2 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы Жарлыққа қол қойды. Сол күннен бастап «Бұл жиынға кімдер шақырылады? Қанша адам барады? Қанша уақытқа?» деген сұрақтар туындады. Соны тарқатып көрсек. Бұл жиынға кімдер және қалай шақырылатынын Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, арнаулы жиындарға әскери есепте тұрған және денсаулығы жарамды деп танылған азаматтар шақырылады. «Азаматтар арнаулы жиынға тұрғылықты жері бойынша шақырылатындықтан, күнделікті жұмыс ретінде барып, қызмет аяқталғаннан кейін үйлеріне қайтады. Егде жастағы, отбасылық жағдайы қиын немесе созылмалы ауруы бар азаматтарды шақырудың қажеті жоқ. Себебі бізде адам ресурсы жеткілікті», – деді ол. Заңға сәйкес, қорғаныс, құқық қорғау, қауіпсіздікке қатысты мемлекеттік органда жұмыс істейтіндер, авиациялық персонал, көктемгі егіс жұмысы кезінде ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететіндер, педагогикалық кадрлар, білім беру ұйымдары мен органдарда күндізгі бөлімде оқып жатқан азаматтар, әйелдер, 18 жасқа дейінгі үш баласы бар азаматтар, тергеудегі немесе процессуалдық іске тартылған азаматтар, жергілікті атқарушы органдардың депутаттары арнаулы жиынға шақырылмайды.
Қанша адам шақырылды?
Қазіргі уақытта Қазақстанда 470-тен астам әскери міндетті арнаулы әскери жиынға шақырылған. Бұл – Қарулы Күштер Бас штабы басшысының орынбасары Серік Боранбаевтың айтқаны. Ол: «Қорғаныс министрлігі басшылығы алдын ала қабылдаған ұйымдастыру-техникалық шаралары мен жергілікті әскери басқару органдарының, медициналық қызметкерлердің карантин шектеудегі бірлескен жұмысы аз уақытта арнаулы жиынға 473 әскери міндеттіні шақыруға мүмкіндік берді. Оның арасында 71 офицер мен 402 сержант және запастағы сарбаздар бар. Олардың басым бөлігі – еріктілер», – деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.Елордада жағдай қалай?
Әскери міндетті офицерлерді, сержанттар мен сарбаздарды Қарулы Күштердің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін Нұр-Сұлтан қаласына арнайы жиынға шақырған болатын. Тиісті қаулыны елорда әкімдігі қабылдады. Бір қуантарлығы, елордада 300-ден астам ерікті ниет білдірген, оның 100-і іріктелініп алынды. Олар жеке тұлғалар мен жолаушылардың, автокөлік пен тауарлардың қозғалысын бақылау үшін блок-бекеттерде қызмет етеді. Сонымен қатар санитарлық және эпидемияға қарсы іс-шараларға, тұрғын үйлер мен қоғамдық орындарды дезинфекциялауға, сондай-ақ қалалық жедел штаб жұмысына жұмылдырылады. Әскери міндеттілермен Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы, генерал-майор Мұрат Бектанов пен қала әкімі Алтай Көлгінов кездесті. Олар жастарға белсенді азаматтық ұстанымы мен патриотизмі үшін алғысын білдірді.Атырауда үш топқа бөлінді
Атырау облысы әкімінің шешімімен әскери міндеттілер арасынан 68 азамат арнаулы әскери жиынға шақырылды. Коронавирустың таралуын болдырмау жөніндегі өңірлік жедел штабтың мәліметінше, арнаулы жиынға шақыру алдында әскери міндетті азаматтардың барлығы зерттелген. Шақырылушылар Атырау облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде медициналық комиссия арқылы іріктелген. Жиынға қатысушы әскери қызметшілер мамандықтары мен тәжірибесіне орай үш топқа бөлінген. Бірінші топқа – аурухана бөлімі. Екінші топқа – радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс взводы. Үшінші топқа атқыштар взводы кіреді. Әскери қызметке шақырылушылардың негізгі міндеті – коронавирустың таралуын болдырмау жөніндегі жедел штабтың жұмысына қатысу, блок-бекеттерде қызмет ету, қала аумақтарын дезинфекциялау, инфекция ошақтары бар объектілерді күзету және медициналық көмек көрсету.Жиын күндері белгіленді
13 сәуірден Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында жиынға шақыру басталып кетті. Бұл жұмыстарға14 сәуірде – Солтүстік Қазақстан, 15 сәуірде – Жамбыл, 17 сәуірде Түркістан облысында шақыру басталады. Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында арнаулы жиын өткізу мәселесі қарастырылмаған. Айта кету керек, аумақтық әскерлер төтенше жағдай кезінде міндеттерді шешуде әкімдіктерге жеткілікті қолдау көрсетеді. Елдің қорғаныс қабілетіне нұқсан келтірмей әскерді тарту теңдігін сақтауға мүмкіндік береді. Арнаулы жиынның барысында әскери қызметке жарамды адамдардың жұмыс орны мен лауазымы сақталады. Оларға жалақы төленеді. Ал жұмыс істемейтін адамдарға мемлекет есебінен ең төменгі жалақы мөлшері, яғни 42 500 теңге төленетін болады.Сонымен бірге жиынның өту қорытындысы бойынша, шақырылғандарға кезекті әскери шен беріледі. Оны тиісті қолбасшылық белгілейді және солардың өтінішімен жергілікті әскери басқару органы шешім қабылдайды.