«Бангкок-Өскемен» бағытымен Ресей азаматтары да ұшып келуі мүмкін
«Бангкок-Өскемен» бағытымен Ресей азаматтары да ұшып келуі мүмкін
148
оқылды
Өскеменге Тайланд астанасы Бангкоктан Ресей азаматтары да ұшып келуі мүмкін. Бұл туралы Тайланд корольдігіндегі Ресей елшілігінің ресми сайтында жазылған екен. «Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі «Бангкок – Өскемен» чартерлік әуе рейсін шығарғаны мәлім. Осы рейспен елге қайтуды ойлаған Ресей азаматтары да ұша алады. Біз Тайландтағы Қазақстан елшілігімен келістік. Ұшақтағы орын саны шектеулі. Билет бағасы – 500 доллар. Баса айта кетерлігі, азаматтардың Өскеменнен Ресей шекарасына және одан ары қарай үйіне жетуі өздерінің қолдарында. Қазақстан аумағында карантин ережелерін де сақтай білуі керек», – делінген Ресей елшілігінің ақпаратында. Ал «СКАТ» әуе компаниясының сайтында «Бангкок – Өскемен» билетінің бағасы 172 956 теңге деп көрсетілген. Сонымен қатар онда «Денпасар (Индонезия) – Өскемен» билеттері де сатылуда. Бағасы – 173 018 теңге. Жергілікті Уk.kz сайтының жазуынша, «Бангкоктан 14 сәуір сағат 14:30-да ұшып шыққан ұшақ сол күні Денпасарға қонады. Бұл ұшақ Денпасардан сағат 20:00-де қайта ұшып шығып, Өскеменге 15 сәуір күні 9:30-да жетеді». Ал осы ұшақпен Өскеменге келген жолаушылар карантинге жабыла ма? Жабылмаса қайда барады? Ресейлік жолаушылар карантинге жабылған қаладан қалай шығады? Өкінішке қарай, ресми орындардан бұл сұрақтарға әлі жауап болмай тұр.

Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан облысы