтуға міндетті.
– Арнаулы жиынға шақыру ережелерін халыққа жедел тү­сіндіру үшін Қорғаныс минис­тр­лігі мен Қорғаныс істері департа­менттері 4 сәуірден бастап 18 Call-орталық ұйымдастырды. Тәулік бойы жұмыс істейтін бұл орталықтарға мыңнан астам адам хабарласты, – дейді Серік Боранбаев.
Еске сала кетейік, 2 сәуір күні Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев әскери міндеттілерді арнаулы жиынға шақыру туралы Жарлық шығарған еді. Қазір Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында және Алматы, Қызылорда, Павлодар, Ақмола облыстарында арнаулы жиын бөлімшелері құрылды. Ақтөбе, Атырау облыстарында әскери міндеттілерді шақыру жұмысы жалғасып жатыр. 13 сәуірде Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында, 14 сәуірде СҚО, 15 сә­уірде Жамбыл, 17 сәуірде Түр­кістан облысында шақыру басталады. Ал БҚО, ШҚО, Қостанай және Маңғыстау облыстарында арнаулы жиын өткізу мәселесі қарастырылмаған.  

Айдар ДӘУІТҰЛЫ