Қазіргі қазақ кино-көшінің жолы бір арнаға түсіп келе жатыр. Оған түсіріліп жатқан кинокартиналар дәлел. 2017 жылы прокатқа «Алмаш қылыш» кинодастаны шыққан еді. Ел елең етіп, жылы қабылдады.
Биыл соның жалғасы ретінде «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмі жарық көрді. Негізі, бұл кино – 10 сериялы туынды. Наурыз айынан бастап, ықшамдалып берген нұсқасы көрермен назарына ұсынылады. Фильмнің тұсаукесеріне Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы арнайы келді. Алдыңғы қатарда Nur Otan партиясының кезекті XVIII съезіне қатысуға келген делегаттар да бар. Фильмге көңілі толған министр: «Қазақ хандығы» киножобасы Елбасының бастамасы бойынша қолға алынды және халықтың рухани жаңғыруына бағытталған. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық мәдениетті, ұлттық кодты сақтай білу. Олар сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайтынын атап өткен болатын. Фильмде тарих қана емес, көшпенді халықтың бай мәдениеті, оның тыныс-тіршілігі бейнеленген. Сонымен қатар Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көтерілген мәселелер фильмде көрініс тапқан», – деп атап өтті. Екінші маусымда Қазақ хандығындағы күрделі кезең суреттеледі. Жәнібек пен Керей хандардың Әбілқайыр Шайбани ұрпақтарымен Сығанақтағы тақ үшін таласы баяндалады. Елбасы Н.Назарбаев – жоба авторы. 10 сериядан тұратын тарихи сериал сценарийін жазуға Тимур Жақсылықов, Смағұл Елубай, Рүстем Әбдіраш қатысқан. Аталғандар бірінші маусымның сценарийіне атсалысқан. Тарихи киноның түсірілімі мамыр айының басында Алматы облысында басталған. Кейінірек түсірілім тобы Түркістан облысында орналасқан Елтай ауылы маңындағы Иір су жайлауына ауысқан. Режиссер Рүстем Әбдіраштың бастауымен түсірілім тобы Керей мен Жәнібек хандардың тұрағын – төрелердің ауылын жасап шыққан. Шайбандар мен Қазақ хандығының үлкен ұрыс сахнасы да жайлауда түсірілген. Тарихи туынды Тарихи кинодастан сценарийін жазуға қатысқан Смағұл Елубай: «Президенттің: «Өз тарихымызды аршып, анықтап алайық» деген сөзі көкейімізден шықты. Ұлт мақтанатын тұлғаларды да ерекше атап өтті. Әл-Фарабиден бастап, Тәуке хан, Абылай хан, Кенесары ханның есімдеріне айрықша тоқталды. Тұлғаларды кинодраматургияның қуатымен кино саласында тірілтуді қолға алу керегін айтты. Елбасының тапсырмасымен «Алмас қылыш» фильмі түсірілді. Киноэпопея сериал болып, телеарнадан көрсетілді. Түсірген режиссер – Рүстем Әбдіраш. Сол «Алмас қылыштың» жалғасы «Алтын тақ» өмірге келді. Қазақ көрерменін жаңа бір тарихи дастанның дүниеге келуімен құттықтағым келеді. «Алтын тақ» – қуануға лайық туынды», – дейді кинодраматург. Тарихи киноның жүгі ауыр. Мұнда тарихи байланыс негізгі рөл атқаруы керек. «Алмас қылыш» жайында біршама сын айтылды. «Алтын тақта» қателіктің орнын толтырып, тарих соқпағымен жүру идеясы бар. Туындының екі маусымы жайында Рүстем Әбдіраш: – «Қазақ хандығы» сериалының бірінші маусымы отандастарымыздың тарихқа деген қызығушылығын оятты. Шығармашылық топтың атына көптеген алғысхат келіп түсті, ғаламтор және әлеуметтік желілер арқылы жылы лебіздер алдық. Көптеген пікірталас пен сын да болды. Халық тарапынан осы жобаның жалғасын түсірсе екен деген тілегін аңғардық. Бұл біз үшін өте маңызды. Былтыр Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық мәдениетіңді,ұлттық кодыңды сақтай білу. Олар сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» делінген. Елбасымыздың осы жолдауы фильмнің идеясымен ұқсас. Сонымен қатар Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көтерілген мәселелер біздің фильмде көрініс тапқан. Мәселен, фильм арқылы көшпенді халықтың бай мәдениетін көріп, оның тыныс-тіршілігіне үңілуге болады, – деді фильм режиссері. Актердің тіл жұтаңдығы байқалады Белгілі күйші Жанғали Жүзбай: «Кино маған ерекше әсер етті. Әсіресе, Шайбани әскерімен соғысайын деп тұрған сәтте Қазтуған мен шайыр өлең айтып, жыр толғайды. Сауранның маңайы толған әскер. Дарқан даланы кернеген домбыра күмбірі. Қазақ, ноғай, өзбек халқының бауыры ажырамай тұрған тұсы. Жыры мен мәдениеті бір, сөзге тоқтайтын халық екенін баяндағаны ұнады. Режиссердің талантына тәнті болдым. Киноға келсек, тарихи маңызы бар фильм. Актерлер ансамблі қатысқан кино дер едім. Кіл мықтыларды таңдап алғаны көрініп тұр. Кейбір кинода актерлердің антропологиялық кейпі тарихпен байланыспай жатады. Мұнда мұндай кемшілік жоқ. Кезінде әр рудың өз белгісі, киімі, найзасы болған. Бұл тұста да режиссер өзінің жақсы этнограф екенін дәлелдеген. Еділ мен Жайық бойынан келген Ноғайдың, отырықшы халықтың, рубасылардың киімі бір-біріне ұқсамайды. Мұны этнографиялық ізденіс дейміз. Режиссердің ізденгені көрініп-ақ тұр. Фильмнің ең үлкен жетістігі бар. Бұл – сценарий авторларының шеберлігі. Байырғы шешендік, астарлы сөздерімізді қолдана отырып жазған. Кинодағы әр тіркес қанатты сөзге айналары анық. Әдеби жатық, байырғы сөз бола тұрып, қазіргі ұғымға сай. Қазір қажып, бітіп орыс тілінің көшірмесі болып бара жатқан тілімізді қамшымен осып-осып жібергендей болды. Кинодағы музыкамен көркемдеу жақсы жолға қойылған. Қобыз, домбыра, дауылпаз, шаңқобызды пайданалып, фальклорымыздың бай екенін көрсетіп отыр. Музыка арқылы кино болмысын беруге тырысқан. Фильм композиторына айрықша алғыс айтамын»,– дейді. Ақын Қалқаман Сарин: «Күрделі кезеңді қамтыған тарихи туынды. Әлем елдері киношежіре арқылы өз тарихын аспандатып жатады. Бүкіл әлемде кино дәуірі жүріп тұр. Осы тұста тарихымызды насихаттау мақсатында түсірілген фильмнің алар орны бөлек. Қазақстанды топан судай басып жатқан арзан дүниеге құрылған, шалатілді киноларға тосқауыл қойған сияқты. Кинодағы музыканың көркемдігі бірден байқалды. Қазақ ауылының сол кездегі өмірі, көшпелі халықтың тұрмыс-тіршілігі суреттелген. Жанкештілік, соғыс эпизодтарында рухты көтеретін қобыз үнімен астасқан добыраның күмбірі бойға қуат береді. Басқаларына қарағанда, бояуы қанық дүние екені көрініп тұр. Киноның тілі деген ұғым бар. Оны арнайы зерттейтін болар. Бірақ қазақ тілі деген түсінік тағы бар. Киносыншы емеспін, дегенмен кімнің сөзді ұғынып айтып тұрғаны білініп тұрады. Қайрат Кемалов, Досхан Жолжақсынов, Еркебұлан Дайыров, Қарлығаш Мұхамеджанова сынды актерлеріміздің сөзді түсініп, тереңіне бойлап айтып тұрғаны байқалады. Сценарий өте жақсы жазылған. Жас актерлердің ойынына сенгенімізбен, сөзіне сенбедік. Шұрайлы тіркес пен ұнамды ойды жеріне жеткізіп айта алмады. Жұтаңдық білініп тұрды. Бұл – кино тілінің емес, актер тілінің жұтаңдығы. Ауыз толтырып, айызыңды қандырып айта алмайды. Іштен бірдеңе ұстап тұрған секілді әсер қалдырады. Қазақтың құнарлы сөзін айтып тұрғанында, жан дүниесі тоғыспай жатады. «Біткен іске сыншы көп» дейді. Жоққа шығаруға болмас, бұл – керемет туынды. Қазақтың біртұтастығын, мәңгілікті мұрат еткен ел екенін суреттеген кино. Дәл қазіргі кезеңде көрерменге керек дүние. Тарихи шындық пен сюжетті байланыстырудың өзі – үлкен өнер. Сығанақты алуы, қазақ руларының басы қосылуы, үндестік дейтіндер жанды жадыратады. Жан-жақтан бірігіп, қазақтың тұтастығын көрсеткен тұсы жүрек тебіренте- ді», – дейді. Мұнда қазақ хандарының биік парасаты бар Кинодастанның екінші маусымын күткендер көп. Көрерменді қызықтыру үшін түсіру тобы барынша тырысыпты. Экшн мен эффект, оқиға мен динамиканы басты назарға алған сыңайлы. Екінші маусым турасында: «Екінші маусымның аты айтып тұрғандай «Қазақ хандығы. Алтын тақ». Қазақ хандығындағы ең бір күрделі кезеңнің бірі. Жәнібек пен Керейдің Әбілқайыр Шайбани ұрпақтарымен Қазақ хандығының Сығанақтағы тағы үшін тақ таласы. Бұл маусымда тақты, Ақорданың астанасы Сығанақты қайтару сияқты маңызды оқиғалардың айналасында өрбиді. Бірінші маусыммен салыстырғанда, бұл әрине әлдеқайда қызығырақ, динамикасы жағынан жылдам. Экшн көп болады. Көрерменге қызықты болады деген ойдамын, – деді фильмнің продюсері Арман Әсенов. Отандық әр туынды жастарға дем береді. Санасындағы идеалды жаңғыртуға ықпал етеді. Ендігіде мектеп оқушылары «Өрмекші адамның» ерлігіне емес, қазақ хандарының биік парасатына таңданатын болады. Бұл жөнінде «Жастар» театрының актері Әбутәліп Әмре «Ел тарихын кітаптан оқыған ұрпақпыз. Қазіргі мектеп оқушыларына қызығамын. Қазақ тарихын кинодан көре алады. Біз өзімізше елестетсек, олар Қасымның, Бұрындықтың, Жәнібектің ерлігін көзбен көргендей болады. Біз өмір сүрген жылдарын жаттап өссек, олар хан, сұлтандардың жай-күйін, бел белестерін түйсіне алады. Тарихпен тұтасатын туындыларды жақсы көремін. «Алтын тақта» тарих жылнамасы мен актер шеберлігі үндескен. Досхан Жолжақсынов сомдаған сахнаны сағаттап көруге болады. Актердің шеберлігіне таңдана түсесің. Сондай-ақ Еркебұлан Дайыров Жәнібек хан образын барынша жақсы алып шыққан. Режиссер әр актердің рөлін сәтті бекіткен. Шахмұхамедті ойнаған Нияз есімді актер, Қасым ханды сомдаған Мейірғат Амангелдин рөлін жеткізе білді. Зеңгі мен Қасым ханның ерегескен жері әсерлі шыққан. Режиссердің еңбегі көрініп тұр. Шынайы әрі толқынысқа толы кадр. Кемшін тұстары жоқ емес. Бірақ тақырыбының өзі, тарихты көрсете білгенінің өзі неге тұрады? Бірінші маусымына қарағанда, толысқан. Өсу бар. Сюжет байланысы жинақтала түскен. Кино режиссері мен түсірілім жұмысына қатысқандарға алғыс білдіремін» деп кино жайындағы пікірін білдірді. Киноқоржынымыз толықты Астана мюзикл театрының актері Расул Усманов фильмнен керемет әсер алғанын жеткізді. «Түсірілім алаңында тер төккен баршасына алғыс айтамын. Жоғары деңгейде түсірілген туынды. Актерлердің шынайы ойыны мені тәнті етті. Әсіресе, Жәнібек ханның рөлін сомдаған Еркебұлан Дайыров пен Бұрындық хан рөліндегі Аян Өтепберген кейіпкерін 100 пайыз аша білген. Тарих пен тағдырды тамаша суреттеген фильм. Эффект көп. Қазақ киноқоржыны жақсы туындылармен толыға берсін»,– деді актер. Адалдық пен ерлікті ту еткен Белгілі журналист Асқар Бек: «Римнің әрбір императоры «Тарих менен басталады» дегеніндей, қазақ хандығының бастауы Керей мен Жәнібектен тарқалады. Анығын жаратқанның өзі білер, бірақ тарих бізге Орыс ханның ұрпақтары, Ақ Орданың тікелей мұрагерлері Керей мен Жәнібектің алаш баласына азаттық алып бергенін тайға таңба басқандай етіп көрсетіп берді. Екінші маусымдағы негізгі тартыс Әбілқайыр хандығы мен Қазақ хандығының Тұран даласындағы қазақ қалалары Сығанақ пен Түркістанды өзіне қаратудың маңайында өрбиді. Әскері де, мемлекеттік жағдайы да анағұрлым күшті Шайбани ұрпақтары қазақ деген елді біржола жойып тынуды көздейді. Алайда 40 рулы алаш ұлдары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, айбыны асқан Әбілқайырды мерт қылып, немересі Мұхаммед Шайбаниді тентіретіп жібереді. Қаратаудың қойнауы, әйгілі Сығанақ шаһары Қазақ хандығына астана атанады. Адалдық пен бірлікті ту етіп, ар мен ұжданынан аттамайтын хандар елдің іргесін берік қалап, 382 жылға жуық уақыт туын жықпады. Кинодан осы ерекшелігімізді көріп, бүгінгі бейбітсүйгіштігіміздің бастауы осылай қаланғанын сезесің» деген пікірін жеткізді.
Гүл БЕКЗАТ, Рысхан Жолдас