Өрт құрбандары әлі де көп
Өрт құрбандары әлі де көп
176
оқылды
Елімізде жыл сайын 18 мыңнан астам өрт оқиғасы тіркеледі. Ауқымды зардабы тигені бар, кішігірім өрт оқиғалары бар, бәрін қосқанда тәулігіне 50-60 жағдай тіркеледі екен. Оның 14 мыңға жуығы ауыл-аймақтар мен дала өрттері болса, қалғаны қаладан шығады екен. Тұрғын үй секторындағы өрт жағдайлары да алаңдатып отыр. Оған әлі де газ жетпеген, қыстың көзі қырауда көмір жағатын қаншама елді мекенді қосыңыз. 2019 жылғы мәлімет бойынша, өрттен туындаған материалдық шығындардың жалпы сомасы 12 млрд теңгеге жеткен. Ең көп тө­тенше жағдай Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облысы мен Қостанай облысында тіркеледі екен. 2017 жылғы статистика бо­йынша 15 438 өрт оқиғасы тіркел­ген. Салдарынан 352 адам көз жұм­са, 2018 жылы 14 567 оқиға бол­ған. Бұл 2017 жылғы статис­ти­кадан 6 пайызға төмен көрсеткіш болғанымен, өрт құрбандарының саны 19 пайызға өсіп, нәтижесінде 434 адам көз жұмған. 412 адам түрлі деңгейдегі жарақат алған. Ал жалпы шығын көлемі 3,5 млрд теңгеге дейін жеткен. 2018 жылғы деректерге сүйен­сек, бір ғана Нұр-Сұлтан қала­сының аумағында 445 өрт оқиғасы болған. Материалдық шығынның көлемі – 158 млн 694 мың теңге, 10 адам көз жұмған. Ал 2019 жылдың басында 69 өрт оқиғасы тіркелді. Соның ішінде 4 ақпан күні Көктал-1 тұрғын алабында шыққан өрт барша елдің қабыр­ғасын қайыстырған еді. Өрт сал­дарынан 2006, 2008, 2014, 2016, 2018 жылы дүниеге келген 5 бала көз жұмды. Ең кішісі – бар бол­ғаны 3 айлық. Тілсіз жау Алматы қаласын­дағы «Барахолка» базарын бірне­ше жыл қатарынан әуреге салды. 2012 жылы 27 тамызда «Дәстүр» киімдер базарында өрт шығып, 80 шаршы метрге дейінгі аумаққа залал келтірген. 2013 жылы жағ­дай одан сайын шиеленісті. 30 шілдеде «Адам» базарында 6 контейнер отқа оранды. Жалын шарпыған аумақ 80 шаршы метрді құрады, 1992 жылғы азамат ауру­ханаға түсті. 9 тамыз күні «Үш­қоңыр-7» базарынан өрт шығып, 1997 жылғы азамат Асылжан Дан­дыбаевты күйік шалған. 300 шар­шы метр аумаққа дейін жайылған өртті ауыздықтауға 80 адам жұ­мылдырылған. Осы жылы 13 қыр­күйекте «Олжа», «Аян» базарлары­нан шыққан өрт үлкен шығын әкелді. 5 400 шаршы метр аумақты жайлаған өртті өшіру үшін 142 тех­ника, 1 518 адам мен екі тікұ­шақ жұмылдырылды. 2013 жылы 17 қарашада «Құлагер» және «Арал» базарлары, 2013 жылы 12 желтоқсанда «Алатау-2» базары­ның бес контейнері, 2014 жылы 4 ақпанда шамамен сағат 21:00-де «Юпитер» базары, 2016 жылы 18 тамызда «Олжа» базары, 2018 жылы 1 қарашада сағат 13:41-де Барахолкадағы «Адем» сауда үйіндегі қоймалар отқа оранды. Бұл жағдай тиылды-ау дегенде, былтыр 6 қыркүйекте сағат 13:30-да металл-пластиктен жасалған бұйымдар сақталған бір қабатты қойма өртенді. Ал мамандар қоғам қауіпсіздікті сақтап үйренуі керек деп отыр. – Өрттің көпшілігі үй иелері­нің қарапайым қауіпсіздік ша­раларын сақтамауынан болып отыр. Қазіргі уақытта әр үйдегі электр құрылғыларының көп­тігінен электр желілеріне түсетін қысым мөлшерінен өрт шығу қаупі артып тұр. Апатты жағдай­дың алдын алу үшін әр өңірде «Өрт қауіпсіздігі айлығы» тү­сіндіру шараларын жиі өткізгені­міз дұрыс, – дейді Алматы қа­лалық ТЖД ресми өкілі Сандуғаш Баймұхамбетова. Халық көп шоғырланған оң­түстік аймақтарда жағдай мәз емес. 2019 жылы Қызылорда қа­ла­сына қарасты «Наурыз» сая­жайында шыққан өрттен үш жас­өспірім ауыр дәрежеде ула­нып, көз жұмды. Талдықорған қа­ласындағы «Сарыарқа» саяжа­йында пештің ысынан уланан 3 адам көз жұмған. Осы 2019 жыл­дың қаңтар айында ел бойынша 768 өрттен 29 өлім оқиғасы тіркелген. Тілсіз жау оқиғаларының тір­келуі жаңа жыл мерекесі қарса­ңында тіптен көбейе түседі екен. Жоғарыда тәулігіне 50-60 оқиға тіркелетінін айттық, жаңа жыл мерекесі қарсаңында ол едәуір артып, жапа шеккендер 3 есеге дейін артады. Бұдан бөлек, газ жетпеген аймақтарда көмір иісінен улану көбейіп кетті. Мамандар ол үшін дабыл құрылғысын орнату керек екенін айтады. Құрылғы – пеш­пен жылынатын тұрғын үйлердегі ауаның құрамынан улы газ мөл­шерін анықтайтын құрал. Егер ауадағы улы газ мөлшері шамадан тыс артып кетсе, дабыл құрыл­ғысы сигнал береді. Құрылғының бағасы аса қымбат емес. 5 мың теңгеден басталады. Қалтаңызға қарай 140 мың теңгеге дейін барады. Орташа есеппен алғанда, сапасына қарай 3-7 жылға дейін жұмыс істейді. Қызмет көрсету мерзімі аяқталғанда, құрылғы өзі дыбыс немесе жарық шығарып белгі береді. Құрылғыны арнайы мамандар орнатуы тиіс. Бірақ жырақ ауылдағы көмірмен жер үйін жылытатын ағайынның мұңы таусылар емес. Жылына кем дегенде 1 отбасы ыстан уланып қаза табады. – Қызылорда қаласына жа­қын маңдағы Сырдария ауда­нында тұрамыз. Аудан орталығы да толық газбен қамтылмай отыр. Осыдан 10 жыл бұрын 2-3 жылда газ келеді деп қуантып қойған. Құбырын жүргізді. Дегенмен сол газ әлі жоқ. Көмір жағатын үй­лерге қыста қауіпті. Былтыр ғана бір отбасының 6 адамы түгел иістен уланып қаза тапты, – дейді Бақыт Амангелдіқызы.   Түйін: «От пен су – тілсіз жау» деп жатамыз. Әрине, адам­дардың қауіпсіздікті сақтамай жататын кездері де бар. Дегенмен мамандар да айтып келмес апаттың залалын қоғамға жиі ұқтырса дейсің. Әр адам өз өмірінің иесі екенін естен шығармағаны абзал.  

 width=    Мадияр ТӨЛЕУ