Сүйініш пен күйініш
Сүйініш пен күйініш
569
оқылды

Қазақ күнтізбесіндегі кінәратқа кім кінәлі? Кәні, құдіретті екеніңді көрейін, сынаптай сырғып аққан уақытты тоқтата аласың ба?! Адам баласы үңгірден шығып, жұлдыздары жайнап тұрған аспанға қарағанда қайран қалып, сан мәрте шақшадай басы шарадай болған шығар-ау.

Ғарышқа самғап ұшқанға дейін қаншама ұзақ жолдан өтті: сүрінді, еңбектеді, құлады, тұрды, жүрді. Күн мен түн алмасып, көк пен жер жұмбағын білу үшін қаншама тер төкті, тылсым тас обалар үйілді, түрлі-түрлі расытхана салынды. Табиғат пен жамиғаттың нәзік иірімге толы байланысы өзара нығайып, топан су қаптап, сел жүріп, таң шығындай тазарып, мөлдір мәймілдеп, қайта жаңарып, мәңгілік өмір жыры шертілді. Жаратылыс құбылыстары жұмыр басты пендені тосыннан таңғалдырып, кейбір құпиялары шешілмей келеді әлі. Жер бетінде жақсылық пен жамандық атаулы жүз шайысып, періштелер мен перілер қанат қақты. Адамзат өркениеті ­өр­ек­­шіді, өршіді, өркен жайды. Ақыры уақытты ауыздықтап, нақ­тылап, белгілеп, ен тағуға балама тапқандай қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болды. Мезгіл өлшеміндей күнтізбені (лат. calendazim (Айдың алғашқы күні, күнтізбек) ойлап тапса да, оны әлі толықтырып жетілдіруден меселі қайтқан жоқ. Оқтын-оқтын күнтізбе түзу жұмысы кезектен түспей дамылсыз жүріп жатты. Есте қалғаны, Күн межесіне бейімделіп жасалған соның бір түрі (иесі астроном Сазиген) Рим императоры Юлий Цезарь жарлығымен бекітілді. (Біздің дәуірімізге дейінгі 1000-1044 жылдар). Арада біршама ғасырлар өткенде Ай әлеміне сәйкестендіріліп туған өнер­тап­қыш Лилийдің жаңа жобасына 1582 жылы Рим папасы ХІІІ Григорий қолдау көрсетіп өмірге жолдама алды. Қазіргі заманғы ішінара өзгерістермен біраз ел пайдаланып келе жатқан осы Григориан күнтізбесі. Мұны құрылықтар текетірес қақтығысы деп түсінбеу уәжіп. Тек Батысқа қол жайып қарап қалмай, Шығыс күнтізбесін жасауға талай талпыныс жасалды. Шаһ тақсыр­дың тапсырмасымен асқан ақын, әмбебап оқымысты, жұмбақ жұл­дызгер Омар Хайям (Қайым) жетекшілік еткен топтың еңбегі 15 наурыз 1079 жылы қолданысқа енгізілгенмен бір мүшелге толмай жатып көрсоқырлықпен тыйым салынды. Егер Гриогиан күнтізбесі әрбір 33 жылда 25,9 секунд жо­ғалтса, бұл нұсқа небәрі 19 секунд айырмашылықты көрсететін еді. Амал не? Болары болды. Ұзақ жылғы жүгенсіз отар­шылық саясаты да мәймөңкелеп, шен-шекпен мысықтабандап жымысқылықпен жетті. Жан-жақтан ұрлап-жырлап, тонай берсе, бір күні болмаса бір күні қа­­зақ даласының қымбат қа­зы­на­сы түбінде таусылмай қоймай­ды. Көрсетіп те, көрсетпей де, Эрми­таж бен Кунсткамераға тау мен даладан үздіксіз әкетіп жатқан небір ғажайып жәдігерлер мен ескерткіштер бола тұра, оларды жұрттан тыққыштап жасырып, ауызды қу шөппен сүртіп, көш­пе­лілерге түк жоқ, тіпті, болған емес дейтін керіауыздардың жалған ұстанымы көпке дейін үстемдік құрып сананы сан сансыратты. Патшалық Ресейге бодандық бұғауында да, Кеңес кезінде де жетіспей, олардың өкінішпен бас­тан өткенін кімнен неге жасы­ра­мыз? Әттеген-айлап талай бармақ тістелді. Жеме-жемге келгенде жеріміз соншама тұқыл тап-тақыр кедей ме? Шынымен солай ма еді? Тастағы жазулар мен таңбалар, аң айшықтары («звериний стиль») өзінен-өзі пайда болды ма екен? Қанша тырнақ астынан кір ізде­генмен кімде-кім қуатты қайнарға қайы­ры­лып, түп-та­мыр­ға қараса қайтеді? Бүйтіп жөн-жосықсыз айларды қи­да­лағанша, «Уақыт уыты» әжуа­ла­ғандай («Қазақ Үжі, 26.12.2018 ж.) (Әзіл түбі – зіл) күнтізбесіз күн көрсек қайтеді? 1883 жылы Санкт-Петерборда Махамбет Дәрендәуидің «Руз­намесі» басылып, күн тізілуі мен оған байланысты жайлар сөз болды. Келе-келе «бөрелік» деген атпен ағартушы Қ.Насыри (1825-1902 жж.) Қазан қаласында үздік-создық шағын жинақ шығарып тұрды. 1889 жылы Солтүстік Пальмирада Шаһа­буддин Талифи жартысы түрікше, жартысы арабша «Мұсылман күнтізбесін» жарық көрсетіп, елге таратты. Бұлар осы тақілеттес ба­сы­лымдардың көктемгі қарлы­ғаштары болатын. 1897 жылы Бреслин баспасы Орынборда орыс харпімен шығарған «Календарь для киргизов – қырғыздарға арналған календарь» қолға тиді. Тағы да сол Орынборда 1923 жылы қаңтарды арнайы көрсетіп, ҚССР Мемлекеттік баспасынан «Қазақ күнтізбесі» өмірге жолдама алды. Бәрінен ең қызығы 1929 жылы он бес мың таралыммен тұсауы кесілген «Шаруа календары» еді. оны түзушілер (А.Асылбеков пен Б.Майлин). Ай аттары: ғынуар, февраль, март, апрель, май, июнь, июль, август, сентябрь, октябрь, ноябрь, декабрь. Оны қалай бол­ғанда да мейлінше қазақ­ша­лан­дыру талабы байқалады. Келер жылдың күнтізбесін жасағандар және Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров пен Әбдірахман Мұс­тафин. Әдейі тізіп отырмыз. Ай­лары: ғынуар – ақпан, февраль – отамалы, март – наурыз, апрель – сәуір, май – көкек, июнь – шіл­де, июль – сарша, август – қыркүйек, сентябрь – мизам, октябрь – қа­ра­ша, ноябрь – қазан, декабрь – қаң­тар. Соның өзінде таралымы – 30 000 дана. Әлде барған сайын найзағайдай жарқылдаған рухты жоғалтып бара жатырмыз ба? 2017 жылғы «Қазақ күнтізбесі» (түз­ген М.Жақып) көткеншектеп төрт мың ғана данаға түсіпті. Ба­рын­ша кең қанат жайып, өркен­деп, дамып отырудың орнына әд­діміз соған жетіпті. Өсу ме, өшу ме? Асыл ағаларынсыз-ақ, соларды жағаламай-ақ, сағаламай-ақ ха­лықтың салт-дәстүр, әдет-ғұрып пен жөн-жоралғысын тамаша бі­ле­тін алыптар тобындағы жер-жаһан жазушысы, Социалистік Еңбек Ері Ғабаң (Ғабит Мүсірепов) айтатын: «Қазақ және біраз ха­лықтар жыл қайыруында жыл ат­тарының қалай құрылғанның не­гізгі заңдылығы бұзылып кет­кен. Екі адал – жылқы – қой қатар тұр… Қазақ қаңтар – ақпан деп еш­уақытта айтпайды, керек болса, айта алмапты, ол тіліміздің сөй­леу дәстүрін бұзар еді. Біз ылғи ақ­пан – қаңтар деп сөйлейміз. Сондықтан мен осы екі ай аттары ауысып жүр ме деймін». Дұрысы – ақпан (январь), қаң­тар (февраль) болуы керек. Құдайылығын айтатын шығар деп көп күтіп едім. Мемсыйлықтың лауреаты, ақын Есенғали Рау­ша­нов «қаңтар» мақаласында Аустра­лия, Африка және басқа құрлық­тардағы қыстың бас айын тізбе­леуде де қазақтың қаңтарын айна­лып өтеді. Неге? Сонда тұнаңдап қаңтар жыл басы болып қайдан шыға келді? Әдебиет негізін салушылардан ар­тық не деуге болады? Есіміз барда жөнге көшкеніміз дұрыс болар. Әйтсе де, қазіргі қазақ күнтіз­бе­сіндегі кінәраттарға кім кінәлі? Неге ол осы күнге дейін рет-ре­тімен түзелмей келеді? Ақиқат айнасына қарағанда өзімізге өзіміз қимаймыз ба? Әрине, жер жүзінде әлі күнге дейін жан-жақты жегілген таза, мінсіз күнтізбе жоқ. Құ­рас­ты­рушылардың қапе­рінде болатын жай, оның қазақ тіліндегісінде де кінәрат көп. 1923 жылы БҰҰ жа­нынан Женевада құрылған осы саладағы ақылдастар алқасының жұмысы да жанданбай жүр. Ұйымға бұған дейін бес жүрге тарта өтініш түссе де, олардың бірде-бірі мамандар тарапынан қанағаттандырылмай келе жат­қаны бәрібір көңіл көншітпейді. Ығыты келген соң айтып отырмыз, осыдан бірнеше жыл бұрын өнер­тапқыш С.Бекбосынов (Алматы облысы) қазақтың мәңгі күнтіз­бесін ойлап тапқаны туралы біраз БАҚ-тың құлағын шулатып еді. Енді қазір сол қайда? Мұндайда сүйініш пен күйініш қатар жүреді. Қанша сүйінсек те, амал жоқ күйінуге тура келеді. Ақжолтай хабар жалған болып шыққаны – қайсы бір қуаныш нышаны. Алайда дені түзу күнтізбе шығару ешқашан күн тәртібінен түскен емес. 1958 жылы Қазақстан Компартиясы ОК ушыққан ка­лендарь мәселесін қарады. Одан соң көп күткендей, оның жыртпа түрі пайда болды. Көне көк түркілер заманынан бастап, бергі бүгінгі қарашаңырақ иесі қазақтарға дейін кім қалай жыл санап, оны қалай қайырды? Мұхаммед Қашғари (1070 жылдар): сынған, уд, барыс, тау­шыған, нәк, ишлан, иунд, қой, бішін, тақағу, ит, тоңыз. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы (1470 жылдар): сумақы, маңғаз, айбар, секем, сумақ, тұлпар, иір­тек, шопан, мешін, айтақ, шақы­рауық, қорысқы (қаракиік). Бүгін (1970-2020 жж.): тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, қой, мешін, тауық, ит, доңыз. Арғы-бергіні салыстырып, таразы басына тартқанда сонау Х-ХІ ғасырда өмір сүрген М.Қаш­ғариға қолымыз жетпесе, Ө.Ті­леуқабылұлының жыл қайы­руында көшірушінің кінәсінен айтақ (Ит) пен шақырауық (Тауық) орны ауысып жүр дейік, ал өзімізге бір табан түзілімді жөндеуге не кедергі? Әлі де болса кеш емес. Соншама қиын ба? Ол үшін небары жылқы жылын жыланмен ауыстырса (бір халал, бір харам) жетіп жатыр. Сөйтсе соншама жырға айналған жыл қайырудың дұрысы былай болар еді: тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылқы, жылан, қой, мешін, тауық, ит, доңыз. Әдетте, қазақ «жылқы жы­лы – жылыс, жылан жылы – ұлыс» демей ме? (1905 жылы – қанды жексенбі, 1917 ж. – төң­ке­ріс, 1929 ж. ашаршылық, 1941 жы­лы – Екінші дүниежүзілік соғыс, т.т.). Әрине, бұған құйтымдай құлық болса ешқандай қиындығы жоқ. Құда да, құдағи да тыныш болмай ма? Санасы сара, ақыл-парасаты кенен үлкен-кіші замандастарым бұған қалай қарайды? Айдың, күннің аманында ақ­пан­ды қаңтармен неге шатасты­рамыз? Қалайша? Егер ұлтымыз­дың ұлы перзенттері Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Ғабит Мүсі­реповке ден қойып, құлақ ас­пасақ не болғанымыз? Мұндай бәріне меңіреу «киізқұлақтық» қайда апарады? Бүйтіп өзімізден-өзіміз қысыр құландай жеріну бір күні болмаса, бір күні жарға жық­пасына кім кепіл? «…Қазақтар өз қазағының айтқанына иланбайтын, қазағын менсінбейтін ауруға әлдеқашан ұшырап қойған болатын. Ол аурудан, сірә, әлі ұзақ емделетін шығармыз», – деп таусыла күйін­ді шарасыз қарасөзші, ҚР Мемлекеттік сыйлығыныңың лауреаты Б.Нұр­жекеұлы. Әншейінде сәлге алақайлап, бүйректен сирақ шығаруға әуес Еуропа кемсітушілері (еуро­па­центристер) неге үндемейді? Әлем­ді алуан түрлі дағдарыс пен шиеленіс алқымнан алып тұр­ғанда күнтізбектердің ма­ша­қа­ты аз емес. Соған қарамастан адамзаттың түгел тайлы-тұя­ғы қал­май үлкен мән беріп мезгіл­дің зау биік мұнарасынан бұл кө­­кей­кесті мәселеге оралатын шы­ғар. Тұманды түнекті қақ жа­рып ­бо­лашаққа жол көрсетіп, Прометей жүрегінің оты лаулап тұр. Уа, адамзат! Уақыт жүрегі не деп соқанын тыңда тағат тауып, жаһанданумен жағаласа жүріп, қой үстіне бозторғай жұмырт­қалайтын байқұт заман қашан орнар екен?!.

Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН