Үкімет «жемқорлық – індет, жою – міндет» деп ұрандатып жатқанда, кейбір әкімдер қазына қаржысын жымқыруда жұбайымен сыбайласып, айды аспаннан бір-ақ шығарып жатыр. Бұл жайында Жамбыл облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Дәурен Сабиев мәлім етті.
Тергеушінің сөзіне сүйенсек, Т.Рысқұлов ауданы Құлан ауылдық округінің әкімі Мұрат Иманбаев өзінің жұбайының «Жарық құрылыс компания» ЖШС-на бір көзден 11 мәрте мемлекеттік тапсырыс сомасын жеңіп алып берген. Тексеру нәтижесінде ҚР Мемлекеттік сатып алу туралы Зыңының 6-бабы 1-бөлігі 1-тармағына сәйкес «Жарық құрылыс компания» ЖШС-не мемлекеттік сатып алуға қатысуға шектеу қойылған. Ал әкімнің іс-әрекеті ҚР Мемлекеттік қызметі туралы Заңының 50-бабы 1-бөлігі 2, 4 және 5 тармақтары бойынша мемлекеттік қызметке кір келтіру деп бағаланған. Осыған орай Мұрат Аширалыұлының үстінен ҚР ҚПК-нің 200-бабының талаптарына сәйкес Мемлекеттік қызмет істері Агентігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің Әдеп жөніндегі кеңесіне ұсыну енгізілген. Осы ұсыныс негізінде Әдеп жөніндегі кеңес ағымдағы жылдың 9-шы сәуірі күні ҚР Мемлекеттік қызметі туралы Заңының 50-бабы 1-бөлігі 2, 4 және 5 тармақтарын бұзғаны үшін әкімді атқарып отырған лауазымынан босату туралы аудан әкіміне ұсыным жолдаған. Осы ұсыным қашан және қалай орындалатындығын білмек мақсатта Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұловқа хабарластық.
– Әдеп жөніндегі кеңестің ұсынымы дүйсенбі күні қолыма тиді. Құжаттарды тиісті органдарға жолдадым. Енді осы ұсыныс негізінде Құлан ауылдық округінің әкімі Мұрат Иманбаев атқарып отырған қызметінен босатылатын болады, – деді аудан әкімі.
Осылайша қазына қаржысына жұбайымен жұптасып қол салған әкімге қатысты аудан әкімі нақты кесімін айтып отыр. Енді, бұл жаза шектен шыққан өзге шенеуніктерге да сабақ болады деп сенейік.
Саятхан Сатылғанов,
Жамбыл облысы.