«Бүгінгі күні 4,4 трлн сомаға 5,3 млн азаматтың банктік қарыздары және микрокредиттер бойынша берешегі бар. Сондай-ақ 26,2 мыңға тарта шағын және орта бизнес субьектілерінің қарызы 3,9 трлн теңге. 14 сәуірдегі жағдай бойынша 1,5 млн қарыз алушы және 12,1 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі қарыздар бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыруға өтінім берді», – деді О.Смоляков.Айта кетейік, Президент төтенше жағдайға байланысты Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігіне бірқатар жедел шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Осыған орай елімізде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы әзірленді.
«Барлық қарыз (микрокредит) бойынша төлемдердің мерзімі өтіп кеткені үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар есептеуге тыйым салынды, сондай-ақ төлемдер мерзімінің өтіп кетуі күнтізбелік 90 күннен асатын жеке тұлғалардың кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша сыйақы есептеуге тыйым салынды. 2020 жылғы 16 наурыз – 15 маусым аралығындағы кезеңде банктік қарыз және микрокредит шарттары бойынша төлемдердің мерзімін кейінге қалдыру арқылы жеке және заңды тұлғаларға негізгі борыш пен сыйақы төлеу тоқтатыла тұрады», – деді О.Смоляков.Аталған талаптар барлық екінші деңгейлі банктерге, ломбардтарды қоса алғанда, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын мекемелерге, онлайн-кредит беру компанияларына бірдей жүреді. Ал төлемдерді кейінге қалдыру жеңілдігі жеке тұлғаларға, халықтың әлеуметтік осал топтарына, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, жұмыссыз ретінде тіркелгендерге және қаржылық қиын жағдайдағы өзге де азаматтарға қарастырылып отыр.
Дастан ДУМАНҰЛЫ