Бүгінде дәрі-дәрмек бағасының тұрақтылығы мемлекет қадағалауына алынған. Яғни, дәріханалардағы дәрілік заттардың бағасы бекітілген шекті бағадан жоғары болмауы керек. Сондықтан медициналық өнімдердің тапшылығына немесе пайда табу мақсатында оның құнын көтеруге еш негіз жоқ. Әсіресе, төтенше жағдай кезінде мұндай келеңсіздіктерге жол бермеу маңызды.
Елімізде дәрілік заттардың бағасын реттеу заңына сәйкес мониторинг жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылады. Сонымен қатар тұрғындар тарапынан келіп түскен шағымдар бойынша да қадағалау жұмыстары жүргізілетінін айта кеткен жөн.
Соңғы уақытта елдегі жарияланған төтенше жағдайға байланысты «дәріханалардағы бағаларға бақылау бола ма?», «бағалар аяқасты көтеріліп кетті», «антисептик, маска, спирт, парацетамол және т.б. дәрі-дәрмектер жоқ», «маскалар 100-200, этил спирті 250-400 теңгеден сатылуда» деген әңгімелер жиі айтыла бастады. Сол себепті өңірлерде дәріханалардағы дәрі-дәрмек бағасына мониторинг жұмыстары жүргізіліп, жағдайды барынша бақылауда ұстау міндеттелді.
Қазақстандағы ең ірі мегаполис саналатын Алматы қаласындағы 135 дәріхана ұйымының ішінде 5 дәріханада дәрі-дәрмек құны заңсыз көтерілгені анықталды. Бұл туралы қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова онлайн брифинг барысында мәлімдеді. Оның айтуынша, Алматы бойынша ТЖ жағдайында әлеуметтік маңызы жоғары 103 дәрілік заттың атауы тізімделген.
– Бұл дәрілердің бағасын көтермеу жайлы қалалық әкімдік пен Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, Фармацевтикалық қызметті қолдау мен дамыту қауымдастығының арасында меморандумға қол қойылған. Алматы әкімдігі мен департамент қызметкерлері қаланың 8 ауданында күнделікті бағаларға мониторинг жүргізіп жатыр, – деп атап өтті департамент басшысы. Ол сондай-ақ бетперделер бір адамға 10 данадан ғана сатылатынын, 3 қабатты медициналық бетперденің бағасы 87 теңге екенін, ал сүзгіші бар бетперденің бағасы 111 теңге көлемінде бекітілгенін жеткізді.
Ал жоғарыдағы жалпыға ортақ тәртіпті бұзған дәріхана ұйымының басшысына хаттама толтырылып, іс әкімшілік сотқа жолданған. Аталған ұйым басшылары енді жазаға тартылып, 97 мың мен 235 мың теңге аралығында айыппұл төлейтін болды.
Нұр-Сұлтан мен Шымкенттегі дәріханаларға жүргізілген мониторинг барысында бетперде мен гигиенаға арналған антисептикалық заттардың тапшылығы байқалып отыр. Таразда жұқпалы аурулардың алдын алатын, инфекциядан қорғанатын антисептик және қолғап сынды заттардың жеткілікті екені анықталды. Мониторинг жүргізілген өзге аймақтарға да дәрі-дәрмек бағасын шекті бағадан жоғары көтермеу туралы ескерту жасалды.
– Қазір дүрлігуге негіз жоқ, сауда желілеріндегі барлық сөрелер толтырылған, бағалар тұрақты. Тұрғындарды маска және антисептикпен қамтамасыз ету бойынша медициналық маскалар мен вирусқа қарсы дәрі-дәрмектерді қаланың дәріханаларында жеке және көтерме бағада қолжетімділігі бойынша ай сайынғы мониторинг жасалады. Маска тапшылығы кейбір кәсіпкерлер мен жеке тұлғалардың маскаларды көтерме бағамен сатып алуына байланысты болып отыр. Сондықтан бір адамға 5 дана маскадан артық сатпауға шешім қабылданды, – дейді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде жасаған баяндамасында.
Бір қуанарлығы, дәріханалардағы маска мәселесі қазіргі кезде тұрақты жолға қойылды. Қалалық дәріханалар маскамен күнделікті қамтамасыз етіліп отырады. Бірақ фармацевт мамандардың айтуынша, дәріханаларға таңертең әкелінген маскалар түс ауа таусылып қалатын көрінеді. Ал елде орын алған ахуалға байланысты маскаға деген сұраныс күн сайын артпаса кеміген емес.
Маскалардың бар-жоғын i-teka.kz/ интернет ресурсы арқылы көруге болады. Белгілі бір дәріханаларда масканың жоғы туралы шағымдарды оператор тіркеп, сол арқылы қала дәріханаларын маскамен қамтамасыз ету бойынша жауаптыларға жылдам жағдайда ақпарат бере алады. Егер сіз медициналық маскалар мен антисептик құралдарын сату кезінде бағаның негізсіз өсу фактісіне куә болсаңыз ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің 708-478, 316-145 сенім телефонына хабарласып, шағымыңызды жеткізе аласыз. Сол бойынша комитет өкілдері тексеру жұмыстарын жүргізіп, жағдайды бақылауда ұстап отырады.
Жалпы, елімізде күн сайын 80 200 маска шығарылады екен. Өндірушілер алдымен оны медициналық мекемелерге үзіліссіз жеткізеді. Бұл туралы ДСМ «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының» бас директоры Арнұр Нұртаев мәлімдеді.
– Ақпан айының басында сатылымда 9 миллионнан астам маска қоры болды. Бұл азаматтарымызды ай сайын респираторлық аурулардан қорғауға жеткілікті болатын. Дегенмен коронавирус инфекциясына байланысты адамдар дәріханалардағы желілерден масканы артығымен алуда. Соның салдарынан төтенше жағдай кезінде маскаға деген сұраныс 30 миллионға дейін жетті, – дейді Арнұр Нұртаев.
Қазіргі таңда антисептик шығаратын кәсіпорын да өз өнімдерінің мөлшерін арттырып жатыр. Енді дәріханалардағы дәрі-дәрмек бағаларының тұрақтылығы сақталып, көп реттік бетперделердің қолжетімділігі мен бағасы бақылауда болса, жағдай да оңалар деген ойдамыз.