Екінші дүниежүзілік соғыста елімізден 1 миллионнан астам қазақстандық фашизмге қарсы күресті. Олардың жартысына жуығы ұрыс алаңынан қайтқан жоқ. «Ұмытылған қаһармандар» кітабы – ерліктері ел есінде қалған, ұмытылған батырлар туралы сөз қозғайтын құнды дүниелердің бірі.– Берік мырза, Жеңістің 75 жылдығына орай «Ұмытылған қаһармандар» кітабы жарыққа шықты. Бұл кітап несімен құнды?
– Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихындағы ең үлкен және қантөгісті болды. Өткен жылдар мен онжылдықтар соғыс зардабының қиыншылықтарын бәсеңдеткенмен, оны тарихтағы жаңа кезеңдермен ұмыттырғанымен, статистикалық мәлімет былай дейді: «Ұлы Отан соғысындағы» шығын өте зор болды. 1 миллионнан астам, дәлірек айтқанда, 1 366 164 қазақстандық фашизмге қарсы күрес жүргізді. Олардың жартысына жуығы (602 928) ұрыс алаңдарынан қайтып оралмай, мәңгі бақи жас күйінде қалды. Түрлі дереккөздер бойынша, 1941-1945 соғыс жылдары қазақтардан 130 мыңнан астам адам ғана қаза тапты делінген. Бірақ бізде күмән бар, бұл ақпаратты қайта есептеу қажет. Себебі бізде сол соғысқа қатысы болмаған отбасыны табу қиын. Бүгінгі күні Ұлытау ауданы бойынша арнайы комиссия құрып, қайта есептетіп жатырмын. Сонымен қатар із-түссіз жоғалып кетті деген жерлестерімізді де іздеу жұмыстарына қолдау көрсетіп жатырмыз.
Байтақ жатқан далаға таң қылаң бере баса-көктеп кірген соғыс елдің бейбіт өмірін бұзып, тарихтың барысы мен елдің тағдырын түбегейлі өзгертті. Ата-бабаларымыз батылдық пен ерлік көрсетіп, жауға қаймықпай қарсы шығып, Ұлы Жеңіске қол жеткізді. Шеті мен шегі көрінбейтін майданның әр түкпірінде командирлер марапат қағаздарына жүгіне отырып, сарбаздардың ерліктері туралы жазды. Шайқастардың арасында асығыс жазылған әрбір жолда шындықтың даусы естіледі. Өйткені алдыңғы шепте өлім үнемі серік болған кезде өтірікке ешқандай жол жоқ. Алайда, өкінішке қарай, барлық құнды құжаттар бүгінге дейін жеткен жоқ. Бірақ біз Ұлы Жеңістің немерелері мен шөберелеріміз, бізді соғыс балалары тәрбиеледі. Олар жарақаттарымен қайтып келген, жарты ғасыр өтсе де соғыс кезінде алынған зақымның кесірінен түні бойы айқайлап, түстерінде фашистермен шайқасты жалғастырған әкелерді көрді. Өздерінің ұлы, күйеуі, әкелері майданнан оралмаған әйелдердің жылаған дауысын естіді. Олар әкелерінің жеңіске деген ерлігі үшін мақтаныш сезімін бізге жеткізді. Ондаған жылдар өтсе де, біз олардың ерліктеріне таңғалуды тоқтатпадық, ұрыс алаңдарынан қайтпағандардың қайтыс болуына өкінішіміз басылмады. Бұл кітап соған негіз болды. Ұмытылған қаһармандарды жоқтаған шығарма деп айтуымызға болады.
– Қазақта іс-түссіз кеткен жауынгерлер өте көп. Әжелеріміз «кебенек киген келеді» деп, өмірбақи күтті. Соғыста белгісіз кеткен жауынгерлердің нақты тізімін анықтай алдыңыздар ма?
– Қазақстанда барлығы 12 атқыштар, 4 кавалериялық дивизиялары және 7 атқыштар бригадасы, 50 жеке полк, соның ішінде 2 артиллериялық дивизионы, 4 минометтік дивизионы, 3 авиациялық полкі, 14 жеке батальоны құрылды. Оның ішінде республиканың қаражаты есебінен екі атқыштар бригадасы (100-ші – Алматыда, 101-ші – Ақтөбеде) және үш кавалериялық дивизия (96-шы – Өскеменде, 105-ші – Таразда, 106-шы – Астанада) құрылған. Ресей, Беларусь, Украина және бүкіл Еуропа елдерінде миллиондаған белгісіз және аты сақталмаған жас батырлар мәңгілікке қалды! Соғыс алаңдарында іздестіру жұмыстары әлі күнге дейін жалғасуда, олар бүгінге дейін «жоғалғандар» тізімінде тұр. Олардың ерліктері туралы біз әлі білмейтініміз қаншама?! Он мыңдаған сарбаз бауырластар зиратта жерленбегендіктен іздеушілерін күтуде, жақындарына өздері жайлы хабар жетуін күтуде, ал олардың денелері барлық құрметпен жерленуі тиіс. Өйткені олардың барлығы есте сақталуға лайық, ұмытылып кетпеуі керек, олардың әрқайсысы нағыз қаhaрмандар.
«Ұмытылған қаһармандар» кітабына енгізілген қаhармандардың есімдері, өкінішке қарай, негізінен жақын туыстарынан басқа адамдарға таныс емес. Мектеп, көше мен ауылдарға аттары берілмеген. Шайқаста жасаған ерліктері, соғыста бірге болған жолдастарының арасында мойындалғанымен, партия бюрократтары мен штаб «бастықтары» тарапынан ескерусіз қалды. Тарихи әділеттілік үшін ұмытылған батырлар туралы айту – біздің міндет.
– Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылған қазақстандықтар өте көп, Батыр атағын бермеуінің сыры неде?
– Соғыс жылдарында біздің 497 отандасымыз Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды деп есептелді. Егер ұлты бойынша жіктесеңіз, олардың 280-і орыстар, 96-ы қазақтар, 86-ы украиндар, 45-і басқа ұлт өкілдері. 113 қазақстандық 3-дәрежелі Даңқ орденінің толық иегері атанды. Бірақ соңғы зерттеулер көрсеткендей, жаңартылған мәліметтерге сәйкес, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жасаған ерліктері үшін 103 қазақ – Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған. 1990 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы аты аңызға айналған атақты қолбасшымыз Бауыржан Момышұлына қайтыс болғаннан кейін берілді. Айта кету керек, екі Кеңес Одағының Батыры: Сабыр Рахымов пен Расул Исетов ұлты бойынша қазақтар, бірақ кезінде өзбек болып жазылып кеткен.
2007 жылы Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатының құжаттарынан «Жоғарғы құпия» грифы алынып тастағаннан кейін көптеген шындық ашылып, арнайы интернет-жобалар сайттарында орналастырылды. Ұрпақтары марапаттау қағаздарын көріп, аталарының, әкелерінің ерлігі туралы біле алды. Бұдан басқа, Кеңес Одағының Батыры атағына ерлігі үшін ұсынылып, бірақ белгісіз себептермен басқа марапаттау түрін алғандардың көбі анықталды. Осы жоғары атаққа ерлігімен лайықты болып, бірақ Кеңес кезеңінде оны алмаған кейбір батырлар тәуелсіз Қазақстанда «Халық Қаһарманы» атағына ие болды. Атап айтқанда, Сағадат Нұрмағамбетов (1994 ж.), Қасым Қайсенов (1995 ж.), Батыораз Бейсекбаев (1998 ж.), Рахымжан Қошқарбаев (1999 ж.), Хиуаз Доспанова (2004 ж.). Бақтыораз Бейсекбаевқа Ресейдің батыры атағы да берілді («Капитан Масловтың экипажы»). Өкінішке қарай, көпшілік жауынгерлерге Қаhарман атағы қайтыс болған соң берілді.
«Ұмытылған қаһармандар» жинағына енгізілген Батыр атағына ұсынылған 133 майдангердің көпшілігі жаяу әскер, сондай-ақ 26 артиллерист, 14 пулеметші, 8 сапер, 5 танкист, 4 танкіге қарсы өздігінен жүретін (СУ, ИСУ) атқыш, 5 снайпер, 4 санитар, 3 байланысшы, 2 кавалерист, 3 десантшы, 1 әуе десанты, 1 ұшқыш, 1 инженерлік әскер және ІІХК-нің (НКВД) 1 қызметкері болды. Ұлты бойынша – 118 қазақ, 6 орыс, 3 өзбек, 3 татар, 2 ұйғыр, 1 тәжік. Олардың әрқайсысы ерлік жасады, Ұлы Жеңіске өз үлесін қосты.
Олардың арасында атақты снайпер Төлеуғали Әбдібеков екі жылға жуық мерзімде, 1942 жылдың 14 мамырынан бастап 1944 жылдың 21 ақпанына дейін, атқыштар ротасының снайпері болып, ол өзінің снайперлік винтовкасынан 397 фашисті жойды. 1944 жылдың 23 ақпанында қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды, бірақ І дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды. Аты аңызға айналған мерген Ыбырайым Сүлейменовтің есімі көптеген адамға белгілі. Өзінің есебін 289 адамға жеткізіп, соңғы тынысы қалғанша күресіп қаза болды. Аты аңызға айналған ұшқыш капитаны Байтұрсын Есіркеповтің аты көпке мәлім емес. Суворов полкінің 127 гвардиялық бомбалаушы авиациялық Борисов орденінің эскадрилья командирінің орынбасары, көрсеткен ерлігі үшін Батыр атағына ұсынылған. Ал ұлытаулық Айтжан Батырбековтің ерлігін оқи отырып, адамның қаншалықты ержүрек болу керегін түсінуге тырысасың. Ол санитар шайқас алаңынан жай ғана 20 жаралыны алып шығып қана қоймай, отқа оранған танктен барлық экипаж мүшелерін алып шықты, жанып жатқан танкті өз денесімен сөндірді.
Сонымен қатар сегіз отандасымыз екі рет Батыр атағына ұсынылған болатын. Олардың екеуі капитан Сағадат Нұрмағамбетов пен Сейтхан Темірбаев болса, әрқайсысы бір рет Батыр атағын алды, ал қалғандарына екі ретінде де берілмеді. Олардың арасында саперлер – қатардағы жауынгер Құдайберген Жансерік және аға сержант Мінайқұл Сағындықов, атқыштар ротасының командирі, лейтенант Қабыш Көктаев және снайпер, есебінде 248 фашистің көзін жойған аға сержант Зейтін Байжанов, сонымен қатар майор В.Гутов пен лейтенант В.Гутовский бар. Шығыс Қазақстан облысы Зыряновск қаласының тұрғыны майор Александр Несмиянов Кеңес Одағының Батыры атағына үш рет ұсынылды. Үш ретінде де берілмеді.
– «Ұмытылған қаһармандар» кітабын жазуға қанша уақыт кетті?
– Он жылдай болды. 2010 жылы Мемлекеттік тілді дамыту қорының қолдауымен біз алғашқы «Халық Батыры» патриоттық акциясын өткіздік. Мақсаты – 1941-1945 жылдары өткен соғыстағы қазақстандықтардың ерлігіне лайықты құрмет көрсету. Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған, бірақ әртүрлі себептермен осы лайықты марапатқа ие болмаған майдангерлердің есімдерін іздестіру мен халық жадында жаңғырту. Бұл – жеңіске жетуге тиіс тарихи әділеттілік. «Ұмытылған батырлар» жобасы сондай-ақ әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталған. Біздің жұмысымыздың алғашқы жемісі де бар. Бірінші кезеңде біз осы жоғары дәрежеге ұсынылған 10-ға жуық қазақстандықтың материалдары мен құжаттарын жинадық. 2015 жылы «Забытые Герои. Герои Советского Союза» атты жинақталған материалдар жарияланды.
Сонымен қатар Қазан қаласының Ұлы Отан соғысының Ұлттық музей-мемориалынан ресейлік әріптесіміз М.Черепанов бізге үлкен көмек көрсетті. Бұдан басқа, қазақстандық офицерлер туралы 25 томдық еңбек пен 2018 жылы жарыққа шыққан Батыр атағы берілмеген қазақстандықтар тақырыбына арналған кітаптың авторы Ж.Доспанов ағамыз елеулі жұмыс атқарды.
– Бұл жобаны жалғастыру ойыңызда бар ма?
– Біз осы жинақта батырларымыздың бір бөлігін ғана атап өттік. Кейбір жауынгерлерімізге КСРО Батыры атағын әділетсіз бермегені туралы және қазір олар «Халық Қаһарманы» атағына ие болу керек дегенді жиі естиміз. Бірақ дәлелдің барлығы да құжатталмаған, біз көптеген отандасымыздың ерлігі туралы мәлімдемелерді Ресейдің Қорғаныс министрлігінің архивінен таба алмадық. Алайда бұл ерлік жоқ дегенді білдірмейді. Дәлел мен құжаттарды іздеу жұмыстары жалғасуда. Бұл жинақта біз тек марапаттау парақшасы тізімінен табылған ардагерлерді кіргіздік.
Бұл жинақтың мақсаты – әрқайсысымыз өзіміздің батыр аталарымыз бен бабаларымызға көзқарасымызды өзгертіп, Екінші дүниежүзілік соғыстағы жерлестеріміздің ерлігін тағы да бір рет еске түсіру. Біздің қаһарман батырларымызға қатысты ұлттық немесе басқа да ерекшеліктерге негізделген кемсіту деген ойдан аулақпыз. Қалай болса да, бұл қатені түзетуге тура келеді. Күндердің күнінде әділеттілік орнайды және біздің батырларымыздың есімі мәңгі есте сақталады. Олардың есімдерімен көшелер, мектептер аталады. Олар туралы фильмдер түсіріледі. Олар – біздің мақтанышымыз! Бұл оларға қажеті жоқ, бірақ бұл бізге және біздің ұрпағымызға қажет. Керемет ерлік жасаған қаһармандардың ұмытылып кеткен есімдерін халыққа қайтару үшін мұны істеу керек. Өздерінің тікелей қызметтестері, олардың командирлері ерліктеріне бастарын иіп, оларға ең жоғары Батыр атағын ұсынды! Олардың ерлігі мәңгілік екенін және мақтаныш ету қажет екенін білген абзал. Ерлік ешқашан ұмытылмайды және ұмыт та қалмайды.
Сонымен қатар біз батырлардың туған-туыстарын, қайтып оралғандар туралы ақпаратты, олардың алдағы тағдырын іздестіруді жалғастырамыз. Әрине, бұл соңғы тізім емес. Әлі де құжаттары жоғалған және ұмытылған батырларымыз бар, бірақ күндердің күнінде архивтерден алынатын болады. Біздің батырларды іздестіру жұмыстарымыз жалғасады, өйткені әскери шындық бар, қаза тапқан соңғы жауынгер жер қойнына берілмейінше, соғыс аяқталмайды!