Transparency International ұйымы сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінің жаңа әлемдік рейтингін түзді. Онда Қазақстан 100 ұпайдың 31-ін иемденіп 124-орыннан көрінді.
Өсу ме, өшу ме?
Әдетте рейтингтің жоғарғы сатысынан көрінуді қалайтын біздің ел қалайша жүздіктің ауылынан тысқары қалды. Ананың бестігінде, мынаның ондығында, болмай қалғанның өзінде елулікте жүретін елдің бар абыройын жемқорлық рейтингі құртқаны жақсы емес. Жұмыс істеліп жатыр. Екі күннің бірінде жемқорды құрықтаймыз. Пара берген де, алған да ұсталуда. Бірақ рейтинг нәтижесіне үңілсек, бұл салада атқарып жатқан жұмысымыздың нәтижесіз екенін анық байқадық. Ендеше парақорлықтың түп-тамыры бәлкім басқа нәрседе болар?
Рейтингте бізге діні де, тілі де жақын Орталық Азиядағы көрші елдердің ахуалы тіпті мүшкіл. Көтеріліс пен реформаларға жаны құштар қырғыз ағайындар 29 ұпаймен 132-орынға жайғасты. Тәжіктер – 152-орында, өзбектер – 158-де, ал түркімендер 161 сатыда орналасқан. Түйін: олар бізге емес, біз оларға үлгі болуымыз керек. Ал Ресей ше? Біз тұрмақ, бүкіл әлемге үлгі болуды қалайтын орыс жұрты 28 ұпай көрсеткішімен 138-орында. Алдыңғы үш жылдағы көрсеткішінен төмен. Етене жақын, ортақ экономика құрамыз деп жүрген екі бағытымыз да парақорлықтың алдында пәрменсіз екен.
2017 жылмен салыстырғанда, Қазақстан алдыңғы көрсеткіштерін сақтап қалды. Біздің қатарымызда 31 ұпаймен Габон, Непал, Джибути сынды елдер орналасты. Рейтингтегі көршілеріміз ренжімесін, біздің орын бұ кісілердің қатарында емес еді. Ең болмағанда 41 сатыдағы Грузия мен 78-дегі Түркияның арасында болу міндетіміз.
Парақорлық қай бабамнан қалған әдет?
Ақша алдында арын жасырып, алтын үшін адамгершілік қасиетін құрбан ететін толқынның пайда болуы Кеңес үкіметінің шекпенінен шыққан елдердің барлығында кездеседі. Тек кейбіреуі бұдан сабақ алып, ерте айықты. Ал басым бөлігі – әлі қалың ұйқы құрсауында. Себебі, ақшаға құныққан бір топ, оңай ақшаға дәмелі екінші топты жасақтайтыны жасырын емес.
80 мен 90-жылдар арасында біз ғұмыр кешіп, мақтан тұтқан Кеңес үкіметінде тоқырау болып, экономика дефицитке құрылды. Бәрі бар, бірақ ештеңе жетпейді. 1991 мен 2000 жылдар аралығында тәуелсіздік ұғымымен өмір сүру тәтті болғанмен, тұрмыс тұрғысынан ауыр тиді. Бәрі бар, бірақ қымбат әрі сапасыз. Міне, осы бақандай 20 жылда елдің пиғылы өзгеріп, ашкөздік бойға сіңді. «Алсам», «жесем» деген ұстаным моральды принциптерді көлеңкесіне қалдырды. Өнім өндіргеннен гөрі алып-сату тиімді болды. Ел жаппай ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге икемделді. Жұрт делдалдық деген заңды «бизнесті» құп көрді. Екі бизнестің ортасында отырып-ақ ақша табу пысықтардың ермегіне айналды. Біреуге бір нәрсе көрсетіп те, бағыттап та ақша табу көздері пайда болды. Саясатта жүрсең, билігің болып, қолыңда бюджет қаржысы болса, айың тіпті оңынан туды. Көмектесесің де, қажетті пайызыңды аласың. Айналып келгенде, терлемей ақша табу басында сәнге, кейін әдетке айналды. Ауру қалса да, әдет қалмайды. Енді кеп осы дерттің көзін жоюда істемей жатқан шарамыз жоқ. Сіңіп қалғаны соншалық, кейінгі буынның да кеселіне ұласады-ау деген қауіп бар.
Бәсекені түсінбесек…
Елбасы бәсекеге қабілеттілік туралы жиі айтады. Саннан сапаға көшіп, сападан пайданы көздеуге шақырды. Шағын және орта бизнесті қазақтар ұршықша иірсе екен деп тіледі. Ал біздікілер не істеді дейсің?..
…Біздікілер бәсекеге қабілеттілікті орындауға толықтай кірісті. Шенеунігі бар, бизнесмені бар, түптеп келгенде қара жаяу бұқараға дейін елдің артында емес, алдында көрінуге тырысты. Зәулім үй соғып, қымбат костюм киіп, бренді бір түйеге жүк болатындай аксесуарларға қызығып, көлік мініп, ең соңында той жасап жарысуды бастады. Нәтижесінде, бірінен-бірі асуға тырысты. Бәсеке артты. «Ақымақты батыр десең, бөркі қара қазандай болады» дегендей, Елбасы тапсырмасын орындадық деп мұңсыз жүр. Ұят, иә?! Алайда осы бәсекелестікке түсем деп талай шенеунік мансабына балта шапты. Қайтсін енді, мемлекеттік қызметкердің айлығы күнделікті ішіп-жемі мен киіміне жеткенімен, той жасап, қымбат көлік мінуге жетпейді. Шетелде демалу тіпті мүмкін емес. Ал бәсекелестік қысып барады. Ақша табу керек. Ақша табатын-ақ миы бар. Бірақ ойға келген оңтайлы іспен емес, бойға сіңген әдет арқылы, оңай жолды таңдап, бюджет қаржысын бөліп беріп-ақ пайызбен күн көруді көздеді.
Адамы да, заманы да өзгеретін бұл фәни мұндай істің алға баспайтынын күнде дәлелдеп келеді. Ақпарат көздерінен парамен ұсталып жатқан жанда есеп жоқ екенін оқимыз. Сонда да қоймаймыз, ала бергіміз келеді, қалтаға сала бергіміз келеді. «Бәсеке» бойды жығып барады. «Ай, осы мені ұстамайтын шығар» деген есек дәме бәрін темір торға тығып жатыр.
Үміт…
Бұл жас мемлекеттің бойындағы өтпелі кезең де шығар. Күндердің күнінде Лондонның мэрі секілді Қазақстандағы ірі қалалардың әкімдері қоғамдық көлікпен жұмысқа қатынап, қоғамдық орындарда жиі көзге ұшырайтын шығар. Министрлер мен депутаттар отандық өнімді тұтынып, артық ысыраптан бойын аулақ ұстар. Сонда барып халқы сол күйге енер. Сол кезде ғана бәсеке деген ұғымды адамдардың тұрмысына емес, экономиканың өркендеуіне әкеп тірейтін болармыз. Сол кезде ғана парақорлық жойылмаса да, бүгінгідей қорқынышты күйде болмасы анық.
Шолпан Айтенова, Zertteu research institute қоғамдық қорының директоры:
– Жемқорлықты қабылдау индексінің жаңа нұсқасы жарияланды. Қазақстанның «жетістігі» бұрынғыша: 100-ден 31 балл. Мұны әрқалай түсінуге әрі түсіндіруге болады: өткен жылғы позициямызды сақтап қалдық. Мәселен, Венгрия, Түркия мен Әзірбайжанның аталған рейтингтегі көрсеткіші бұл жолы біршама құлдырады. Қазіргі жалпы аласапыран жағдайдағы тұрақтылығымыз оң әсерін қалдырғандай. Орталық Азия елдері арасындағы үздік көрсеткіш бізде. Тіпті Ресейден озық шықтық, бұл да аргумент…
Ал егер әзілді былай қойып, шынтуайтына келер болсақ, қазақстандағы жемқорлықты қабылдау индексінің дұрыс бағытқа бет бұрып, қарқынын күшейте алмай жатқаны қашан? Policy талдау да, тәжірибе жүзінде жүзеге асырылып жатқан іс-шаралардың ешқайсысы нәтиже беретін емес. Жемқорлыққа батқан шенеуніктерді былай қойып, тұрмыс деңгейінде жасалып жатқан жемқорлықты қабылдау индексінің нәтижесі қаншалықты тиімді? Ең бастысы, салық төлеуші «айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылатынына» келісер ме еді?..