– Қайдан келесің, қайда барасың?– Германиядан Семейге.– Не апара жатырсың?– Картоп тұқымын.– Өзің қай жақтан боласың?– Беларусь елінен.– Ал бірдеңе тастап кетесің бе?– Не тастау керек?– Темекі алғанға дегендей…– Міндетті түрде тастау керек пе?– Жай ғана шын ниетіңмен таста, бірақ шын ниетіңмен болсын...12 сәуір күні Telegram желісі арқылы осындай бір қызық диалог тарап, басқа да әлеуметтік желілер арқылы жалпақ жұртқа жайылды. Құдды бір Бейімбет Майлиннің «Уа, кімсің, қайдан келесің?» деп басталатын әйгілі өлеңі секілді. Кейін анықталғандай, Павлодар облысы бойынша шұғыл әрекет ету жасағының (ШӘЕЖ) қызметкері Шідертідегі блок-бекетте жүк көлігін тоқтатып, жүргізушіден «бірдеңе» алып қалуға тырысқан. Бұл әрекетті жүргізуші көліктегі видеокамераға жазып алып, таратып жібереді.
Әрине, бізді қызықтырған жол торыған жемқорлық әрекеті емес, бұл тауар таситын жүргізушілерден талай естіген әңгіме. Оның үстіне, 13 сәуір күні карантин блок-бекетінен ақша жасамақ болған ШӘЕЖ қызметкерінің жұмыстан босатылып, үстінен қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Бізге қызық көрінгені – сонау Германиядан Семейге жол тартқан картоп тұқымы. Осы оқиғаны көрген соң ұзақ жыл Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы институтын басқарған ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Теміржан Айтбаевқа қоңырау шалдық. «Картоп тұқымы бойынша Қазақстанда проблема жоқ. Қазір 205 мың гектар жерге картоп егіледі. Ол алқапқа тұқымдыққа 700 мың тонна картоп тұқымы керек. Елімізде картоп бойынша 40-тан аса тұқым шаруашылығы жұмыс істейді» деп жауап берді ғалым.
Теміржан Ерқасұлының айтуынша, еліміздегі картоп алқабына жыл сайын 12 мың тоннадай элиталы тұқым қажет. Өзімізде өндірілген элиталы тұқымның бағасы келісі 120-150 теңгенің аралығында десек, оның 70%-ын мемлекет субсидиялайды. Мәселен, шаруашылық иесі 150 теңгеге тұқым алса, 105 теңгесін Үкімет төлейді де, тек 45 теңгесі қалтасынан шығады деген сөз. «Ал шетелден келетін тұқымның құны біздегіден үш есе қымбатқа түседі. Екіншіден, шетелдік тұқым біздің климаттық жағдайға бейімделмегендіктен күйзеліске ұшырайды да, екі-үш жылда өнімділігін жоғалтады. Сондықтан картоп болса, басқа да көкөніс түрлері болсын тұқымдық шаруашылықтарды дамытуымыз керек. Себебі картоптан басқа көкөніс дақылдары тұқымдарының 70%-ын шетелден сатып алып отырмыз. Көкөніс бойынша елімізде бірде-бір тұқым шаруашылығы жоқ», – деді Теміржан Айтбаев.
Ғалымдардың айтуынша, Кеңес Одағы кезінде Қазақстан тұқым шаруашылығы көлемі жөнінен Украина мен Молдовадан кейін үшінші орын алған. Яғни республикада өсірілген тұқым тұтас одаққа тарап тұрған. Алайда қазір өндіріс құрыған.
Айтқандай, әңгіме жоғарыдағы блок-бекеттен шығып еді ғой. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 31 наурыз күні халыққа үндеуінде көктемгі дала жұмыстарына дизель отынын арзан бағамен жеткізуді тапсырып, бағадан бөлек, оның сапасын да қатаң қадағалау керегін ескерткен. Өйткені дизель отыны сапасы нашар болса, шаруаның қолындағы несиеге алған техникаға нұқсан келеді. Фермер үшін ондай арзан өнімнің пайдасынан зияны артық. Сондай-ақ Президент егістікке қажет тыңайтқыш пен тұқымның блок-бекеттерде тұрып қалмауын, дер кезінде жетуін Үкімет пен Бас прокуратураға жүктеді. Төтенше жағдайды реттеу үшін құрылған Мемлекеттік комиссия да өңіраралық үйлестіру жұмысын қадағалауы тиіс болды. Дәл қазір тапсырылған міндеттемелердің орындалуы жоғарыдағы «темекіге ақша сұрау» оқиғасымен шектелмеген шығар деп ойлаймыз.
Десе де, таяу күндері Түркістан облысының диқандары ерте піскен қияр мен қырыққабат өнімін өткізе алмай, еңбектері зая кеткенін айтып дабыл қақты. Жыл сайын өнімін Ресейге өткізіп келген шаруалар коронавирус кесірінен тауарын қажетті жеріне жеткізе алмаған. Ал өзіміздің өңірлерге апарып саудалайын десе, жеткізу қызметі, логистика тиімсіз. «Бізде әкімдердің өзара байланысы жоқ. Әрқайсысы жеке мемлекет сияқты. Дәл қазір солтүстік, батыс, және орталық өңірлерде қырыққабат пен қияр бағасы ұшып тұр. Ресейге сатқанша неге сол жаққа апармасқа? Өйткені бізде күзгі өнім болмаса, ерте пісетін көкөніс өндірісінің есебін ешкім білмейді. Ол тек фермердің ғана проблемасы сияқты», – дейді ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы Теміржан Айтбаев.
ІШКІ НАРЫҚ ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚАМТЫЛҒАН?
Сонымен, Қазақстан көкөніспен өзін-өзі қаншалықты қамти алады? Қазақ тағамтану академиясының дерегіне сүйенсек, норма бойынша бір адам жылына 120 келі көкөніс жеу керек. Бұл біз секілді дамушы елдерге арнап жасалынған төмендетілген норма, дамыған елдерде оның көлемі де, көкөніс түрлері де айтарлықтай жоғары. Дегенмен 120 келі өлшемімен алсақ, елімізге жылына 2,16 млн тонна көкөніс керек екен. Ресми статистикаға сүйенсек, жыл сайын көкөніс өндірісі артып келе жатыр. Биылғы егіс алқабы 22,5 млн гектарды құрап отыр. Оның ішінде рентабельді майлы дақылдар алқабы 3 млн гектарға жетпек. Ал көкөніс-бақша дақылдары 19 мың гектарға, мал азығы дақылдары 300 мың гектарға ұлғайтылған. «Жоғарыда картопты 205 мың гектар жерге егеміз дедім. Ол жерден 3 млн тоннаның үстінде картоп аламыз, ішкі қажеттілік 2,5 млн тонна көлемінде, яғни 1 млн тонна артық өндіреміз. Көкөніс дақылдары егістігі 150 мың гектардан асып кетті. Ол алқаптан 3 млн 700 мың тонна өнім аламыз. Көкөніске ішкі сұраныс та 2 млн тоннаның маңайында, мұнда да артығымен көрсеткіш бар. Бізде өнімді сақтау жағы шешілмеген дейді», – Т.Айтбаев.
Расында да, Қазақстан бойынша қоймалардың жалпы сыйымдылығы 800 мың тоннадай ғана. Демек, ұзақ мерзімге сақтайтын қырыққабат, сәбіз, пияз, қызылша көкөністеріне орын жоқ деген сөз. Елімізде өнімді сақтау көрсеткіші 25-30% көлемінде. Екіншіден, көкөністі қайта өңдеу 10% деңгейінде ғана. Осыдан келіп фермерлер күзде барлық өнімін экспорттап жібереді де, қыстың ортасы өзіміз өнімсіз қаламыз.
ЭКСПОРТТЫҚ ӘЛЕУЕТ ҚАНДАЙ?
Иә, көкөністі көп өндіргенімізбен, қысқа, көктемге сақтау жағын жетістірмейміз. Сондықтан көп өнімнен экспорт тұрмақ, ішкі нарықты қамту көрсеткішін жүйесіз жұмыс «жеп жатыр». Бұл тұрғыда бізден Өзбекстан алға озып кеткен. Біз оңтүстікте өскен өнімді солтүстікке автожол, теміржолмен жеткізе алмай жүргенде «өзағамыз» ұшақпен тасымалдап отыр. Қазір өзбектің шиесі Оңтүстік Кореяға, маш дақылы Үндістанға, қауын-қарбызы Еуропаға барады. Профессор Теміржан Айтбаев мұның себебін біздегі ішкі нарықтағы өнімнің сапасына бақылау жоғымен түсіндіреді. «Біздің шенеуніктер нарықты базардағы тауардың көлеміне ғана өлшейді. Сапасына ешкім мән беріп жатқан жоқ. Қытайдан келген өнімнің құрамында ГМО бар ма, жоқ па тексермейміз. Қазір Қытайда 450 млн тонна көкөніс өсіріледі. Демек, біздің нарыққа 1 млн тоннасын жіберсе де біздің отандық өндірістің жолын кесіп тастай алады. Сондықтан осы жағын ойлаған жөн», – дейді ғалым.
Биыл Қазақстан егістік алқабын әртараптандырып, рентабельді дақылдар көлемін көбейткенін жаздық. Себебі іргедегі үлкен нарық Қытай бізден өсімдік майының әр түрінен жылына 2 млн тонна сатып алуға әзір. Ал өзіміздің тұтынуға 1,5 млн тонна май жеткілікті. Сондықтан бұл тараптан да экспорттық мүмкіндік бар. Одан бөлек, ҚХР жылына 40 млн тонна соя, 50 млн тонна жүгері импорттап отырған мемлекет. Ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы Теміржан Айтбаевтың айтуынша, бүгінде 1 тонна картоп 3 тонна астықты, 1 тонна көкөніс 5 тонна астықты алмастыра алатындай мүмкіндік бар. Демек, агроөнеркәсіп өнімі экспортын әртараптандыратын уақыт жетті.