Шымкентте жел үп етсе, жарық жалп етеді
Шымкентте жел үп етсе, жарық жалп етеді
293
оқылды
Көктемді ертерек сезінетін Шымкент қаласының тұрғын­дары сәуір айының 8-9 күн­деріндегі табиғаттың тосын «сыйы­нан», яғни қалың жау­ған қар­дан едәуір әбіржіп қалды. Жер-ана бусанып, же­міс ағаш­­тары бүр жарып енді-енді гүл­деп жатқанда, қардың сал­мағын көтере алмаған ағаш­тар опырылып сынып жатты. Ал ағаш­тармен бай­ланып тұр­ған электр энергия­сының сымдары да осы уақыт­та үзі­ліп, тұрғындардың басым бөлігі жарықсыз қалды. Онсыз да карантинде қамалып отырған үшінші мегаполис тұр­ғындары үшін жарықсыз қалған ауыр тиді. (Кейбір ау­дандарда 3 күнге дейін жарық болмады). Жарықтан бөлек, бұл мәселе үйін электр қуаты ар­қы­лы жылытатындарға қиын бол­ды. Сондай-ақ дәл қазіргі жағ­дайда мектеп оқушылары мен студенттердің қашықтан оқуы да электр энергиясына тәуелді. Себебі тоқ болмаса, қашықтан оқу құ­ралдары да қуатталмайды. Демек, мегаполистік өрендер бұл күндері сабақ оқымады деген сөз. Оған 3-4 күнге дейін реттелмеген көше бойындағы сынған тал­ды, үзілген электр желілерін қо­сы­ңыз... Сонымен миллионға жуық тұр­ғынның жарты күн жау­ған қар­дан осынша зардап шек­кенін қалай түсінеміз? Әлде бар болғаны 4 ауданы, жер көлемі 1 100 шақырымды ғана құрайтын үшінші мегаполисті шымкенттік шенеуніктердің игеруге шамасы келмей жатыр ма? Ал «жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дегендей, қалада қатерлі дертке шалдыққандар қатары күн сайын артып, барлық назар індеттің алдын алу шараларына ойысқанда әкімдік үшін жарық­тың болмауы екінші кезекте тұруы заңды да. Дегенмен осынау мәселенің бұрыннан да қылтиып шығып жүретінін несіне жасырайық. Себебі қалада үп еткен желден де жалп етіп жарық өшетін жағ­дай бұрыннан бар. Шымкент қала­сын­дағы ең өзекті мәселе де инже­нерлік инфрақұрылымның жағдайы. Жарық, су, жол, табиғи газ тағысын тағы. Әсіресе, бұл проб­лемаға негізінен қала шетіндегі жаңа­дан салынған үйлер тап болады. Бұл бітпейтін жыр кезінде инфрақұрылымы дайын емес жерлерді оңды-солды таратқан әкімдік қызметкерлерінен кет­кен олқылықтың қатесі. Алайда бүгінде оған ешкім жауап бер­мейді. «Іс бітті, қу кетті». Ал тұрғындар жердің заңсыз­дығын қайдан білсін, олар үшін инфрақұрылым екінші кезектегі мәселе болғандықтан, өз беттерін­ше үйлерін тұрғызып алды. Осы­лайша, баспана мәселесінен құ­тылған­дарына риза болысты. Одан кейін ғана жоғарыда атап өткен проб­лемаларға тап болды. Су мен газ­дың, жарық пен жол­дың керек екенін сезінген тұр­ғындар әкімдіктен пайда болма­ған соң тағы да өз беттерінше атал­ған мә­селелерді шешуге кірісті. Осы кезде оларға ең керек­тісі де алды­мен жарық болатын. Ара­лары­нан шыққан белсенділер ортадан ақша жинап трансформатор сатып алды, бағаналар қойып, әр үйге жарық тартты. Сөйтіп, мұндағы электр энергиясына төленетін тариф қала тұрғындарынан екі есе жоғары болды. Мәселен, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің тікелей тұтынушылары электр энергиясына 15 теңгеден төлесе, қала шетіндегі өз бетінше трансформатор қойып алғандар жарықтың әр киловатына 40 тең­геден ақша шығарып жүр. Халық бұған да көндікті-ау. Алайда сәл жел тұрып, жаңбыр жауса жалп етіп өшетін жарықтың қор­лы­ғын 20 жылдан бері тартып келе жатқан халықтың шыдамы ендігі түгесілді. Содан бері талай әкім ауысып, қалада қаншама өзгерістер болды. Шымкент екі жыл бұрын республикалық ма­ңыз­ға ие дербес қала статусын да алды. Бірақ баяғы жартас – бір жартас. Қонақтар үшін орталық қана реттеліп, гүлденеді. Ал қа­ла шетіндегі елді мекендердің мәсе­лесі сол күйі өзгермейді. Алайда кешегі жауын қала шетін ғана емес, орталық тұрғындарын да тас­түнекте отырғызуға мәжбүр еткен-ді. Бұл аймақ тұрғындарының мәселесі әкімдікке керек болмай тұрғанда, өңірге электр қуатын тасымалдайтын «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ін қызықтырсын ба? Серіктестіктің баспасөз қыз­метінің мәлімдеуінше, қала­дағы электр бағаналарының ба­сым бөлігі 1965 жылдан бергі кезеңде салынған. «Мекеменің 2016-2022 жылдарға арналған ин­вестициялық бағдарламасы ая­сында жыл сайын тозығы жеткен энергетикалық жабдықтарды жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Негізінен, көбіне жекеменшік транс­форматор қойып алған қала шетіндегі тұрғындардың жарық­тары жиі сөнеді. Бүгінде қалада жеке­меншік трансформатор қойып алғандар өте көп. Олар бір трансформаторға мөлшерден тыс абонентті қосады, одан бөлек трансформаторлары да ескірген, жиі істен шығады. Жалдап қойған электромонтері қайсыбіріне жет­сін? Салдарынан тұрғындар ара­сында жиі дау шығып жатады. Біз тек трансформаторға дейін жеткізіп береміз. Одан арғы жұ­мыс­тарында шаруамыз жоқ. Кешегі қардың салдарынан құ­лаған ағаштар электр желілерін үзіп кетті. Жедел жұмысқа кіріс­кен 24 апатты бригада өзіміз қам­та­масыз ететін абоненттерге жарық­ты біртіндеп берді», – дейді баспасөз қызметінің жетекшісі. Қала шетіндегі тұрғындардың кінәсі орталықтан жырақта тұр­ғанында ма? Егер ауыл тұрғыны болса түсінуге болар еді. Біле білсе, миллион тұрғыны бар деген статусты алып беріп отырғандар да осылар емес пе еді? Демек, әкім­дікке бұлардың саны керек те, сапасының керек болмағаны ғой. Кезінде жері заңсыз жер болғанымен, бүгінде мүлікті жария ету заңы аясында баспаналарын заңдастырып қойды емес пе? Иә, Шымкент қаласына соңғы 2 жылда 3 әкім тағайындалды. Жаңадан келген әкімнің алғашқы жұмыс сапары да қала шетіндегі тұрғындардың мәселесімен та­нысудан басталады. Кездесуде су да, табиғи газ, жол, жарық та ай­­тылады. Алайда өзгерген еш­нәрсе жоқ. Соған қарағанда әкім­дер алдымен қарапайым жұрт­тың батасын алып алған соң ор­талықтың шаруасымен алда­нып кетеді-ау. Қалай болғанда да кешегі қалада шу болған электр жарығының мәселесі бұрыннан бар екені рас. Тек олардың дауы­сын ешкім естімейді. Шымкент қаласының әкімі М. Әйтенов тағайындалғанына көп уақыт болмай жатып, ел алдында өткен жылдың есебін берді. Әрине, өзі жақында ға­на тағайындалғандықтан, есеп­тен гөрі алда атқарар жұмыс­тарға ерекше ден қойды. Сон­да қа­ладағы инженерлік инфра­құ­рылымның өзекті екенін мойын­даған қала басшысы мұны халық санының жедел өсіп жатқанымен байланыстырған. Шымкенттегі 81 елді мекеннің 35-інде электр қуатының сапасы төмен екенін де айтқан. Тіпті, қаланың солтүстік бөлігіне электр энергиясының қуаты жетіспейді. Соңғы 3 жылда 9,7 млрд теңгеге 10 елді мекенге электр желісі және 2 подстансаның құрылысы салыныпты. Жалпы, биыл 3 643 тұрғын үй сапалы элек­тр қуатымен қамтылмақ. Дегенмен 9,7 млрд қаржы көп бе, аз ба? Алайда осы қаржы то­лық мақ­сатты жұмсалса, тым болмағанда сол электр желісі жүр­ген 10 елді мекеннің жарығында мәселе болмас еді-ау. Ал халық әкім мыр­заның есепті жиында үйіп-төгіп берген уәдесін күтіп жүр. Қала басшысының дәл қазір мұндай шаруаларға мойын бұр­мауын түсінуге болады. Дегенде, әкімнің осы салаға жауапты білдей орынбасары мен коммуналдық шаруашылық жағына қарайтын бірқатар басқарма басшысының дәл осы кезде бетпердесі ашылып қалғаны ұят болды.  

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы