Кредит-қарызды ауылдас, көрші, ағайыннан алуға, ал теңге-ділдәні сандық түбінде сақтауға үйренген көшпелі халқымызда банк болмағаны белгілі. Алғашқы банктер Қазақстанда патша өкіметі тұсында ашылып, Кеңес Одағы тұсында мемлекеттік-салалық банктер түрінде дамыды. Бірақ бұл сектордың нағыз өрлеуі тәуелсіздік алған жылдарға тап келді.
Өткен ғасырдың 90-жылдары Қазақстанда қаржылық ұйымдар саны буырқана өсті. Қазір айтса, адам сенбеуі мүмкін, бірақ ол тұста коммерциялық банктердің саны 200-ден асқан. Нақтырақ айтсақ, елімізде 1993 жылы 724 филиалы бар 204 банк, 1994 жылы 1 042 бөлімшесі бар 184 банк жұмыс істеген. Ізінше, саланы мемлекеттік реттеудің күшейтілуі, қайта-қайта соққан дағдарыстар, жоспарлы экономикадан нарыққа көшудегі өтпелі кезеңде тез ауқат жиып алған бірқатар байлардың шетелге көшіп кетуі және басқа да факторлар әсерінен банктер бірінен соң бірі жабылып қалды. Осылайша, 2000 жылы банктер саны 48-ге, ал филиалдары саны 418-ге дейін кеміді.
Ұлттық банктің дерегінше, 2019 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстанның банк секторында небәрі 28 банк қана жұмыс істейді. Бұл әрине, өте аз. Әрі нарықтағы үлкен бәсекелестік туралы ауыз толтырып айту қиын.
Салыстыру үшін келтірсек, көрші Ресейде 2019 жылғы сәуірдегі жағдай бойынша барлығы 430 коммерциялық банк жұмыс істеп жатыр. Рас, оларда 2018 жылдан бергі бір жыл ішінде банктер сапы 77-ге азайыпты. Бірақ бәрібір Қазақстандағыдан 15 есеге көп. Тіпті небәрі 6,4 миллион ғана халқы бар көрші Қырғызстанда 25 банк жұмыс істейді.
Даму жөнінен қазақстандық банк секторын өзбекстандықпен салыстыруға болады. Жақында жарияланған ақпаратқа жүгінсек, ала шапанды ағайындарымызда бүгінде 29 коммерциялық банк қызмет жасайды екен. Бірақ оның тек 6-ауы ғана жекеменшікте көрінеді. Кейбір деректер бойынша биыл Өзбекстанда жаңадан тағы екі банк – «Қазақстан халық банкі» құрған Tenge Bank, сондай-ақ грузиндік TBC Bank іске кіріседі деп күтілуде.
Қазақстанда 28 банк негізінен жеке қолда болғанымен, дағдарыс жайласа, олар қол жайып, мемлекеттен қолдау қаржы алатыны жасырын емес. Яғни, аты жекеменшік болғанымен, заты бюджеттік сүйемелдеуге зәру.
Тағы бір салыстыру келтіре кетсек. 2019 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша, Өзбекстан банктеріндегі халықтың салымдарының көлемі бірден 8,1%-ға ұлғайып, 15,891 триллион сумға (1,88 миллиард долларға) жеткен.
Өзбекстан Республикасы Орталық банкінің дерегінше, жыл басынан бері оларда ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі 10,3%-ға артқан. Бұл ретте өзбек сумындағы салымдар үлесі 62%-ды иемденіпті.
Тұтастай алғанда, 2018 жылдың қорытындысы бойынша, ӨР-де халықтың банктердегі жинақтарының жалпы мөлшері 14,7 триллион сумға немесе 1,7 миллиард долларға жетті. Өзбек ағайындардың әл-ауқатының қалай еселеп молайып келе жатқанын аңғару үшін 2017 жыл қорытындысында оларда халық салымының көлемі 12,2 триллион сум немесе 1,4 миллиард доллар ғана болғанын айта кеткен жөн. Оның алдында 2016 және 2015 жылдары бұл көрсеткіш тиісінше бар-жоғы 8,531 триллион сумды (1 млрд долларды) және 6,966 триллион сумды (824,2 миллион долларды) ғана құраған.
Қазақстанның жағдайына келсек, Ұлттық банктің дерегінше, 2019 жылғы І тоқсанның қорытындысы бойынша елімізде резиденттердің депозиттерінің көлемі наурыз айында 2,1%-ға азайып, 17 триллион 207,9 млрд теңгені құраған. Соның ішінде 8 триллион 757,9 млрд теңгесі заңды тұлғалардың, яғни отандық компаниялар мен ұйымдардың депозиттеріне тиесілі. Олардың салымдарының көлемі 4,3%-ға кеміген.
Ал халықтың жайына тоқталсақ, жеке тұлғалардың депозиттері 8 триллион 450 млрд теңге (21,9 миллиард доллар) болыпты. Бірақ болмашыға ғана, 0,1%-ға ұлғайған.
«Ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі бір айда 1,4%-ға ғана ұлғайды. Қазір ол 10 трлн 60,4 млрд теңгені құрайды. Ал шетел валютасында депозиттер 7 трлн 147,4 млрд теңгеге тең және 6,8%-ға азайды. Доллар үлесі 2019 жылғы наурыздың соңында 41,5%-ды (2018 жылғы желтоқсанда – 48,4%) құрады», – деп мәлім етті қаржылық реттеуші. Яғни, өзбек сумына қарағанда, қазақ теңгесінің депозиттердегі позициясы әлдеқайда әлсіздеу. Халықты доллардан бас тартқызуға АҚШ валютасындағы депозиттер сыйақыларының 1 пайыздан аспауы да көп ықпал ете алмағандай.
Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа сыйақы ставкасы 7,2%-ды, ал жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 9,4%-ды (былтыр 10,4% болған) құрады.
Коммерциялық банктер байлығының ауқымы да анықталды. ҰБ мәліметінше, банк секторының жиынтық активтері 2019 жылғы 1 сәуірде 24 триллион 577,4 млрд теңгеге теңелді. Сөйтіп, биылғы жыл басынан бері 2,6%-ға азайған.
Активтердің құрылымында ең көп үлес кредиттерге келеді: 48,2%. Одан кейінгі ірілері – бағалы қағаздар (21,5%), қолма-қол ақша, тазартылған-аффинирленген алтын және басқа да бағалы металдар, корреспонденттік шоттар (12,9%).
Қазіргі кезде отандық банктердің кредиттік портфелі біршама тазартылыпты. Атап айтқанда, берешегі төленуі қойылғанына 90 күннен астам уақыт өткен кредиттер (яғни, NPL) көлемі 1 триллион 122,8 млрд теңге немесе несие портфелінің 8,6%-ына пара-пар.
Отандық банктер шетелден алған қарыздарын қайтаруда. Бұған қоса, кейбір банктерден халық өз салымдарын әкетуде. Нәтижесінде, банк секторының жиынтық міндеттемелерінің көлемі 21 триллион 516,9 млрд теңгені құрап, жыл басынан бері 3,2%-ға төмендеді.
– Банктер міндеттемелерінің құрылымында ең жоғары үлесті клиенттердің салымдары (77,4%), айналымға шығарылған бағалы қағаздар (8,2%), басқа банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан алынған қарыздар (2,7%) иеленеді. Жиынтық міндеттемелердегі банктердің бейрезиденттер (шетелдіктер) алдындағы міндеттемелерінің үлесі 2019 жылдың басымен салыстырғанда 6,2%-дан 6,4%-ға дейін ұлғайып, 1 трлн 309,5 млрд теңгеге жетті, – дейді Ұлттық банк өз есебінде.
Банк секторының жиынтық меншікті капиталы 2019 жылғы сәуірдегі жағдай бойынша 3 трлн 60,5 млрд теңгені құрады және 1,3%-ға көбейген. Банктерде 50,3 млрд теңге таза шығын (ағымдағы шығыстардың ағымдағы кірістерден асып кетуі) да тіркеліпті.
Сарапшылар еліміздегі саны онсыз да аз банктердің қатары ары қарай селдірей беруі мүмкіндігін айтады. Қазақстандық қор биржасының (KASE) ресми сайты AsiaCredit Bank пен Capital Bank Kazakhstan «Тенгри банкіне» қосылуы мүмкін екенін жариялады.
«31 мамырда Tengri Bank, AsiaCredit Bank және Capital Bank акционерлерінің бірлескен жиыны өтеді. Онда дәл осы мәселе талқыға салынады. Жиын күн тәртібіне Тенгри банкінің ерікті түрде қайта құрылымдануы, сондай-ақ оның AsiaCredit Bank пен Capital Bank-ті өзіне қосып алуы туралы келісімшартты бекіту мәселелері енген» делінген хабарламада.