Араб шейхтары биыл да құс cалады
Араб шейхтары биыл да құс cалады
264
оқылды
Қазақ жерінің әуелден саят­шы­лыққа, құс салып, аң аулау­ға қолайлы мекені жетер­лік. Қазір бағзы дәстүр­дің жолын жалғаған құсбегілер бар. Бірақ олар көрінген аңға құс сала алмай­ды. Себебі ел аумағында аң-құстың біразы Қызыл кітапқа енген. Алай­­да Бірік­кен Араб Әмірлігі мен Қатар шейхта­рына шартты түр­де жерімізде құс салып, дуа­дақ аулауға рұқсат беріл­ген. Биыл араб шейхтары қазақ ­же­ріне тағы да аңшылық­қа ке­леді. Олар­дың қыран құс­та­рымен келуіне Үкіметтің ар­найы қаулы­сы әзірленген. Тіпті, аталған VIP тұлғаларды коро­на­вирусқа қар­сы қа­таң ша­­ра­лар да тоқтата ал­мауы мүм­кін.  

Қанша лимит берілген?

Дуадақ құрып кетудің алдында тұрған құс ретінде Қызыл кітапқа ен­ген. Бұл құстың өмір сүруіне жай­лы мекен – Орта Азия. Шөлейт және шөлді өңірде тіршілік етеді. Тұрқы мен көркемдігі жайлы әңгі­ме бір басқа. Қазақстан мен Араб елдері 2003 жылдан бері дуа­дақ тұқымын сақтау мәселесі бо­йынша ынтымақтасқан. Содан бері жыл сайын біз меңзеген араб шейхтарына құс аулауға рұқсат етілген екен. Биыл арабтардың қа­зақ жеріндегі саятшылығы 1 қыр­­күйек пен 15 қараша аралы­ғына жос­парланып отыр. Ал олардың әрқай­сысына қанша құс аулауға лимит берілгеніне тоқталсақ. Үкі­мет қаулысына сәйкес, БАӘ шейхы Халиф бин Зайд Әл Нахаян Түр­кістан облысындағы респуб­ли­калық маңызы бар «Арыс» жә­не «Қа­ратау» мемлекеттік қо­­рығы ау­ма­ғында – 75, Жам­был, Түр­кістан, Қызылорда облыс­та­рындағы «Оң­­түс­­тік Қазақстан мемлекеттік қоры­ғы» аумағында – 92, яғни барлығы 167 дуадақ аулайды екен. Былтыр бұл лимит 133 құс бол­ған. Де­­генмен Қазақстанға келіп саят­­шылық жасайтын тұлғалар қатары мұнымен бітпейді. Тағы бір БАӘ шейхы Сурур Бин Мұхаммед Әл Нахаян қаулы негізінде Маң­ғыс­тау облысындағы «Кен­дір­лі-Қая­сан мемлекеттік қо­рығы» аума­ғында – 44, ал шейх Сеиф Бин Мұхаммед Әл Нахаян­ға 43 дуа­даққа құс салуына мүм­кін­­дік берген. Қатарлық шейх Джа­сем Бин Хамад Бин Халифа Әл Тани Жамбыл облысындағы «Аң­­дасай мемлекеттік табиғи қау­­ма­лының» ау­мағында –28, «Жу­сан­­дала мем­ле­кеттік қорығы» жерінен 77 дуа­дақ жусатып сала алады. Өткен жылғы олжасымен салыстырғанда оның лимиті өте көп. Былтыр ол 57 дуадақ аулаған. Аталған шейх­тар­дың барлығы өз сұң­қар құс­тары­мен келеді. Олар­дың саят­шы­лық құрардағы мүмкіндігін айтып өттік. Ал осы тұлғалар сауығының есе­сіне біздің елімізге қандай жақ­сы­лық жасамақ?  

Инвестиция сал да, аулай бер

Осы уақытқа дейін араб шейх­та­ры дуадақ секілді жойылып бара жатқан құс түрлерін елімізде кө­бейту үшін миллиондаған дол­лар жұмсапты. Соңғы 13 жылда шығыс елдерінің бай-бағландары Қа­зақстанда табиғатты қорғау шара­ларына 26 млн доллар құй­ған екен. Бұдан бөлек, аң аулау мүм­кіндігі үшін 272 млн теңге са­лық төлеген. Араб жағы мұны­мен ғана шектелмей, Түркістан облысының Бәйдібек ауданында дуадақ өсіретін орталық құруға 4,5 млрд теңге инвестиция сал­ған. Осы кәсіпорын қазіргі сәт­те жылына 5-10 мыңдай дуа­дақ өсіруге қауқарлы. Араб тұлғалары әр аулаған құсы үшін ел бюджетіне 260 айлық есептік көрсеткіш, яғни 689 260 теңгеден құн төлей­ді. Шейхтар аңшылықты көбіне Маңғыстаудың Үстіртінде жасай­ды. Былтыр жоғарыда атап өткен дуадақ өсіретін орталықтан 600 дуадақ (100 аталық, 500 аналық) Маңғыстауға жеткізіліп, Үстіртке жібе­рілгенін көзбен көрген бола­тын­быз. Әрине, белгіленген ли­мит­ке сай олардың барлығы аулан­байды, қалған құстар кө­беюі тиіс.Оларды жеткізу, жазық­қа жіберу секілді басқа да жұмыстармен фран­цуз орнитологтары айналы­сады. Жыл сайын 500-ден астам дуа­дақ осылайша Үстірт жазығына жіберіліп отыр. Алайда қаншама инвестиция мен атқарылған шара­лар­дан соң дуадақ осы өңірде кө­бейіп жатыр ма? Біз бұл сауалды Маңғыстау облыстық орман ша­руа­шылығы және жануарлар дүние­сі аумақтық инспекциясы бас­шы­сының орынбасары Ғаббас До­сатов­қа қойған едік. – Дуадақ– табиғи құбылыс­тар­ға өте төзімді құс. Үстіртке жыл сайын 500-ден астам дуадақ жі­бе­рілетінін айттық. Олардың әрқайсысына бақылау құрылғысы байланған. Бүгінде Маңғыстау аума­ғында 10 мыңға жуық дуадақ бар. Мемлекетіміздің заңына сәй­кес құстарды бақылап тұрамыз. Араб шейхтары дуадақ аулайтын кезд­е де біздің қарауымызда бола­ды. Яғни, белгіленген мөлшер­ден артық аулап қоймады ма, басқалай заң­бұзушылық болмады ма деген мә­селеге жауаптымыз, – дейді ма­ман.  

Заң бұзған арабтар да бар

2016 жылы қыркүйек айында Жам­был облысының Сарысу ауда­­нында заңсыз саятшылық құр­­­ған БАӘ шейхтары Қызыл кі­­тап­қа енген құстарды қырып тас­­та­ған болатын. Екі араб аза­ма­­ты­ның қымбат көлігінің іші­нен 6 қарабауыр бұлдырық құс та­­­был­ған. Одан бөлек, екі қап дуа­­­дақ еті тәркіленген. Абы­рой бол­­ғанда оларды облыс про­ку­­рор­­лары «Охото­зоопром» маман­­дарымен бір­­лескен рейд барысында қол­ға түсірген. Қос араб шейхы «Қа­зақ­­станға құстарды будан­дас­ты­ру үшін келдік» деп ақталған. Артын­ша заңсыз құс аулаған аза­маттар 3 мың айлық есептік көр­сет­кіш мөлшерінде айыппұл төлеп құтыл­ған еді.  

Бұрынғылар не дейді?

Қазақ жерінде ХХ ғасырға де­йін дуадақ құсы көп болған де­се­ді. Ақын Есенғали Раушанов «Құс­­тар – біздің досымыз» атты кітабында «бала кезімізде Сыр бойын­да дуадақтар күз келе қойша өріп жүретін» деп дәйекті дәлелін келтіреді. Одан әрі ХІХ ғасырда Сауыр мен Тарбағатай аралығын саяхаттап өткен В.Н.Плотников атты зоолог «Тәуір аңшы жаны­на еш серік ертпей, жанын қина­­май жүріп-ақ күніне 10-15 дуа­дақ­­ты оңай атып алады» деп күн­де­лі­гіне түрт­кен екен. Ауыз әде­бие­­­тіндегі «Қо­быланды батыр» жы­рына үңіл­сеңіз де дуадақты үлкен құс ре­тінде бейнелеген жолдарды ұшы­ратуыңызға болады. Расы­мен,  дуадақ құсы толысқан кез­де сал­мағы 18-21 келіге дейін тар­та­ды. Қазақта жүйрік жылқыны сипаттаған сәтте «Аузымен құс тіс­теген» дейді. Түркімен жұртын­да ежел­дегі хандар бағалы, асыл­тұ­қым­ды жылқымен аңға шығып, дуадақты қуалайды екен. Жақын барып жеткенде ғана ителгі құсты төн­діреді. Жылқының жүйрігі еш қиын­дықсыз-ақ қанжығаға олжа салары айтпаса да белгілі. Жо­ғарыда айтып өткен жылқы теңеуі содан шыққан екен. Тәжік жазу­шысы Садриддин Айнидың еңбектерінде шығыс елдеріндегі ақсүйектердің сүйіп жейтін асы­ның бірі– дуадақ еті екені айтыл­ған. Дуадақтың бағалы болуының сы­рын осыдан-ақ ұқсақ керек.      P.S.  

Қазақта «аңшы байымайды» деген аталы сөз бар. Демек, саятшылық кәсіп емес, жай көңіл бірлеудің бір амалы дерсіз. Бірақ аңшылықтың да өз кесапаты бар. «Аңсыраса аңшы тоқтамайды» деп осындайда айтса керек. Қызыл кітапқа енген құстар үшін қаржы құйып, оны көбейту амалы құптарлық әрекет. Тек «аңсырағанның» кебі бізге де жетпесе болғаны.

 

 width=     Мадияр ТӨЛЕУ