Тараздағы тәртіпті атты әскер бақылайды
Тараздағы тәртіпті атты әскер бақылайды
204
оқылды
Бүгінде әлемдік пандемиямен күресте өңірлер шекара­сын қымтап, барынша сақтық шарасын күшейтуде. Алайда адамнан айла артылмай, тұрғындар карантин режимін бұзып, блок-бекетті айналып өтуге тырысуда. Осыған орай, Жамбыл облысында ереже бұзушылардың жолын кесу мақсатында атты әскерлер тартыла бастады. Осылайша,Тараздың айнала­сына қойылған блок-бекеттердің жұ­мысы атты әскери патрульмен кү­­шейтілді. Жауынгерлік ке­зек­­шілікке «Оңтүстік» өңір­лік қолбасшылығы тау-қо­рық бөлім­шесінің әскери қызмет­ші­лері мен жауынгерлік аттары көмектесуде. Кезекші топтың міндеті – Тараз қала­сына баратын ауыл жолдарын тору, тексерістен өтпеген авто­көліктердің қалаға кіруіне жол бер­меу және қоғамдық тәр­тіп­ті сақ­тау. Таразда карантин режимі енгі­зілгеннен кейін, қалаға кіруге рұқ­сат алмаған автокөлік иелері төте жолды, әсіресе елді мекен жо­лын пайдалануға тырысуда. Енді «Оңтүстік» өңірлік қолбас­шы­лығының 91678 әскери бөлі­мі блок-бекеттерді айналып өт­пек болғандардың адымын аш­тыр­майды. Айта кетейік, бұл – Қа­зақстан Қарулы Күштерінің құрамында әскери бірлік ретінде жылқылармен қамтылған жалғыз бөлімше. Әскери бөлімнің біре­гейлігі ретінде оның құра­мын­да тау-атқыштар, тау-кен қорықшы, жүк көтеру-көлік роталары жұмыс істейтінін атап өтуге болады. Тау-кен қорықшы бөлімінің орналасқан пунктінен Тараз қа­ласына 30 жауынгерлік ат бө­лін­ген. Оларды патрульдеу кезінде ұстау үшін Тараз гарнизо­нының әскери бөлімдері­нің бірінің база­сында қора салынып, жемшөп жет­кізу мәселесі шешілді. Жылқыларды басқару және олармен жауынгерлік кезек­шілік шараларын тәжірибелі әскерилер атқаруда. 91678 әс­кери бөлімінің командирі, майор Еркін Жоламановтың айтуынша, Тараз маңындағы блок-бекеттер аумағында жауынгерлік кезек­ші­лік жұмыстарын атқару үшін бөлімнен ең үздік және барынша дайындалған әскери қызметшілер мен жауынгерлік аттар жіберілген.
– Біздің жылқылар жауын­герлік дайындықтан өтіп оты­рады. Олар бұйрықты түсі­не­ді, у-шудан қорықпайды. Олар­­­мен машина өте алмайтын кез келген жерде патрульдеуге болады. Сондықтан енді ере­же бұзу­­шылардың адымын аштыр­май­мыз, – дейді тау-кен егерлік ро­та­сының командирі, Тараздағы ат па­трульдерінің жұмысын бас­қа­рып жүрген аға лейтенант Бекдаир Тө­легенов.
Аталған бөлім әскери қызмет­шілері 2019 жылы Моңғолияда «АрМИ-2019» әскери халықара­лық ойындары аясында өткен «ат марафоны» байқауында жүл­­де­лі 2-орыннан көрінген. Бұл – олар­дың жоғары кәсіби шебер­лі­гін көрсетеді.
– Ат патрулінен басқа, Таразда жеті блок-бекеттің әрқайсысында ішкі істер органдарының өкілде­ріне көмек ретінде бір топ әске­ри қыз­метшілер тәулік бойы кезек­ші­лік етеді. Сондай-ақ біздің әс­кери қызметшілер әскери поли­ция­мен бірге қала ішінде бақы­лау жұмысын жүргізуде. Ал жеке жұмыс фронты көше­лер­ді дезинфекциялық өңдеу­мен айналысуда. Жұмыс Қазақ­стан­­ның барлық оңтүстік ай­мағы бойынша жүргізіледі, – дейді «Оңтүстік» өңірлік қол­бас­­шы­лы­ғы әскерлерінің қолбас­шы­сы, генерал-майор Қайдар Қарақұлов.
Осылайша, Тараз тұрғын­дары­ның қауіпсіздігін қамтамасыз ету­ге атты әскер мен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының білікті жауын­герлері келіп отыр. Бұл коро­навирус індетіне тосқауыл қойып, індеттің белең алуына жол бер­мейді деп сенеміз.  

 width= Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы