Қала өмірін қалай жайлы етеміз?
Қала өмірін қалай жайлы етеміз?
300
оқылды

Форумды Сүлеймен Демирел университетінің профессоры Молдияр Ергебек жүргізіп отырды

Алматыда Urban Forum Kazakhstan қоғамдық қорының ұйымдастыруымен тек қана қазақ тілінде «Қалаларға арналған идеялар» форумы өтті. Форумға қала тіршілігіне бей-жай қарамайтын жастар жиналып, тың ұсыныстарымен, өзгеше ойларымен бөлісті. Олар негізінен қала өмірін адамдар үшін қалай жайлы, қолайлы етеміз деген мәселе төңірегінде бас қатырды.

         Ұйымдастырушылардың айтуынша, қаланың дамуы – қалалықтар, билік және бизнес құрылымы біріккенде ғана дұрыс жүзеге асады. Сондықтан олар бірыңғай әртүрлі топтар ортақ коммуникациялық алаңқай құрып, қалалық кеңістік мәселелерін талқылауды көздейді. Форум осы міндет аясында ұйымдастырылған.

         Форумды Сүлеймен Демирел университетінің профессоры Молдияр Ергебек жүргізіп отырды. Түске дейін «тау, кептеліс және жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында белгілі әлеуметтанушы Серік Бейсембай сөз сөйлесе, Захира Бегалиева жастарға ұсынылатын жаңа мүмкіндіктер жайлы ой бөлісті. Бұдан кейін форум кіші топтар жұмысымен жалғасты. Олар ауа сапасы, көлік қатынасы және мобильділік, сондай-ақ қаладағы орта қауіпсіздігі тақырыптары бойынша проблемаларды атап көрсетіп, ұсыныстарын да айтты.

         – Көшедегі көліктер тротуарға шығып кетуі мүмкін немесе кей қожайындар кафе, мейрамханалар маңайындағы бос орынды автотұраққа айналдырып, өзіне меншіктеп алады. Сонымен қатар кей қараңғы аудандарда қылмыс көп болады. Себебі, ол жақтағы жарықтандыру мәселесі әлі шешілмеген. Қаладағы қауіпті жағдайдың өрістеуіне заңның дұрыс жұмыс істемеуі де жол беріп қойып отыр. Үсенов, Роллан деген «батырларымыз» бар. Олар өздерінің жазаланбайтынын біледі де әртүрлі тәртіпсіздік жасап, тұрғындар өміріне қауіп төндіреді. Осы мәселелер шешілу үшін бірінші кезектер бейне бақылау камераларын интеграциялау керек. Мәселен, менің үйім тоналса мен маңайдағы барлық мекемелердің камерасын қарауым керек болады. Ол үшін бәрі орталықтандырылуы қажет. Ал көліктер мәселесін ыңғайлау үшін адамдардың белсенділігі қажет. Олар айналып өтіп кете бермей, талап етіп, тиісті ұсыныс жасап, түрлі кедергілердің орнатылуына себеп болуы керек. Алайда біз шағымданған органдар бұл мәселені шешуге құлықсыздық танытуы мүмкін. Бұл бірнеше рет басымыздан өткен де шығар. Сондықтан проблемаларымыз жайлы инстаграм, ватсап, телеграм арқылы да жедел хабардар ете алғанымыз жөн,  – дейді қатысушы Ернар Бекенов.

         «Қала бәріміз үшін» бөлімінде тағы да үш топқа уақыт берілді. Нархоз университетінен келген Айгүл Беймишиева «қаладағы балалар» тақырыбы бойынша мәселе көтерсе, Pillә тобының өкілі Нәзәкәт Әзімлі «қаладағы гендер» тақырыбында ой толғады. Ал Ләззат Қалтаева болса «қолжетімді қала» тақырыбын қорғап шықты.

         Форумның өтуіне қолдау білдірген Сорос-Қазақстан қорының Қамқоршылар кеңесінің мүшесі Берік Әбдіғалиевтің айтуынша, мұндай форумдардың маңызы өте зор.

         – Қазір қаланың дамуы үшін қоғамның белсенділігі аса қажет болып тұр. Бұл форум да соның дәлелі. Белсенділер қатысып, өз пікірлерін ортаға тастап, тәжірибе алмасып жатыр. бүгін жастар бірнеше серпінді жобалар ұсынды. Ол жобалар қалалық әкімдік тарапынан да қолдау табады деп сенемін. Соған байланысты қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Айдос Сарым келіп қатысып отыр. Сол кісі тиісті мекемелер мен әкімдікті осындағы ерекше жобалармен таныстырады, жүзеге асуына себепкер болады деп сенемін, – деді Берік Әбдіғалиев.

– Алматының дәл қазіргі жағдайы туралы пікір алмасу, оның тіршілігі мен тұрмысын жақсартуға мүдделі болуға жастарды жинай алдық. Жиында маңызды мәселелер көтерілді. Жаңа зерттеулер жарияланды, тың бастамалар көтерілді. Бішкек пен Бакуден келген жас сәулетшілер де өзекті әрі пайдалы жобаларды жүзеге асыру бойынша тәжірибелерімен бөлісті, – дейді ұйымдастырушылар.