Коронавирус көктемгі дала жұмыстарына кедергі келтірмеуі тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ауылдағы фермерлерге бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінетін болды. Оған қосымша, үкімет көктемгі дала жұмыстарына деп «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы 100 млрд теңге қарастырды. Дәл қазіргі дағдарыс жағдайында мемлекет бөлген қаражат пен арзан дизель отыны диқан қауымға уақытында жете ме? Қырдағы шаруаның тағы қандай шешілмеген мәселесі бар? Осы және өзге де тақырыптағы сауалдарымызды «Қазақстанның Ет одағы» бірлестігінің бас директоры Мақсұт Бақтыбаевқа қойған едік. – Мақсұт Бақытжанұлы, елімізде көктемгі егіс науқаны басталып кетті. Үкімет фермерлерге дизель отынын нарықтық құнынан 15% төмен бағамен беруге шешім қабылдады. Бұл көмекті жеткізудің механизмі жасалған ба? Зауыттан шыққан өнім шаруаның қолына жеткенше уақыт жағынан және басқа да қосымша шығындарды қосқанда тиімділігі қаншалықты? – Бізге жеткен ақпараттарға сүйенсек, операторлар бұдан бұрын жоғары бағамен орнатылған шарттар бойынша бағаны Президент тапсырмасына қарамай, түсіруден бас тартып отыр. Ал кейбір аймақтарда жағдай мүлдем басқаша. Мысалы, Ақтөбе облысында бәсекелестіктің арқасында және фермерлер мен «Атамекен» аймақтық палатасының операторларды таңдау барысына араласу әрекетінен кейін дизель отыны бағасы 165 теңгеге дейін төмендетілген. Бұл ретте айтарымыз, әкімдіктердің арзандатылған дизель отынын сату жөніндегі операторларды таңдау және бекіту тетігі моральдық жағынан ескірген. Бәсекелестік алаңның болмауы отын сапасының төмендеуіне әсер етеді және бұл ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарына қызмет көрсету мерзімі жағынан әсер етеді. Бір сөзбен айтқанда сапасыз дизель отыны лизингке алынған техниканы істен шығаруы мүмкін. Сондықтан операторларды анықтау тетігін алып тастау қажет деп санаймыз. Жалпы, өнімнің өзіндік құнын орташа алғанда 10%-ға төмендету үшін аграршыларға арналған дизель отынының құнын 50%-ға төмендету қажет. Қазіргі төтенше жағдайда ауыл шаруашылығы кәсіпорындары үшін отынды белгіленген құнымен 1 тоннасына 100 мың теңгемен жіберуді ұсынамыз. Осылайша дизель отынын жеткізушілер арасында бәсекелестікті дамыту қажет. Нәтижесінде, бұл ауыл шаруашылығы кәсіпорындары үшін түпкі бағаның төмендеуіне әсер етеді. – Ондай бәсекелестікті жасаудың жолы қандай? – Оның жолы оңай. Мысалы үшін жыл сайын АӨК субъектілері 200 млрд теңгеге жуық сомаға 1 млн тоннадан астам дизель отынын пайдаланады екен. Десек те, сұраныстың мұндай көлемі отандық мұнай өңдеу зауыттары өндіретін дизель отынының жалпы көлемінің 25%-нан аспайды. Яғни, бәсекелестік тудыруға болады ғой. Оны реттейтін тетіктерді іске қосса болғаны. Мемлекет басшысы нарықтық бағадан 15% жеңілдікпен босатылатын дизель отынын жеткізуді Бас прокуратураның бақылауға алуын тапсырды. Қазіргі IT технологиялар ауыл шаруашылығы кәсіпорындары секілді соңғы тұтынушыларға дейін дизель отынын бақылауға мүмкіндік береді. – Көктемгі дала жұмыстарына байланысты егін және мал шаруашылығына дизель отынынан басқа да қажеттіліктер бар. Олардың ішінде ең негізгісі деп қайсысын айтар едіңіз? – Қазір карантиндік шектеулерге байланысты қажетті импорттық компоненттерді (тұқымдар, пестицидтер, қосалқы бөлшектер және т.б.) шекара арқылы жеткізуде қиындық байқалуда. Бізге белгілі болғандай, отандық минералды тыңайтқыштар өндірушілері тауарды 100% алдын ала төлемсіз жібермейді, оны керек мекенге алып келуге жұмсалатын уақытты есепке алғанда егіс жұмыстарына, астық өнімділігіне теріс ықпалы бар, сондықтан тауардың өзіндік құнына, фермердің жалпы ақшалай түсіміне әсер етеді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникаларына қызмет көрсету және егіс науқаны кезінде қосалқы бөлшектерді жеткізу бойынша сервистік қызметтің карантиніне байланысты ел ішінде жүріп-тұру бойынша қиындықтар бар. Біз салалық қауымдастықтар атынан бұл проблемаларды Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Атамекен» ҰКП-на бағыттап, бүкіл елдегі бекеттерден кедергісіз өтуін бақылауға алуды сұрадық. Біздің ұсынысымыз бойынша Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тікелей ауыл шаруашылығы кәсіпорындарынан форвардтық сатып алу мәселесін пысықтауды бастады. Өнім өндірушілер қаражатқа аса мұқтаж болған сәтте (көктем және күз мезгілі) тауарын сатып ала отырып, олардың сату бағасын (өзіндік құны + тіркелген рентабельділік) тіркеуге болады. Бұл шын мәнінде пайызсыз несие болғандықтан, баға 5-10%-ға төмен болады. Бұдан әрі бағалардың маусымдық өсуі кезеңінде Әкімшілік өндірушілерді тауар жеткізуге міндеттей отырып, азық-түлік бағасы инфляциясын тежеп отырады. Әкімшілік жағынан өнімді форвардтық сатып алу түріндегі шаралар, алыпсатарлардың кесірінен болатын бағалардың маусымдық өсуі кезеңінде белгіленген баға бойынша қалаларға жеткізуді қамтамасыз етеді.
«Саланы қаржыландыру көлемін қажетті көлемнен 50%-ға дейін, нақтырақ айтсақ 250 млрд теңгеге дейін ұлғайту қажет. Астық жинау науқанына керек қаражат есебімен қосқанда – 400 млрд теңгеге дейін. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары көктемгі және күзгі кезеңдерде ақша қаражатына аса мұқтаж. Сондықтан біз мамыр айына дейін төлеуге жоспарланған барлық субсидияларды беруді сұраймыз. Бұл ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына егіс егу және егін жинау жұмыстарында қажетті компоненттерді алдын ала сатып алуға мүмкіндік береді, сол арқылы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді».
Аталған мәселелер жедел мерзімде пысықталып, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары алдағы күндері нәтижелерін көреді деп үміттенеміз. – Президент агроөнеркәсіп саласындағы шаруашылықтарға 70 млрд теңге бөлінетінін айтты. Дегенмен фермерлер мемлекеттен берілетін көмек қаражаттың дер кезінде жетпейтінін жиі айтады. Жалпы, агроөнеркәсіпті қаржыландыру жүйесіне қандай өзгерістер жасалуы тиіс деп ойлайсыз? – Иә, қаржыландыру, дәлірек айтқанда қаражаттың жаппай тапшылығы – біздің АӨК саласы үшін негізгі сын-қатер.Саланы қаржыландыру көлемін қажетті көлемнен 50%-ға дейін, нақтырақ айтсақ 250 млрд теңгеге дейін ұлғайту қажет. Астық жинау науқанына керек қаражат есебімен қосқанда, 400 млрд теңгеге дейін. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары көктемгі және күзгі кезеңдерде қаражатқа аса мұқтаж.Сондықтан біз мамыр айына дейін төлеуге жоспарланған барлық субсидияларды беруді сұраймыз. Бұл ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына егіс егу және егін жинау жұмыстарында қажетті компоненттерді алдын ала сатып алуға мүмкіндік береді, сол арқылы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ал мал шаруашылығына келсек, жыл аяғына дейін берілуге тиіс ақша көлемінің 70%-на жуығын мамыр айына дейін, өтінім берілген көлемнің өндірісі кепілдігімен төлеуге болады. Бұл малшыларға жем-шөпті алдын ала сатып алуға мүмкіндік береді. – Үкімет азық-түлік бағасын ұстап тұру үшін әлеуметтік маңызы бар өнімдердің 9 түрін айрықша бақылауға алды. Бұл – төтенше жағдай аяқталғанша, яғни пандемияның беті қайтқанша жасалған қадамдар. Десе де, аграрлы әлеуеті бар мемлекет бола тұра, азық-түлік құны жыл сайын өсуде. Бағаны тұрақтандыруда агробизнес пен тұтынушы зиян шекпеуі үшін нарықты реттеудің қандай да бір жолы бар ма? – Дайын өнімнің құны неден қалыптасатынын түсіну үшін, мал шаруашылығы саласына мысал келтірейін. Мәселен, төмендегі сандарға назар аударайық: – 15-тен 40%-ға дейін. Бұл– делдалдар мен бөліп сатушылар үлесі. Оның ішінде логистика, сақтау, сауда орындарын жалға алу шығындары; – 5-тен 10%-ға дейін. Бұл– айналым қаражаты бойынша сыйақы төлеу; – 40-тан 60%-ға дейін – жем-шөп құны (мал шаруашылығында); – 10-нан 25%-ға дейін. ЖЖМ (дизель отыны) құны, жемді қосқанда. Осылайша, мен жоғарыда атап өткен шаралар (АӨК-нің қаржыландыруды арттыру, форвардтық сатып алулар, ЖЖМ бағасын төмендету) фермерлерге өнімнің өзіндік құнын төмендетуге көмектеседі. Сондай-ақ біз қалаларда қолданыстағы көтерме базарлар мен супермаркеттерден басқа баламалы фермерлік базарлар жәрмеңкелерін құруды ұсынамыз. Фермер өз жағынан тек өнімді жеткізу мен сату орнын жалдау шығындарын төлейді. Сонымен қатар төтенше жағдай кезінде енгізілген Үкіметтің кейбір шектеу шаралары аграрлықтар арасында аса танымал емес. Бірінші кезекте, бұл – өнімнің кейбір түрлерін экспорттауға тыйым салу. – Айтпақшы, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына тыйым салынған сайын қауымдастықтар мен бірлестіктер оған қарсы шығып, уәждерін келтіріп жатады. Жыл басында ет экспортына шектеу қойылған кезде де сіздердің бірлестік онымен келіспейтінін білдірді… – Мен сізге мынаны айтайын. Елімізде «тұтынушы дорбасы» дейміз ғой, күнделікті ішіп-жемге керек азық-түлік өнімдерінің көпшілігі Қазақстанда жеткілікті мөлшерде өндіріледі, олар бойынша нарық 95%-ға қамтамасыз етілген. АӨК өнімдерін экспорттауға тыйым сала отырып, Үкімет шаруа кәсіпорындарын экспорттан түсетін валюталық пайдадан айырады және сол арқылы ауылдық жерлерде жаппай жұмыспен қамтуға соққы жасайды. Енді ішкі өндіріс көлемі туралы айтайын. Неге біздің астық шаруашылығы саласының өкілдері, диқан қауымы экспорттық шектеуге келіспейді? Өйткені Қазақстан астық дақылдары экспортынан үлкен әлеуетке ие. Былтыр егіннің түсімі аз болғанның өзінде арпа мен бидай, ұн сатып, бюджетке қаржы түсірді. Статистикаға сүйенсек, қазіргі күні 6 млн тоннадан артық азықтық бидай сақтаулы тұр. Яғни, күзгі жиын-терімге дейін артығымен өнім бар. Ал ет өндірісіне келсек, ішкі қажеттілікті толық жабуға қол жеткіздік. Әрине, импорт бар, бірақ аз көлемде. Жалпы, әлемде сырттан ет сатып алмайтын мемлекет жоқ. Ол – нарықтағы балансты ұстаудың жолы. Әсіресе, өңделген өнім, консервіленген тауарды дайындауда отандық өнім үлесін көбейте түсу қажет. Дегенмен артық өнімді өзімізде ұзақ сақтай алмаймыз, сапасына, бағасына әсер етеді.Сұхбаттасқан Бауыржан БАЗАР