Бірінші кездесуде 3:0 есебімен «Барселона» жеңіске жеткен еді
Ағылшындық «Манчестер Сити» клубының жартылай қорғаушысы Илкай Гюндоған бүгін «Ливерпуль» мен «Барселона» арасында болатын жауапты матчқа қатысты пікір білдірді.
DAZN-ның ақпаратына сүйенсек, футболшы қос команда арасында әлі ештеңе шешілген жоқ деп есептейді.
«Бұл матч туралы ойландым. «Ливерпуль» мен «Барселона» арасындағы жолдама тартысы бүгін жалғасады. Менің ойымша, «қызылдар» 4:0 есебімен жеңіп кететін сияқты. Клопптың мотивациясы, жауапты кездесудің өз стадионында өтуі – футболшыларға үлкен басымдық сыйлайды» дейді футболшы.
Еске салсақ, бірінші кездесуде 3:0 есебімен «Барселона» жеңіске жеткен еді. Жауапты кездесу бүгін Астана уақытымен 00:50-де басталады. Кездесуді Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Осыған дейін "Ливерпульдің" негізгі шабуылшылары Мұхамед Салах пен Роберто Фирминоның бүгінгі кездесуге қатыспайтынын жазған едік.