Наурызда азық-түлік қымбаттауы бойынша рекорд орнады. Салдарынан елде жылдық инфляция бірден 6,4% жетті және 2020 жылға белгіленген дәлізден асып түсті. Бұған Ұлттық банктің базалық ставканы көтеруі, теңгенің құнсыздануы, карантин енгізілуіне орай тауар сатып алудағы дүрлігіс ықпал еткен. Асқар Мамин өткізген Үкімет отырысында І тоқсан қорытындыланды.
Үкімет басшысы «өңірлерде жұмыс қазандай қайнап жатуы тиіс» дейді. Оның байламынша, коронавирустың таралуына тосқауыл қою шараларын мүлтіксіз сақтай отырып, енді ауыл-аймақта дағдарысқа қарсы іс-қимылдың көрігін қыздырған жөн.
– Қажет шаралар қабылданды. Өңірлерде жұмыс қарқынды жүргізіліп, қайнап жатуы керек. Барлығы мемлекеттік органдардың тиімді және үйлесімді жұмысына байланысты. Қатаң санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтап, өңірлерде дағдарысқа қарсы шаралардың іске асырылуына бақылауды қамтамасыз етуге тиіспіз, – деді А.Мамин.
Биылғы 3 айда негізгі көрсеткіштер бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың озық қарқынына Ақмола, БҚО, Түркістан, Қостанай, Қарағанды облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы қол жеткізіпті. Орташа республикалық көрсеткіштерге Алматы, Ақтөбе, Маңғыстау, СҚО, ШҚО, Павлодар облыстары және Алматы қаласы шыға алды. Ал Атырау, Жамбыл, Қызылорда облыстарының, сондай-ақ Шымкенттің кейбір көрсеткіштері республикалық деңгейден төмен.
Бұдан бұрын еліміздің бас экономисі Руслан Дәленов коронавирус дертінің өрістеуі, әлемдегі күрделі ахуал, елдегі төтенше жағдай және шектеу шаралары салдарынан биыл ІЖӨ небәрі 0,9% өседі деп болжады. Яғни, ел экономикасында көп жылдан бері алғаш рет рецессия басталуы мүмкін. Сондықтан пандемия әлемді кең жайлағанға дейінгі 3 айдың көрсеткіші аса маңызды еді. Асқар Мамин 2020 жылғы бірінші тоқсанда Қазақстан ІЖӨ-нің өсімі 2,7% құрағанын айтты.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар осы кезеңде 5,1%-ға артты. Мемлекетіміздің алтын-валюта қоры 30 миллиард долларға жетті. Ұлттық қор активі – 57,5 млрд доллар болған.
Ел экономикасының ұстыны саналатын негізгі салалар өскен: тау-кен өндірісінің өнім шығару көлемі – 5%, өңдеу саласында – 8,8%, құрылыста – 11,7%, машина жасауда 30,4%-ға ұлғайды. Дегенмен тоқсан соңында әлемде пандемияға қарсы енгізілген шектеулердің әсері республикамызға да әсер ете бастады: біраз сала дамуда кері кетті. Мысалы, сауданың өсуі небәрі – 1%, қаржы саласы мен сақтандыру қызметтері 0,7% болды. Ал көлік секторы тіпті 1,3%-ға құлдырады.
А.Мамин әлемдік және өңірлік экономикадағы қазіргі сын-тегеурінге жауап ретінде Үкімет дағдарысқа қарсы шаралар кешенін қабылдап, іске асырып жатқанын атап өтті. Нақтылай түссек, Жұмыспен қамтудың жол картасы бекітілді, құрылысты үдету үшін бірқатар мембағдарламаларға қосымша мол қаражат құйылады. Мәселен, тұрғын үй құрылысына тағы 180 миллиард теңге арна тартпақ. Шағын және орта бизнес кәсіпорнын салықтан босату арқылы өркендеуге ынталандырылды. «Қарапайым заттар экономикасы» арзан несие бағдарламасының игілігін көретін салалар қатары кеңейтілді.
Бірінші вице-премьер – Қаржы министрі оптимизм танытып отыр: «Министрлік алдындағы басты мақсаттың бірі – өзге меморгандармен бірлесіп, нақтыланған бюджетте әлеуметтік салаға, кәсіпкерлерді қолдауға қарастырылған қаражаттарды түпкілікті алушыларға уақытында жеткізу. Жыл ішінде кірістердің өсу қарқынын төмендетпей, нақтыланған жоспардың орындалуын қамтамасыз ететін боламыз!» – деді Ә.Смайылов.