Адам кез келген нәрсеге үйренуі үшін жағдайды толық қабылдауы керек. Психология тілімен карантиндегі тұлғаның жай-күйі осылай суреттеледі. Ал уақытты тиімді пайдалану өз еркіңде. Онлайн өмірдің көз бен омыртқаға залалы, күйзеліске түсуге ықпалы көп. Төрт қабырғаға қамалғаннан артық салмақ жинап алатындар бар. Дегенмен үй жағдайында сыр мен сымбатты бұзбай, ағзаға зиян тигізбеудің амалы бар ма?
1 ай көлемінде торда отырғандай күй кешу сынаққа ұқсайды. Сынақты ойдағыдай тапсыруға психология мен иммунитет көмектеседі. Осындайда қашықтан жұмыс істеп жатқандарға қызыға қарайтындар табылады. Ал оларға онлайн жұмыс кезінде көзін сақтап, дене белсенділігін қалыпта ұстаған абзал. Мүлдем жұмыстан шет қалғандарға келсек, көңіл күйді түсірмей, сергек қалыпты сақтау керек. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесі. Ұйым мәлімдегендей, карантин кезінде үш басты шартты бұлжытпай орындасаңыз, төтенше жағдай сізге мүлдем әсер етпейді.
ДДСҰ көбірек қимылдауға, бір орында отыруды азайтуға, күйзеліспен күресуге шақырады. Олар 1 апта ішінде 150 минут физикалық белсенділікті қалыпта ұстау керегін жазған. Немесе аптасына 75 минут қарқынды түрде жаттығу жасау қажет. Байқасаңыз, артық салмақ қосып алмауды үндейтін сияқты. Иә, артық салмақ қосу ағзаға зиян. Бірақ карантин көпшілікті асүйге жақын жүруге үгіттейді. Тіпті, әлеуметтік желіде бәліш пен дәмді тамақтың суретінен аяқ алып жүре алмайсың. Мұның бәрі психологияға әсер етеді.
Диетолог мамандар теледидар алдында тамақ жеуден бас тартуды ұсынады. Егер бас тарта алмасаңыз, чипси мен пістенің орнын жеміс-жидекпен алмастыруды жөн деп санайды. Ал ДДСҰ дененің қалыпты күйін сақтау үшін уақытылы су ішуді ұсынады. Тәттіні, құрамында қанты көп сусынды сумен алмастыруды сұрайды. Ең дұрысы – уақытылы әрі дұрыс тамақтану. Осы қарапайым заңдылықты орындамасаңыз, арты күйзеліске ұласуы мүмкін екен.
Психолог Лимана Құттыбекқызының айтуынша, адамдар күйзеліске түстім дегенді жиі айтады. Жалпы, күйзеліске түскенімізді қалай білеміз? Маманның сөзінше, бір белгі ғана күйзеліске түскеніңізді білдірмейді. Ұйқының бұзылуы, мазасыздық, салмақтың өзгеруі, эмоцияның жоғалуы мен денсаулықтың нашарлауының артында күйзеліс тұр. Мұны америкалық мамандар «психологиялық тұмау» деп атайды. Күйзеліс күйден арылмау, торығу денсаулыққа зиян. Болмашы нәрсеге күйгелектену жүйкені тоздырады, жүрекке күш түсіреді, өмірді қысқартады, адамның мінез-құлқын өзгертеді. Сол үшін психолог бірнеше кеңесті есте ұстауды өтінеді.
«Жұмыс істеп, шапқылап жүріп үйренген адамдар карантин кезінде үйде отырып, стреске ұшырап жатқанын айтып шағымданады. Оған қоса, теледидар мен әлеуметтік желі толған негатив ақпарат. Неліктен? Өйткені адамдар арасында қарым-қатынас азайғанда сезімталдық төмендейді. Сезімталдық төмендеген жағдайда психикалық денсаулығымызға нұқсан келуі мүмкін. Ал сезімталдықты дамыту арқылы иммунитетті нығайтуға болады. Ол үшін қарапайым ғана ережені есте ұстаған жөн. Көру, есту, иіс сезу, дәм сезу мен ұстап сезу техникасын дамытыңыз. Аталғандарға көңіл бөліп, махаббатпен қараңыз», – дейді психолог Лимана Құттыбекқызы.
Ал қашықтан жұмыс істеу кезінде күш түсетін ағза – көз бен омыртқа. Әсіресе, көз бір сәт дамыл таппайды. Онлайн жұмысты біразымыз жүйесіз істейміз. Күн тәртібін құрып, компьютер мен смартфонға шектеу қоюды ұмыттық. Көз дәрігері Диана Асқарқызының сөзінше, ояна салып телефонға үңілу дұрыс емес. Ұйқыдан тұрған соң, жарты сағат немесе бір сағаттан кейін әлеуметтік желі әлеміне кірген жөн. Жалпы, экранға тапжылмай қарау көзге зиян. Өйткені бір нүктеге қарап отырғанда, көзді жыпылықтатуды ұмытамыз. Маманның айтуынша, адам 20 секундта көзін 3-4 рет жыпылықтатады. Ал мұны ұмыт қалдырса, бірте-бірте жас каналы бітеліп, көз құрғайды. Кейін көз құрғауының жазылуы қиын.
«Көзге үнемі демалыс керек. Компьютермен жұмыс істегенде, кітап оқығанда 45 минут сайын процесті тоқтата тұрыңыз. Бұл – үлкен көмек. Ал жұмыс арасында 5-10 минут сайын көзге жаттығу жасаңыз. Мәселен, 5-7 жастағы бала компьютер алдында күніне 40 минут отырса жетеді. Ал 12-13 жастағы жеткіншек үшін 70 минуттың өзі жарайды. Арасында көзге арналған қарапайым жаттығу жасауы керек. Компьютер алдында отырғанда, теледидар көргенде арақашықтықты сақтаған абзал. Ал экран арқылы ұзақ оқу бас ауруы мен жүрек айнуын тудырады», – дейді көз дәрігері Диана Асқарқызы.
Иә, қазір үйде отырып, әлемді құтқаруға қауқарыңыз жетеді. Бірақ жоғарыдағы маман кеңесін естен шығармаңыз. Зер салсаңыз, барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Бір орында тапжылмай отырсаңыз, артық салмақ жинайсыз. Артық салмақ күйзеліске әкеледі. Күйзеліс карантиндегі жағдайды тіпті қиындатады. Сондықтан ДДСҰ ұсынған тізбекті үзіп алмай, саламатты өмір салтын ұстану керек.