20 сәуірден бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда өнеркәсіп және құрылыс кәсіпорындарының жұмысы жанданатын болды. Бұл туралы Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен Қазақстан Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысында айтылды. Мемлекеттік комиссия Денсаулық сақтау министрлігінің ұстанымын ескере отырып, әкімдердің ұсыныстары негізінде қатаң санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтаумен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысын кезең-кезеңмен қалпына келтіру туралы шешім қабылдады. Бірінші кезең аясында биылғы 20 сәуірден бастап өнеркәсіп және құрылыс кәсіпорнының, сондай-ақ қызмет көрсету саласының белгілі бір секторларының жұмысы қалпына келтіріледі. Үкімет басшысы жұмысын қалпына келтіретін нысандарда санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуіне, сондай-ақ қызметкердің жұмыс орындарында әлеуметтік арақашықтықты сақтауына қатаң бақылау жасауды тапсырды. Сонымен қатар отырысқа қатысушылар байланыс желілері мен интернет жұмысын қамтамасыз ету, мұнай өнімдерінің экспортын реттеу және басқа да мәселелерді қарастырды. Бірінші кезеңде жұмысы жанданатын кәсіпорындар нақтыланғанымен, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы тізімді Мемлекеттік комиссия бүгін бекітеді. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев телеарна арқылы өткен онлайн брифинг барысында айтты. Министр Нұр-Сұлтан қаласының әкімі 20 сәуірден бастап тиісті сектордағы кәсіпорындардың жұмысын жалғастыруды ұсынғанын атап өтті. «Біріншіден, өнеркәсіптік және индустриялық кәсіпорындар, екіншіден, құрылыс саласындағы кәсіпорындар, үшіншіден, қыстан кейін жол жөндейтін асфаль-бетон зауыттары қамтылмақ.Төртіншіден, зейнетақы мен жәрдемақы беру үшін екінші деңгейдегі банктер, яғни олар сағат 16.00-ге дейін қысқа жұмыс кестесімен жұмыс істейді.Бесіншіден, жеке қосалқы қызмет көрсету секторының кейбір ұйымдары ескерілген. Осы орайда, химиялық тазалау және кір жуатын орындар, дөңгелек жөндеу, арнайы техникаларды жөндеу, көлік жуу стансалары қарастырылған. Бұдан бөлек, қоғамдық орнынан тамақ жеткізу мүмкіндігін түнгі сағат 22.00-ге дейін ұзарту ұсынылады. Осылайша, барлық аталған кәсіпорындар бойынша 100 мыңға жуық объект жұмысын жалғастырады. Бұл – Нұр-Сұлтан қаласындағы жұмыс істейтін халықтың шамамен 20 пайызы», – деді министр.Сонымен қатар Алматыда 128 мың адам жұмысын жалғастыратыны айтылды. Ал елорданың төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі қалалық штабы мәлімдеуінше, студенттер, мектеп, балабақша оқушыларын қашықтан оқытуға қатысты карантинді сақтау өз күшінде қалады. Бұрынғыдай үйден азық-түлік, дәрі-дәрмек, медициналық қызмет пен жұмысқа бару үшін ғана шығуға болады. Адам көп жиналатын орындар – кинотеатр, сауда ойын-сауық орталығы, клуб, мейрамхана, дәмханалар (онлайн тапсырыстан басқа) жабық қала береді. Төтенше жағдай уақытында қоғамдық көлік жүрмейді.
Әділ БЕК