Олар – бүгіннің батырлары

Олар – бүгіннің батырлары

Коронавирус індеті әлемді жайлаған ауыр кезеңде осы ауруға шалдыққан нау­қастарды емдеумен негізінен инфекционист-дәрігерлер, эпидемиологтар бетпе-бет келіп отыр. Олардың қазіргі жұмыс режимі өте тығыз әрі қауіпті. Қазіргідей сын сағатта дәрігерлердің жұмысы аса жауапты екенін түсінеміз. Ал медицинаның өзге сала­ла­рына маманданған дәрігер­лер қазіргі ахуалдың тым салмақты екенін бізден жақ­сы түсінеді. Алматы қала­лық кардиология орталығы­ның бас дәрігері Алмат Қодас­баевпен әңгіме барысында осыған көз жеткіздік. «Бұл – аз ғана уақыттың ішінде әлемнің жартысын жаулап алған өте қауіпті кесел. Сол кеселге араша түсуге алдыңғы шепте дәрігерлер жүр. Олардың еңбегі орасан. Аурудың өте қауіпті екенін біле тұра өз өмірлеріне қауіп төндіре отырып, өзгелердің өміріне араша болып жүрген әріптестеріме қажырлылық пен шыдамдылық тілеймін. Бұл – өте жауапты іс. Осындай жауапты істі қолға алып, індетпен күресіп жатқан дәрігерлерді бүгіннің батырлары деуге болады. Олардың еңбегі ақталып, істерінің жемісі де көріне бастады. Қазіргі таңда емделіп шыққан адамдар бар. Дегенмен әлі де болса ажалмен арпалысып, өмір мен өлімнің арасында жатқандар да жеткілікті. Ауру жұқтырған азаматтардың өз отбасына аман-есен оралып, әрі қарай ұзақ өмір сүруі үшін аянбай еңбек етіп жатқан дәрігерлердің ісі үлгі тұтарлық», – дейді медицина ғылымдарының кандидаты, жо­ғары санатты кардиохирург Алмат Тұрысбекұлы.  

Дәрігерлерге күйе жағуға болмайды

Қазір әлеуметтік желі арқылы азаматтар өз ойын ашық білдіре алады. Кейінгі күндері әлеуметтік желілерде «Дәрігерлер осы ауруды әдейі жұқтырып, мемлекеттен ақша алуды көздеп отыр» де­ген пікірлер айтылып жатыр. Осындай пікірді естігенде көңілің құлазиды. Себебі көпшілік Гиппократ антын қабылдаған маман ретінде дәрігерге зор сенім артады. «Дәрігерлер өздеріне әдейі ауру жұқтырып, ақша тапқысы келеді» деген –жалған пікір. Тек жалған ғана емес, бұл ақ халатты абзал жандарға жағылған күйе деп есептеймін. Өйткені дәрігер де адам, ол кісілердің де ата-анасы, бала-шағасы, туған-туысы бар. Солардың бәрінің көңілін қиып, оларға қауіп төндіріп, өзіне әдейі ауру жұқтырып, сол жерден пайда табам деп ойлау – ешқандай ақылға сыймайтын, тіпті үш ұйықтаса түсіне кірмейтін нәрсе. Дәрігердің күнделікті қыз­метіне жүгініп, солардың адал қызметінің пайдасын көріп, өз ден­саулығын түзетіп жүрген азамат­тардың осындай жаман пиғылдарына қайран қаламын. Ел басына қиындық түскен кезде біреудің немесе өз денсаулығына зиян келтіре отырып, содан ақша, нәпақа табуды жөн деп ойласа, ондай адам ешқашан дәрігер бола алмайды және ондай азаматтар ақ халатты абзал жан деген ардақты атқа, ұлы сөзге лайық емес. Ондай адамдар дәрігерлер қатарында нық басып, жұмыс істеп жүре алмайды», – дейді ол.  

Инфекционист-дәрігерлер жеткілікті ме?

Көптеген елде осы індеттің ас­қынуына байланысты инфек­ционист-дәрігерлер, тіпті мейір­бикелер жетіспеушілігі байқалып отыр. «Алдағы уақытта бізде де маман тапшылығы болмай ма?» деген ой әрқайсымызды ма­залайтыны рас. Себебі инсти­тутты бітіріп, қолына дәрігер дипломын бергенде осынша үл­кен ауқымда инфекциялық ауру болады деген болжам жа­салмаған. Сол үшін көп көлемде инфекционист-дәрігерлер дайын­­далмаған. Көп мемлекетте дәрігерлер жетіспеушілігі болып жатқаны сондықтан. Біз мұндай тығырыққа тірелмейміз бе? Алмат Тұрысбекұлының ай­­туынша, жалпы бекітілген стан­дарт­тарға сәйкес, халық санына, ин­фек­циялық аурулардың ықти­мал­дығына байланысты Алматы қа­­ласында инфекциялық клини­ка­лық аурухана, балалар инфекция­­лық ауруханасы бар. Олар жылда кездесетін басқа да инфекциялық ауруларға қарсы күресуге дайын, соған сәйкес штат белгіленген. Қазір ин­фекциялық дәрігерлердің, эпидемиологтардың жетіспеу­іне байланысты зейнет жасында болсын немесе басқа да себеп­термен үйде отырған ма­ман­дарды шақырып, осы ауруға қар­сы бірге күресуге ұсыныс жа­салды. Олар қолұшын беріп, көмек­тесуде. Олардың арасында дә­рігерлер ғана емес, осындай инфек­циялық науқастарға қызмет көрсете алатын медбикелер де бар. Өзіміздің орталықтарда нау­қастарды қарауға немесе осын­дай қауіпті ауруы бар деген науқас­тар түскен жағдайда оларды ар­найы тексеруден өткізуге машық­тан­дырылған, қысқаша болса да дайын­дық сабақтарын алған, нау­қас­тарды қалай күтіп, қалай оқшау­лау керек, қандай талдама­лар алу қажет екенін үйреткен арнайы дәрігерлер, қабылдау бөлі­мінің, реанимация бөлімінің дәрігерлері, медбикелері бар. Қауіпті індетке қарсы күресте еліміздің, оның ішінде Алматы қаласының дәрігерлері өз антына адал, білікті маман екенін және ауызбіршілігі зор екенін көрсетіп отыр.  

   Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ