Кеншілер қаласындағы кездесу
Кеншілер қаласындағы кездесу
184
оқылды

Елбасының партия съе­зін­де берген тапсырма­ла­рының өңірлерде қалай жү­зе­ге асып жатқанын көз­дерімен көру мақсатында ел аралауға шыққан Мәжілісі депутаттарының бір тобы Текелі қаласындағы Green House ЖШС және «ТЭЦ» энергокешенінің еңбек ұжымдарымен кездесті.

Мәжіліс депутаттары Марат Бопазов, Ерсұлтан Бектұрғанов, Жанат Жарасов жұртшылықпен жүздесу барысында алдағы мау­сым­да болатын сайлаудың заң аясында өтуіне байланысты ойын айтып, Парламент Мәжілісінің бірінші тоқ­санында атқарылған жұмысының қорытындысымен таныстырды. Nur Otan партия­сы­ның ХVIII съезінің қорытындысы, партияның «Бақуат­ты қоғам: он жылдыққа он мақсат» бағдарламасы жайлы әңгімеледі. 
Кездесулерге Nur Otan партия­сы Текелі қалалық филиалының төра­ғасы Бақтияр Өнербаев пен төра­ғаның бірінші орынбасары Мар­ғұлан Ботантаев, қала тұрғын­да­ры, барлық деңгейдегі мәслихат де­пу­таттары, мекеме басшылары, үкі­­мет­тік емес ұйымдар өкілдері қатысты. 
Шағын қаладағы экономикада шағын және орта бизнестің алатын үлесі қомақты. Қазіргі кезде бұл салада 2 780 адам жұмыспен қам­тыл­ған. Өткен жылы сатылған та­уарлар мен көрсетілген қызметтер­дің көлемі 17,3 млрд теңгеге же­тіпті. Биыл «Лео Мастер» ЖШС-де жеміс-жидек сұрыптау цехын іске қоспақ. Салынатын инвестиция көлемі – 24 млн теңге және 15 жаңа жұмыс орны ашылады. 
Депутаттар барған өндіріс ошақ­тарына келер болсақ, екі кә­сіпо­рын­­ның да қала тірлігіндегі, эконо­ми­касындағы алатын орны аса сал­мақты. «ТЭЦ» энергокешені қа­ла­ны жылумен және энергиямен қам­­тамасыз етеді. Мұнда 231 адам жұ­мыс істейді. Ал Green House ЖШС жылы­жайы 2 гектар аумаққа орна­ласқан. Жүзге жуық адам осын­да ебек етіп, бала-шағасын асырап отыр.
«Халықпен кездесуде бірінші кезекте, Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баевтың әлеуметтік бастамала­ры­ның жүзеге асырылуы барысына, оның ішінде тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларды қолдау шараларына ерекше көңіл бөлдік. Осы бағытта қабылданған заңна­ма­лық түзетулер, сондай-ақ жалпы заң шығарушылық жұмыстар жө­нінде түсіндіруді жөн санадық», – дейді топ жетекшісі Ерсұлтан Бектұрғанов. 
Осыған орай ойын айтқан қала әкімі Бақтияр Әлтайұлы өткен айда «Бақытты отбасы» партиялық жо­басы аясында Текелі энергокеше­нінің директоры (ТЭЦ) Арман Отарбаев көпбалалы ана Назгүл Қо­жакееваға 4 бөлмелі үй сыйла­ға­нын жеткізді.
Мәжіліс депутаты Марат Бопа­зовтың айтуынша, Green House ЖШС өткен кездесуде жұмыс­шы­лар әлеуметтік салаға қатысты ой­ла­рын айтып, ұсыныс білдіріпті. «Осы­ған байланысты әкімдер мен тағы басқа да атқарушы билік же­тек­шілері, кәсіпорын басшылары халықтың еңбекақысының көтер­луі­не көңіл бөлгендері жөн. Ел­ба­сы­мыз, партия Төрағасының нұро­тан­дықтардың алдына қойған ма­ңызды міндетінің бірі – халық­тың әлеуметтік әл-ауқатын көтеру, мем­лекеттік қызмет пен бизнестің қол­жетімдігін арттыру» деп атап өтті депутат.
Мәжілісмендер еңбек ұжым­дары қызметкерлеріне міндетті әлеу­меттік медициналық сақтан­дыру, әлеуметтік қамсыздандыру, тұрғын үй, білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы жаңалық турасында айтып, кездесуге жи­нал­ғандардың ұсыныс-тілегін тың­да­ды. Жұмыс­шылар тарапынан қоз­ғалған бірқа­тар өзекті әлеуметтік мәселені на­зарға алып, тиісті орын­дарға жет­кізуге және олардың шешілуіне ықпал етуге уәде берді. 

Болат АБАҒАН,
Алматы облысы